8 Қараша 2012, 12:04
Соңғы редакциялау:
12 қазан 2012
Махамбет Өтемісұлы – ақын, күйші‚ Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістің (1836 – 38) басшыларының бірі, рухани көсемі әрі жалынды жыршысы. 1803 ж. қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында дүниеге келген. Бала кезінен мұсылманша, орысша оқыған. Әкесі Өтеміс елге ықпалды би болған. 1824 – 28 ж. Орынбор қаласында Жәңгір ханның ұлы Зұлқарнайынның қасында болды. 1829 ж. Ішкі Ордаға Жайықтан жасырын өтті деген айыппен ұсталып, Калмыков бекетіндегі абақтыға 2 жылдай қамалды. 1831 ж. түрмеден қашып шықты, бірақ артынша-ақ ақталды. 1834 ж. Исатай батырмен бірікті. Осы жылдың 9-маусымында Жәңгір хан оны өз жағына тарту мақсатында старшын лауазымын ұсынды. Жер мәселесі, жайылымның тарлығы, орыс империясының қазақ хандығын жою мақсатындағы іс-қимылдары, сондай-ақ Жәңгір ханның жерді туған-туыстарына бөліп беруі мен ел билігінде қайын атасы Қарауылқожаға үстемдік берген астамшылық әрекеттері бүліншіліктің тууына себепші болды. Қарауылқожа мен Исатай-Махамбет арасындағы тартыс өршіп, наразылық үлкен қозғалысқа айналды. 1837 жылдың қараша айында көтерілісшілер Бекетай құмында өздерінен күші әлдеқайда басым Гекке әскерімен соғысып, жеңіліс табады. Бұл оқиғалар оның “Соғыс” жырында бейнеленіп, “Жабығу”, “Ереуіл атқа ер салмай” туындыларында жеңілістің күйзелісті күйі шертілді. 1838 ж. 12-шілдеде Ақбұлақ бойындағы шайқаста Исатай қазаға ұшырап, Махамбет Хиуа жақта 2 жылдай жасақ жинауға әрекет жасайды. Бұл ниетінен нәтиже шықпаған соң Бөкей ордасына жасырын өтіп, ел ішін паналады. Ақын өміріндегі ауыр да сүргінді жылдар жалғасып, 1841 ж. 4-наурызда белгісіз біреулердің көрсетуімен Тілекеев деген қазақтың үйінде отырған жерінде қолға түседі. 1841 ж. 7-шілдеде “бүліншілікке” тағы араласса, қатаң жазалансын” деген үкіммен тұтқыннан босатылып, шекарадан өтпеуді қатаң ескертеді. 1845 ж. ақпанда баласы Нұрсұлтанды оқуға орналастырмақ ниетпен Орынборға келеді. Шекарадан өтуіне байланысты генерал-губернатор істі қайта қозғады. Кіші жүздің батыс бөлігінің әкімі Баймұхамед Айшуақов та Махамбетті қудалауын қоймай, ақынның басына 1000 сом тігіп, оны ұстау үшін арнайы адамдардан құралған қарулы жасақ жіберді. Махамбет хорунжий Төрежан Тұрымұлының қолынан 1846 ж. 20-қазанда қаза тапты. Қазіргі Атырау облысы Махамбет ауданы Қараой ауылында жерленген. Ол жыраулық поэзияның көркемдік әлемін байытып, шығармаларында ұлт-азаттық идеяларын көтерді, елдікті сақтап қалуға шақырды. “Мұнар күн” жырында ол ел басына түскен ауыртпалықты ашына айтты. “Ереуіл атқа ер салмай”, “Ұлы арман”, “Жайықтың бойы көк шалғын”, “Атадан туған ардақты ер” жырларында ақын алдағы күндеріне үмітпен, зор сеніммен қарады. “Біртіндеп садақ асынбай”, “Арғымақ, сені сақтадым”, “Арғымақтың баласы”, “Азамат ердің баласы”, “Қара нар керек біздің бұл іске”, “Еменнің түбі – сары бал”, “Жалған дүние”, “Еріскедей ер болса”, т.б. шығармаларында ұлт-азаттық қозғалыс рухы, ел тағдыры мен арман-мүддесі терең әрі шынайы суреттелген. Ақын өлеңдерінің басты қаһарманы – Исатай батыр. “Исатай деген ағам бар”, “Исатай сөзі”, “Арғымаққа оқ тиді”, “Тарланым”, “Соғыс”, т.б. өлеңдерінде Исатай батырдың көркем тұлғасы, адамгершілік, қайсарлық, тапқырлық қасиеттері жан-жақты сипатталды. Оның “Жәңгірге”, “Баймағамбет сұлтанға” арнаған өлеңдері патшаның жергілікті билеуші өкілдері – хан-сұлтандарға қарсы жазылған, олардың бет пердесін ашатын жырлар болды. Махамбеттің лирикалық өлеңдері, көбіне толғау, жыр, терме үлгісінде жазылды. Исатайға арнаған өлеңдерінде жоқтау сарыны басым. Ол шебер күйші де болған, оның 11 күйі “Шашақты найза, шалқар күй” деген атпен жарық көрді (1982). Ақын өлеңдерінің халық арасына таралуына Шернияз Жарылғасұлы, Қуан ақын, кішкене Қобыланды, Қубала, Лұқпан, Мұрат, Ығылмандар ықпал еткен. 1939 ж. Қажым Жұмалиев Махамбет өлеңдерінің жинағын шығарды. Ақынның 200 жылдық мерейтойы аталып өтіп (2003), 4 томдық жинағы жарық көрді.