9 Қараша 2012, 02:36
Соңғы редакциялау:
18 қазан 2012
ИРАК-КУВЕЙТ СОҒЫСЫ – 1990 – 91 ж. болған соғыс. Осының алдындағы Иран-Ирак соғысы салдарынан Ирак үкіметі Кувейтке 20 млрд. АҚШ долл-ы көлемінде қарыз болды. С.Хусейн үкіметі Парсы бұғазындағы Кувейттің мұнай қорлары Иракқа тиесілі деп есептеп, қарыз төлеуден бас тартты, әрі аталған жерлерді Иракқа беруді талап етті. 1990 ж. 2 тамыз күні Ирак әскерлері Кувейтке басып кіріп, елді толығымен жаулап алды. 8 тамыз күні Ирак үкіметі Кувейттің Иракқа “толығымен әрі біржолата қосылғандығын” жариялады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ирактың Кувейтті басып алуын заңсыз деп тапты және әскерлерін елден дереу шығаруын талап етті. 1991 ж. 15 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Иракқа Кувейттен әскер шығаруға белгілеген мерзімі бітті де, 17 қаңтар күні 29 мемлекеттен тұратын біріккен күштер (негізінен, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, кейбір араб елдері) Кувейтті азат етуге кірісті. 26 ақпанда Кувейт толық азат етіліп, БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі екі елдің мемлекетік шекараларын бекітіп берді. И.-К. с. аймақтағы саяси жағдайды қатты ушықтырды. Туысқан араб елдері арасына жік түсті. Ирак басқыншылығын Ливия, Йемен, Палестинаны азат ету ұйымы қолдағанымен, қалғандары оған қарсы шықты, кейбіреулері (Сауд Арабиясы, Египет, т.б.) С.Хусейн режиміне қарсы бағытталған “Шөлдегі боран” операциясына белсене қатысты. Бұрын тек өз күштеріне сүйеніп келген Кувейт осы соғыстан кейін АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей елдерімен әскери байланыс жөнінде келісім жасасты. Соғысқа дейін Кувейт халқының тұрмыс деңгейі жөнінен алғашқы ондыққа кіретін. Ирак басқыншылығы елді аса қиын жағдайда қалдырды. Дегенмен, Кувейт 1993 ж. мұнайды экспорттауды соғысқа дейінгі деңгейге жеткізіп, өз жағдайын түзеуге кірісті. Әскері талқандалғаннан кейін Ирак БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шешімдерін ресми түрде мойындауға мәжбүр болды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен құрылған арнайы комиссия Ирактың жаппай қырып жою қаруларын жасауына тыйым салу үшін елде тексеру жүргізуге кірісті. БҰҰ-ның көп ұлтты әскерлері Ирактың солт. және оңт. аймақтарын өз бақылауларына алып, ол жерлерде әскер шоғырландыруға, ұшақтар ұшыруға тыйым салды. Елдің ішкі-сыртқы саудасын шектеп, оған тек шектеулі мөлшердегі мұнай өнімдеріне азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуына рұқсат етті. 1994 ж. 10 қарашада Ирак үкіметі Кувейттің БҰҰ бекіткен мемлекеттік шекаралары мен терр. тұтастығын түпкілікті мойындайтынын мәлімдеді.
К. Қожахметұлы
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 4-том