8 Қараша 2012, 12:07
Соңғы редакциялау:
19 қазан, 2012
Қазақстан Республикасы: Геологиялық құрылымы. Қазақстан Шығ. Еуропа платформасының оңт.-шығыс шетін (Каспий маңы синеклизасын) және Орал-Моңғол қатпарлы белдеуінің батыс бөлігін алып жатыр. Қатпарлы белдеу өзінің оңт.-батысында Тұран ойпатына (тақтасына) жалғасады. Тақтаның (плитаның) мезокайнозойлық тысының астынан Мұғалжар мен Қаратаудың (Маңғыстауда) палеозойлық құрылымдары шығып жатады. Бұлардың шығысындағы Қазақстанның таулы-қатпарлы бөлігінде Орт. Қазақстан палеозойлық массиві – Сарыарқаны, бірнеше қатпарлы жүйелер мен облыстарды (Шыңғыс – Тарбағатай, Обь – Зайсан және Алтай – Саян қатпарлы облыстарының қазақстандық бөліктері), Солт. Тянь-Шань мен Жетісу Алатауының ендік бағытқа жуық альпілік белдеулерін ажыратуға болады. Каспий маңы синеклизасы (ойпаңы) үш бөлікке жіктелген шөгінділерден тұрады. Төм. бөлігі қалыңд. 13 км-ге дейінгі рифей мен төм. және орт. палеозойдың құмды-тақтатасты, сазды, карбонатты-терригендік қат-қабаттарынан, орт. бөлігі кунгур ярусының (қалыңд. 5 км-дей) тұзды сериясынан, беткі жағы жоғ. пермь-мезозойдың теңіздік, континенттік шөгінділерінен (4 – 6 км) құралған. Тұран тақтасының үстіңгі тысы жоғ. триастан төрттік кезеңге дейінгі теңіздік, континенттік, терригендік, карбонаттық-терригендік шөгінділерден (4 – 5 км-ге дейін) түзілген. Оның іргетасы құрамы әр түрлі келген кембрийден триасқа дейінгі геосинклинальдік және квазиплатформалық геол. формациялардан түзілген және интрузиялар бойлаған жарылымдармен тілімденген. Мұғалжар құрылымы өзімен көршілес Торғай ойпаңының батыс ернеуімен бірге Орал қатпарлы жүйесіне кіреді. Мұнда прекембрийдің (кембрийден бұрынғы) метаморфтық және төм. палеозойдың жанартаулық-шөгінді жыныстарының шығымдарынан тұратын антиклинорийлік жіңішке блоктар силурдың, девонның, карбонның негізгі вулканиттері мен шөгінді қат-қабаттарымен толған сннклинорийлік ойпаңдармен кезектесіп отырады. Ультрабазиттердің, габбродиориттердің, гранитоидтердің интрузиялары кең тараған. Ал Қаратау өңірінде прекембрийдің метаморфтануға шалынған жыныстары, кембрий-ордовиктің кремнийлі-тақтатасты ванадийлі және фосфоритті карбонатты-терригендік шөгінділері, жоғ. девон – төм. карбонның карбонатты шөгінділері көптеп кездеседі, қатпарлану мен интрузиялар бірқалыпты орын алған. Сарыарқа түрлі жастағы және әр түрлі бағыттағы блокты-қатпарлы құрылымдардан түзілген, сондықтан да оның құрылымы күрделі. Ең көне (1,1 – 2,7 млрд. жыл) архей-протерозой түзілімдері ірі массивтер мен антиклинорийлік блоктарды (Көкшетау, Ұлытау, Ерейментау) құрайды. Көкшетау – Солт. Тянь-Шань қатпарлы жүйесіне бірігетін каледонидтер Сарыарқа жерінің 50%-ын қамтыған. Батысында бұлар доға тәрізді, иіні оңт.-батысқа қараған және кембрийдің, ордовиктің, силурдың карбонатты-құмды-тақтатасты миогеосинклинальдік жыныстарынан түзілген, ал орт. және солт.-батыс бөліктерінде қарқынды қатпарлана тілімделген эвгеосинклинальдік қат-қабаттармен толған. Девонның мұндағы терригендік, қызыл түсті карбонатты шөгінділері мен қышқыл, негізді вулканиттерінің еңістігі жайпақ келеді. Карбон мен пермь жыныстары карбонатты-терригенді (кейде көмірлі) мульдаларды құраған. Сарыарқаның оңт. бөлігінен Жоңғар – Балқаш қатпарлы жүйесінің герцинидтері орын алған. Бұл жүйедегі қышқыл және орташа құрамды беткі вулканидтер екі ірі интрузиялық-жанартаулық (девондық Орт. Қазақстан, жоғ. палеозойлық Балқаш маңы – Іле) белдеуді қалыптастырған. Антиклинорийлерде төм. палеозойдың кремнийлік-терригендік шөгінділері, негізгі вулканиттер мен ультрамафиттер, ал синклинальдарда девон мен карбонның жанартаулық және карбонаттық-терригендік жыныстары дамыған. Сарыарқа мен оған іргелес жайласқан палеозойлық құрылымдар ауданының жартысына жуығын интрузиялық жыныстар алып жатыр, сонымен бірге орогендік каледон мен герцин гранитоидтері ерекше кеңінен тараған, гипербазиттер, базиттер, сілтіліге жуық және сілтілік жыныстар да ұшырайды. Сарыарқа мен Жетісу Алатауының палеозоидтарына шығыстан төм. палеозойдың кремнийлік-терригендік-жанартаулық эвгеосинклинальдік формацияларынан құралған Шыңғыс-Тарбағатай антиклинорийінің каледонидтері жанасып түйіседі. Мұндағы аздап қатпарлана тілімделген девон қабаттары қышқыл және орта құрамды беткі вулканиттерден, терригендік-шөгінділерден, ал карбон қабаттары әктасты-терригендік жыныстардан құралған. Гранитоидтердің көптеген жеке массивтері бар, габбро-плагиограниттер, сілтілі интрузиялар кездеседі. Казақстанның шығыс бөлігінен Зайсан қатпарлы жүйесінің герцинидтері орын алған. Мұнда силурдың, девонның төм. карбонның эвгеосинклинальдік кремнийлік-жанартаулық, әктасты-терригендік, т.б. шөгінділері басқан бірнеше ірі құрылымдық-формациялық белдемдер ажыратылған. Жоғ. палеозойлық шағын мульдаларда терригендік көмірлі және сілтіліге жуық жанартаулық жыныстар шоғырланған. Кенді Алтайда кварцты жеке массивтері бар, габбро-плагиограниттер, сілтілі интрузиялар кездеседі. Казақстанның шығыс бөлігінен Зайсан қатпарлы жүйесінің герцинидтері орын алған. Мұнда силурдың, девонның төм. карбонның эвгеосинклинальдік кремнийлік-жанартаулық, әктасты-терригендік, т.б. шөгінділері басқан бірнеше ірі құрылымдық-формациялық белдемдер ажыратылған. Жоғ. палеозойлық шағын мульдаларда терригендік көмірлі және сілтіліге жуық жанартаулық жыныстар шоғырланған. Кенді Алтайда кварцты порфирдің интрузиялары мен жоғ. палеозойдың гранитоидтері, Қалба белдемінде – лейкократтық гранитоидтер мол. Республиканың қиыр шеткі шығыс бөлігінен Алтай-Саян қатпарлы облысына жататын Таулы Алтайдың төм. палеозойлық құмды-тақтатасты белдемі орын алған. Тауаралық ірі Іле, Балқаш-Алакөл, Зайсан ойыстарының кей жерлері көмірлі, гипсті келетін мезо-кайнозойдың континенттік және көлдік шөгінділері басқан.
Н. Сейітов
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том