8 Қараша 2012, 18:00
Соңғы редакциялау:
23 қазан 2012
ҚОЖАМҚҰЛОВ Серәлі, Серке (5.5.1896, қазіргі Қостанай обл. Қарабалық ауд. 13 а. – 31.12.1979, Алматы) – актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі. Қазақстанның халық арт. (1936). Троицкідегі “Уазифа мектебінде” оқыған (1913 – 16). Кейін қысқа мерзімді дайындықтан өтіп, сот мекемелерінде тергеушілік қызмет атқарды. Елдегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, оқыған қазақ жастарының 1918 ж. Қостанай қ-нда құрылған “Қызыл ке-руен” атты драм. труппасына қатысты. 1920 – 22 ж. Орынбор қ-ндағы Татар халық ағарту ин-тында білім алды, осы кезеңде “Мұсылмандар клубында” Б.Майлиннің “Қаламқас”, “Бетім-ау, құдағи ғой”, “Қасқырбай”, “Неке қияр”, т.б. шағын пьесаларда жеке рөлдерді ойнады. 1922 ж. Орынбордағы “Қазақстан комсомол жастарының кіндік клубы” аптасына бір рет өткізетін “Шығыс кештерінде” М.Әуезовтің “Еңлік – Кебек” пьесасындағы Еспембет рөлін алғаш рет ойнады (кейін бұл рөл Қ-тың сахнадағы үздік тұлғасына айналды). Өзі де “Подвод” деген күлдіргі скетч жазып, сахнаға шығарды. Сықақшының бұл туындысы кейін 1929 ж. “Қызыл Қазақстан” журналының 13-санында жарияланды. 1925 ж. Қызылорда қ-нда тұңғыш ұйымдастырылған кәсіби Қазақ драма театры Қ-тың актерлік өміріне даңғыл жол салған елеулі оқиға болды. Театрға И.Байзақов, Ә.Қашаубаев, Е.Өмірзақов, Қ.Қуанышбаев, Ж.Шанин, Ә.Абдуллин, т.б-мен бірге Қ. та шақырылды. Осы тұста сахна өнерінен тәжірибесі мол Қ. драма театрының алғашқы режиссері болды. Театр 1926 ж. 13 қаңтарда ресми түрде ашылып, Қ-тың басшылығымен бірнеше спектакльді сахнаға шығарды. Актердің бұл кезеңдегі басты табысы Ж.Тілепбергеновтің “Перизат – Рамазан” (1928) пьесасындағы Ақылбайдың тұлғасы болды. Шенқұмар да жағымпаз, парақор милиция бастығының екіжүзді бейнесін тамаша өрнектеп, көрермендерді күлкіге кенелткен Қ. 20-жылдар сахнасында айшығы қанық сатиралық кейіпкердің тұлғасын жасады. Актердің тап осындай елеулі табысының бірі 30-жылдардың басында ойнаған рөлі – ауданнан келген әумесер уәкіл Талтаңбайдың тұлғасы болды (Б.Майлин, “Талтаңбайдың тәртібі”). Қ. әсіресе ауыл адамдарына етене таныс, дойырлығы мен топастығы, пайдакүнемдігі мен айласы, жемқорлығы мен сараңдығы, арамдығы мен қорқақтығы қатар жүретін, ақылы шолақ, жағымсыз да күлкілі образдарды ойнағанда әрқилы адамдардың мінез-құлқын, іс-әрекеттерін, жүріс-тұрысын қайталанбас шеберлікпен, көркем мүсіндей алатындығын танытты. Актер ерекше шабытпен сомдаған кертартпа, биліктің тұтқасынан айрылғысы келмейтін Еспембет (актер бұл рөлді 50 жыл бойы ойнады), Жабай, Жиренше, Майбасар (М.Әуезов, “Еңлік – Кебек”, “Қарагөз”, “Абай” спектакльдері), Қарашешен (Ж.Шанин, “Арқалық батыр”), Өкендау (І.Жансүгіров, “Кек”), дүниеқоңыз, құлқынның құлдары Қарабай (бұл рөлді 40 жыл бойы ойнады), Қоңқай (Ғ.Мүсірепов, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Ақан сері – Ақтоқты”), Көдебай (Б.Майлин, “Майдан”), жемқор Шардақбай (Қ.Қуанышбаев пен Ш.Хұсайынов, “Шаншарлар”), байлығына сеніп, мастанған Маман, өркөкірек Көбікті (М.Әуезов, “Айман – Шолпан”, “Қарақыпшақ Қобыланды”), Шығай хан (Ш.Хұсайынов, “Алдар көсе”), алаяқ саудагер Малтабар (С.Мұқанов, “Шоқан Уәлиханов”) рөлдері Қ. сомдаған сахналық тұлғалардың классик. үлгілері болып саналады. Сатиралық образдар жасаудың шебері саналатын Қ. бірқатар қарапайым еңбек адамдарының жағымды бейнелерін де сахнаға шығарды. Актер сомдаған шахтерлер Тәнеке (“Сын сағатта”), Арпабай (“Тас түлектер”), ертекші Баймағамбет (“Абай”), ұста Ахмет (“Миллионер”), Тайман (“Достық пен махаббат”), шаруа Лау Куок Оань (“Вьетнам жұлдызы”), ұста Обухов (“Сүңгуір қайық”), комиссар Кошкин (“Любовь Яровая”), жауынгер Петренко (“Намыс гвардиясы”), Бекен ақсақал (“Бөлтірік бөрік астында”), т.б. рөлдер қарапайым да шынайылығымен есте сақталады, кең тынысты актердің мол мүмкіндіктерін жаңа қырынан танытқан тұлғалар болып есептеледі. Қ. сахнада ойнаған Яго, Слай (У.Шекспир, “Отелло”, “Асауға тұсау”), Яичница, Земляника (Н.Гоголь, “Үйлену” мен “Ревизор”), Лука (М.Горький, “Шыңырау түбінде”) образдары әлемнің классик. тұлғаларын жасауға қосқан қомақты үлесі болып табылады. Актер 30-жылдардан бастап кинофильмдерге түсіп, Кеке (“Райхан”), Бекет (“Амангелді”), жылқышы (“Ана туралы аңыз”), ұста (“Ән қанатында”), теміржолшы (“Тыныштық”), т.б. бейнелері арқылы Қазақстанның жас кино өнерінің қалыптасуына белсене атсалысты. Қ. өз ізбасарларын, жас актерлерді тәрбиелеуші ұстаз ретінде де көп жұмыстар атқарды. Ол “Шығыс бұлбұлы атанған” атақты әнші Күләш Байсейітованың дара талантын алғаш таныған, Х.Бөкеева, К.Қармысов, С.Телғараев, Ә.Үмбетбаев, С.Майқанова, Ы.Ноғайбаев, Ж.Өгізбаев, Р.Сәлменов, Н.Жантөрин, Ш.Жандарбекова, М.Сыздықов, Қ.Әділшинов сынды болашақ өнер саңлақтарын үлкен сахнаға әкеліп, актерлік шеберлікке баулыған. Сондай-ақ ол қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Республика Жоғ. Кеңесіне екі мәрте депутат болып сайланды, СОКП ОК-нің 12 съезіне, Қазақстан КП-ның съездеріне делегат болып қатысты, Қазақстанның Мәскеуде өткен онкүндіктерінде (1936, 1958) өнер көрсетті. Актердің осындай жемісті еңбегі жоғары бағаланып, оған КСРО Мемл. сыйл. (1952), ҚазКСР Мемл. сыйл. (1970), Соц. Еңбек Ері (1976) атағы берілді. Үш рет Ленин орденімен, Октябрь революциясы, ІІ дәрежелі Отан соғысы, “Еңбек Қызыл Ту”, “Құрмет Белгісі” ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Халық артисі туралы реж. Қ.Әбусейітов “Сераға” деген деректі фильм түсірді, комп. Ә.Бейсеуов “Серағаң туралы әнін” шығарды. Жезқазған қ-ндағы муз. драма театры мен Алматыдағы бір көше Қ. есімімен аталады.
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 6-том