8 Қараша 2012, 18:48
Соңғы редакциялау:
23 қазан 2012
МҰСТАФИН Ғабиден (29. 11.1902, Қарағанды обл. Бұқар жырау ауд. Жауыр тауы – 20.1.1984, Алматы) – жазушы, Қазақстан ұА корр. мүшесі (1958), Қазақстанның халық жазушысы (1984), қоғам қайраткері. Ауыл молдасынан ескіше сауат ашып, 14 жасында Спасскі з-тының табельшісінен бір жыл орысша оқиды. Сондағы бес жылдық орыс-қазақ мектебін бітірген (1916). 20-жылдардан бастап ауылдағы кеңес жұмыстарына араласты. 1925 жылдан білімін көтеру мақсатында Қызылордаға келіп, оқуға түсе алмай, өлкелік сотта іс-қағаздарды тіркеуші болып істеді. Түскен шағымдарды негізге ала отырып, ел ішіндегі заңсыздықтар туралы мақалалар жазуға үйренді. Жазушылыққа ұмтылысы да осы кезеңдерден басталды. 1925 – 64 ж. Қарағанды шахтасында темір жонушы (токарь), “Қарағанды пролетариаты” (қазіргі “Орталық Қазақстан”) газетінің жауапты хатшысы, Новосібірде шыққан “Қызыл ту” газетінің, “Әдебиет майданы” (қазіргі “Жұлдыз”) журналының қызметкері, редакторы, ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы (1953 – 56, 1962 – 64) қызметтерін атқарды. Алғашқы әңгімесі “Сәрсен мен Боқаш” (1927) “Жыл құсы” альманағында жарияланса, тұңғыш жинағы “Ер Шойын” (1929) деген атпен шықты. 1940 ж. Қарағанды шахтерлерінің өмірінен жазылған “Өмір не өлім” атты тұңғыш романы жарияланды. Бұл кітап үлкен шығарм. жолдың бастауын белгілеген еңбек еді. Қаламгер алғашқы романынан-ақ қазақ топырағындағы өндіріс тақырыбын қозғады, шығармада бұрын жабылып қалған өндірістің Кеңестік кезеңде қайта ашылуы суреттелді. Автор осы жолдағы күресті кейіпкерлер әрекеті арқылы біраз шиеленістіріп, жұмысшы табының бейнесін жасады. Бірақ тартыстың жасандылығы роман кейіпкерлері бейнелерінің әлсіз шығуына, композициясының босаңдығына әсер етпей қоймады. Кейін бұл тақырыпқа қайта оралып, М. дәуір шындығы мен өндіріс адамдарын суреттеуде едәуір табыстарға жетті. Соғыс жылдарында “Құлаған құз”, “Алынған кек”, “Басқа пәле тілден”, “Айғақ” (1942), “Тұтқын”, “Күлмеген адам”, “Керуен” секілді шағын туындылары өмірге келді (“Жиырма бес”, 1953). Соғыстан кейін ол кең көлемді прозада қалам тартып, тары дақылынан мол өнім алуда дүниежүзіне танымал болған Шығанақ Берсиев өмірінен “Шығанақ” повесін жазды (1945). Соғыс жылдарында еңсесі түскен елге ерен еңбегі арқылы көмек көрсетіп, демеу болған ақтөбелік диқан Шығанақтан да басқа мұнда еңбек адамдарының кесек тұлғалары көрініс тапқан. Шығармада қажырлы еңбектің нәтижелі жемісі сөз етіледі. Ауыр арпалыс нәтижесінде жеткен жаңа өмірдің күрделі де қиын жолын үлкен суреткерлікпен жазады. Бұл өз кезеңінде ұрпақты еңбек сүйгіштікке, табандылыққа, адалдыққа жетелейтін, тәрбиелік мәні жоғары шығарма болды. “Миллионер” повесі (1948) соғыстан кейінгі халық өмірін, а. ш-ндағы өзгерістерді бейнелеуге арналған. Повесть бірнеше шет тілдерге аударылған (ағылшын, неміс, француз, испан, поляк, чех, болгар, венгр, қытай, т.б.), шығарма желісі бойынша осы аттас пьеса да жазылған. Ол “Қарағанды” (1952), “Дауылдан кейін” (1960), “Көз көрген” (1963) романдарын жазды. Бұл шығармалар идеялық-көркемдік қуатының молдығымен қазақ әдебиетіне зор үлес болып қосылып, жазушыны әдебиеттің аса көрнекті өкілдерінің қатарына көтерді. М. шығармалары шетел тілдеріне аударылып, оқырмандардан өз бағасын алды. М-нің шығармалары 20 ғ. басындағы дүрбелең оқиғалар мен қоғамдағы жаңалықты, ел басынан өткерген ауырпашылықты кеңінен суреттеуімен құнды. Мұнда М. өзі өмір сүрген дәуірдің панорамалық суреттерін жасап, қиыншылықтарды жеңе отырып, ілгері ұмтылған қоғамды, ондағы адамдар қарым-қатынасын көркем бейнелейді. Кеңестік дәуір әдебиетінде көрнекті шығармалардың біріне айналған “Қарағанды” романы (1952) – ел экономикасын көтерген өндіріс ошағы мен сол өңірдегі жұмыскерлер, зиялылар турасындағы кең тынысты, күрделі роман. М. бұл шығармасында “Өмір мен өлім” романының кейбір сюжеттік желісін пайдалана отырып, ұлттық зиялылар қауымының қалыптасу кезеңін нанымды бейнелейді. Кейіпкер тағдырын қайшылықты оқиғалар легі арқылы өткір, ұтымды көрсетіп, адамдар әрекетін уақыт тұрғысынан емес, адамгершілік ұстаным тұрғысынан тануға ұмтылды. Әлеум.-психол. тереңдігімен ерекшеленетін “Дауылдан кейін” романы (1960) 20-жылдардың орта кезіндегі қазақ ауылындағы өзгерістерді көрсетуге арналған. Көркемдік сапасы, шынайылығы, психол. сезім күйлерін суреттеудегі шеберлігі, образдарының жан-жақты ашылуы, оқиғаларының күрделілігі жағынан роман қаламгердің елеулі табысы саналды. Шығармадағы өмір шындығы “Көз көрген” романында (1963) отаршылдық пен езгіге қарсы күрес арқылы жалғасын тапты. Өз өмірінен және өзімен тұстас аға буынның басынан кешкен тарихи кезеңдері жайында мағлұмат беретін мемуарлық трилогия жазуды жоспарлаған М. “Көз көргенді” дүниеге әкелді. М. шығармаларының негізгі тақырыбы – өндіріс өмірі мен ауыл тіршілігінің тынысы. Қаламгер туындылары ерекше қуат-жігерге, қуанышқа толы. М. қаһармандары – өз еңбектерімен тарихи табыстарға жеткен жандар. Олар аға буынның қажырлы рухын, биік мақсаты мен арманын, мағыналы ғұмырын паш етеді. Жомарт, Жанат, Алма секілді жастардың халық алдындағы перзенттік, азаматтық парызды ақтау талабынан туған ізденісі мен махаббатты қастер тұтатын қасиеті – қазіргі ұрпақтың рухани тәрбиесінде жәрдемі болары сөзсіз. М. шығарм-ның елеулі ерекшелігі оның өзіндік стилінде. Ол сөйлемді қысқа құрып, аз сөзге көп мағына береді. Тілі қарапайым да жатық, ұғымға жеңіл, оралымды, ұтымды. Халықтың қанатты, бейнелі сөздерін орынды пайдаланумен қатар өз тарапынан да өткір, ықшам сөз тіркестерін жиі қолданады. Әдеби-сын мақалаларында елдің, ұлттың жайын қозғап, әдебиеттің бүгіні мен ертеңі, дамуы турасындағы тың ой-тұжырымдарын жазды (“Ой әуендері”, 1974).
М. шығарм-пен қатар қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласты. Ол 5-ші сайланған КСРО Жоғ. Кеңесінің (1954), 6 – 9 сайланған Қазақ КСР Жоғ. Кеңесінің депутаты (1962 – 78) болды. Мемл. сыйл. лауреаты (1978). Ол 2 мәрте Ленин, 2-дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл ту ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.
С. Қирабаев
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 6-том