Аңыз адам

12 Сәуір 2013, 05:34

  Қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы туралы. Ол туралы әңгімелер аңыз секілді. Оны замандастары Шоқ деп атайды екен. Шынында да оның өмірі қып-қызыл шоқ… Шоқыр Бөлтекұлы! Басқасын қайдам, былғары қолғап киген қазақ баласы үшін бұл – пірлі есім… Сонау 1916 жылы Маңғыстаудың Жармыш ауылының маңындағы Сарқауақ деген жерді қоныстанған балықшы Бөлтек дүниеге келген баласының атын Шоқыр деп қойды. Тұмсығы тасқа тимей қайтпайтын бекіре тұқымдас балықты білесіз бе? Атына заты сай – Бөлтекұлы Шоқыр қараша күз туа жарық дүниенің есігін ашыпты. Оның балалық шағы қазақ тарихының ең бір азалы да, азапты тұсы. Отызыншы жылдардағы ашаршылықпен арпалыса жүріп, Форт-Шевченко қаласындағы жетімдер үйіне қабылданып, ер жетті. Шоқырдың жасы он алтыға толған жылы Алматыда дене тәрбиесi техникумы ашылады. Ол 1939 жылы аталған оқу орнын бітірген соң, екі жыл Кеңес армиясы құрамында Сібір әскери округінде әскери борышын өтейді. Өзі де жетімкөкірек өскеннен бе, қай жерде жүрсе де қараусыз, қамқорсыз қалған көшенің қаратабан тентектерін, бағусыз қалып, базар жағалағандарды маңдайынан сипап, ізіне ертіпті. Шәкірт жинап, оларды әуесқой боксқа баулуды 1936 жылы бастапты. Сол кездегі алғашқы құрылған «ТЕМП» спорт қоғамының қабырғасында қазақ баласы былғары қолғапты тұңғыш киіп, үйрене бастады. Кейін бұл спорт «Динамо», «Спартак», «Медик», Қарағандыдағы «Көмірші» секілді қоғамдарға ұласып, кең етек жая бастайды. Шоқыр өзінің жетекшілігімен 1937 жылы бокстан Алматы қаласының ресми біріншілігін ұйымдастырады. Оған 50 спортшы қатысқан. Қазақ боксы қаз тұрған шағында сұрапыл соғыс өрті тұтанды. Шоқыр секілді азаматты қан майданнан қақпаласаң да тоқтата алмайсың, өйткені ер азамат үшін отан қорғаудан асқан парыз жоқ. Бөлтекұлының соғыстағы жауынгерлік өмірі арнайы зерттеуді қажет етеді. Өйткені, бейбіт күндегі тағдырының беймәлім тұстары көп тұлғаның соғыстағы сәттерін сурылып айтып беретін кісі таппайсың. Өзі секілді артында жоқтаушысы жоқ, жетімдер үйінен шыққан жетімектерден өлімге даярланған арнайы тобы құрылыпты. “Әкем сол топта болған”, – деп еске алады, бүгінде Шоқыр атамыздың қызы Тоты. «Жиырма жеті адам болдық. Жау шабуылға шыққан кезде біздерге кейін қайтуға рұқсат жоқ деген бұйрық болды. Талықсып барып есімді жинасам, қасымдағы татар жолдасым ғана қалыпты. Оның да екі аяғы бірдей жараланған. Сүйрей жөнелдім. Ол маған, мені таста қайтесің, өзің құтыл десе де тастамадым. Өйткені ол менің аман қалған күнде де өзімнің жау қолына түспей, антымды бұзбай келгенімнің жалғыз куәсі еді. Күртік қардың астын қазып алып, талдың тамырын талғажау қылып екі күн шыдадық. Біздің топты осындай жағдайларға алдын ала мықтап дайындаған болатын, соның арқасында аман қалдық». Бұл әңгімені әкемнің өз аузынан естіп едім. Соғыс туралы тіс жарып әңгіме қылмаушы еді. Өйткені, әкемді соғыстан кейін күдіктенген болу керек, көп тексеріпті. “Тегің неге Бөлтекұлы?” – деп тиісетіндері де сол кезде. Сонда әкем: “Бөлтектен тудым, сондықтан Бөлтекұлымын”, – деп жауап беріпті. Әкемді тексергендер: «Ағайын-тумаң бар ма?» – деп сұраса, ол: «Ешкімім жоқ, жалғызбын, жетіммін», – деп қысқа қайыратын. Ал, әкемнің Серікқали деген ағасы соғыста қайтқанын, Арзу деген апасы болғанын білетін біздерге «ешкімім жоқ деп айтыңдар» деп үйрететін. Сөйтсем, кейінгі жерде ағайын-тумаға зияным тиеді деп қауіп еткен екен ғой», – дейді Тоты Шоқырқызы. Дереккөзі: Әнуарбек БИМАҒАМБЕТ, Caspinfo.kz 

 

Қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы туралы. Ол туралы әңгімелер аңыз секілді. Оны замандастары Шоқ деп атайды екен. Шынында да оның өмірі қып-қызыл шоқ… Шоқыр Бөлтекұлы! Басқасын қайдам, былғары қолғап киген қазақ баласы үшін бұл – пірлі есім… Сонау 1916 жылы Маңғыстаудың Жармыш ауылының маңындағы Сарқауақ деген жерді қоныстанған балықшы Бөлтек дүниеге келген баласының атын Шоқыр деп қойды. Тұмсығы тасқа тимей қайтпайтын бекіре тұқымдас балықты білесіз бе? Атына заты сай – Бөлтекұлы Шоқыр қараша күз туа жарық дүниенің есігін ашыпты.

Оның балалық шағы қазақ тарихының ең бір азалы да, азапты тұсы. Отызыншы жылдардағы ашаршылықпен арпалыса жүріп, Форт-Шевченко қаласындағы жетімдер үйіне қабылданып, ер жетті. Шоқырдың жасы он алтыға толған жылы Алматыда дене тәрбиесi техникумы ашылады. Ол 1939 жылы аталған оқу орнын бітірген соң, екі жыл Кеңес армиясы құрамында Сібір әскери округінде әскери борышын өтейді. Өзі де жетімкөкірек өскеннен бе, қай жерде жүрсе де қараусыз, қамқорсыз қалған көшенің қаратабан тентектерін, бағусыз қалып, базар жағалағандарды маңдайынан сипап, ізіне ертіпті. Шәкірт жинап, оларды әуесқой боксқа баулуды 1936 жылы бастапты. Сол кездегі алғашқы құрылған «ТЕМП» спорт қоғамының қабырғасында қазақ баласы былғары қолғапты тұңғыш киіп, үйрене бастады. Кейін бұл спорт «Динамо», «Спартак», «Медик», Қарағандыдағы «Көмірші» секілді қоғамдарға ұласып, кең етек жая бастайды.
Шоқыр өзінің жетекшілігімен 1937 жылы бокстан Алматы қаласының ресми біріншілігін ұйымдастырады. Оған 50 спортшы қатысқан. Қазақ боксы қаз тұрған шағында сұрапыл соғыс өрті тұтанды. Шоқыр секілді азаматты қан майданнан қақпаласаң да тоқтата алмайсың, өйткені ер азамат үшін отан қорғаудан асқан парыз жоқ. Бөлтекұлының соғыстағы жауынгерлік өмірі арнайы зерттеуді қажет етеді. Өйткені, бейбіт күндегі тағдырының беймәлім тұстары көп тұлғаның соғыстағы сәттерін сурылып айтып беретін кісі таппайсың. Өзі секілді артында жоқтаушысы жоқ, жетімдер үйінен шыққан жетімектерден өлімге даярланған арнайы тобы құрылыпты. “Әкем сол топта болған”, – деп еске алады, бүгінде Шоқыр атамыздың қызы Тоты.

«Жиырма жеті адам болдық. Жау шабуылға шыққан кезде біздерге кейін қайтуға рұқсат жоқ деген бұйрық болды. Талықсып барып есімді жинасам, қасымдағы татар жолдасым ғана қалыпты. Оның да екі аяғы бірдей жараланған. Сүйрей жөнелдім. Ол маған, мені таста қайтесің, өзің құтыл десе де тастамадым. Өйткені ол менің аман қалған күнде де өзімнің жау қолына түспей, антымды бұзбай келгенімнің жалғыз куәсі еді. Күртік қардың астын қазып алып, талдың тамырын талғажау қылып екі күн шыдадық. Біздің топты осындай жағдайларға алдын ала мықтап дайындаған болатын, соның арқасында аман қалдық». Бұл әңгімені әкемнің өз аузынан естіп едім. Соғыс туралы тіс жарып әңгіме қылмаушы еді. Өйткені, әкемді соғыстан кейін күдіктенген болу керек, көп тексеріпті. “Тегің неге Бөлтекұлы?” – деп тиісетіндері де сол кезде. Сонда әкем: “Бөлтектен тудым, сондықтан Бөлтекұлымын”, – деп жауап беріпті. Әкемді тексергендер: «Ағайын-тумаң бар ма?» – деп сұраса, ол: «Ешкімім жоқ, жалғызбын, жетіммін», – деп қысқа қайыратын. Ал, әкемнің Серікқали деген ағасы соғыста қайтқанын, Арзу деген апасы болғанын білетін біздерге «ешкімім жоқ деп айтыңдар» деп үйрететін. Сөйтсем, кейінгі жерде ағайын-тумаға зияным тиеді деп қауіп еткен екен ғой», – дейді Тоты Шоқырқызы.

Дереккөзі: Әнуарбек БИМАҒАМБЕТ, Caspinfo.kz 

Бөлісу: