8 Қараша 2012, 19:15
Соңғы редакциялау:
23 қазан 2012
МЕМЛЕКЕТТІК ҚАРЖЫ – экономиканы реттеуге, азаматтардың әлеуметтік қажеттіліктерін, қорғаныс және мемлекеттік басқару мұқтаждарын қанағаттандыруға, мемлекеттік борышты өтеуге, т.б. арналған мемлекеттік ақша қорларын құрау мен пайдалануға байланысты құндық бөлу үдерісінде туындайтын ақша қатынасы. Елдің қаржы жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады. М. қ. экон. мазмұнына қарай әртекті болып келеді, онда мемл. бюджет, мемл. бюджеттен тыс қорлар, мемл. несие, мемл. және жергілікті (муниципалдық) кәсіпорындардың қаржысы қамтылады. М. қ-ның аталған буындарының сан алуан атқарымдық мақсатына орай мемлекет қоғамда болып жатқан экон. және әлеум. үдерістерге түрліше ықпал етеді, салалық және аумақтық мәселелердің қолайлы шешімін табады.
М. қ-да мемл. бюджет аса маңызды рөл атқарады. Оның көмегімен қаржы ресурстары мемлекет қорына жұмылдырылады. Солардың есебінен мемл. мақсатты бағдарламалар қаржыландырылады, экономиканы тұрақтандыру, әлеум. саланы қаржыландыру, халықар. және ішкі мемл. міндеттемелерді орындау, елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету, қарулы күштерді ұстау, мемл. басқару шаралары жүргізіледі. Бюджеттен тыс мемл. қорларды мемл. билік органдары басқарады. Оларға азаматтардың конституц. құқықтарын (олардың тегін мед. көмек алу, денсаулығын қорғау, сырқаттығына, мүгедектігіне байланысты, жұмыссыз қалғанда, асыраушысынан айрылғанда, перзент туғанда және тәрбиелегенде, т.б. жағдайларда әлеум. қамсыздандырылу құқығын) іске асыру үшін құралатын әлеум. мақсаттағы бюджеттен тыс мемл. қорлар, мин-тер мен идаралардың қарамағындағы мақсатты респ. және аймақтық қорлар (инновац., экол., аймақтық даму қорлары, т.б.) жатады. Мемл. несие заңды және жеке тұлғалардың уақытша бос қаражатын жұмылдыруға мүмкіндік береді, бұл қаражат бюджеттік кіріспен қамтамасыз етілмеген шығыстарды қаржыландыру үшін респ. және жергілікті билік органдарының қарамағына ақылы және қайтарылатын негізде түседі және бюджет тапшылығын жабуға мүмкіндік береді, ақша айналысы саласында туған қиыншылықты бәсеңдетеді.
Мемл. кіріс пен мемл. шығыс М. қ-ның атқарымдық нысаны болып табылады. Мемл. кіріс қаржы қатынастарының қаржы ресурстары мемл. билік органдарының қолына жиналып, мемл. кәсіпорындардың қарамағына берілетін бөлігі болып табылады. Қаржы ресурстарын бір орталыққа жұмылдыру мемлекеттің бірыңғай қаржы саясатын жүргізуіне, өндірістік және әлеум. инфрақұрылымды дамытуына, экономиканың жалпы тиімділігін арттыру мақсатымен оны реттеу мүддесі үшін қаражатты қайта бөлуіне, белгіленген әлеум. стандарттар шегінде азаматтардың әлеум. қажеттерінің қанағаттандырылу деңгейін теңестіруіне мүмкіндік береді. Мемл. кірістің басты көзі – ұлттық табыс. Бірақ төтенше жағдайлар мен оқиғалар (соғыс, апат, т.б.) басталған кезеңде мемл. кірістің құралу көзі ретінде бұрыннан жинақталып келе жатқан ұлттық байлық іске қосылады. Мемл. кірістің құралуында салықтар басты орын алады. Сонымен қатар мемл. меншікті пайдаланудан (дивиденд), мемл. мүлікті сатудан (жалға беруден) түсетін түсімдер де М. қ-ны бірте-бірте көбейте береді.
Мемл. шығыс қаржы ресурстарын мемл. қажеттіліктерді өтеуге пайдаланумен байланысты туындайтын қаржы қатынастарынан көрініс табады. Мемл. шығыстың мазмұны мен сипаты мемлекеттің экон., әлеум., басқарушылық, әскери (қорғаныстық) міндеттерімен тікелей байланысты. Шығыс экономика мен әлеум. саланы дамыту, мемл. басқаруды жүзеге асыру, мемл. шекараны қорғау, елдегі ішкі тәртіпті қолдау кезінде қоғамның аса маңызды қажеттерін қанағаттандыруға тиіс. Мемлекет бұл орайда мемл. басқару органдары жүйесі арқылы да, өзіне тиесілі кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер арқылы да өз міндеттерін тікелей орындайды. Мемл. шығыс мемлекеттің тікелей шығысынан (бюджеттік және бюджеттен тыс қорлар арқылы) және нақты бизнесті инвестициялау, әлеум. мақсаттағы бюджеттен тыс мемл. қорлар құрау, мемлекеттің басқа да қажеттерін қанағаттандыру жолымен экономиканы реттеу мақсатында жұмсалатын мемл. кәсіпорындардың шығысынан құралады. Шаруашылықты жүргізудің түрлі жүйелерінде (нарықтық және әміршілдік-әкімшілдік жүйелерде), тіпті экономиканың дамуының түрлі кезеңдерінде де мемлекеттің рөлі, оның міндеті мен қызмет аясы, соған орай мемлекет жұмсайтын шығыстың құрылымы мен көлемі де өзгеріп отырады.
С. Тоқсанбай
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 6-том