Жыраулық поэзия

6 Қаңтар 2016, 11:35

ЖЫРАУЛЫҚ ПОЭЗИЯ – 15 – 18 ғ-лардағы қазақтың халық поэзиясы.

Соңғы редакциялау:

18 қазан 2012

ЖЫРАУЛЫҚ ПОЭЗИЯ – 15 – 18 ғ-лардағы қазақтың халық поэзиясы. Біздің дәуірімізге, негізінен, ауызша жетті. 15 ғ-дың орта шенінен бастап қазақ халқының төл мәдениеті өркен жая бастады. Көне, ортақ арнадан бөлініп, қазақ халқының дербес әдебиеті қалыптасты. Ж. п. қазіргі Қазақстан жерін қоныстанған ежелгі тайпалар туғызған бай рухани қазынадан нәр алды, ежелгі дәстүрлерді дамыту, тың тақырыптар игеру, жаңа мазмұн қалыптастыру нәтижесінде кемелденді. Қазақ әдебиетінің ортақ арнадан оңаша жол тартқан алғашқы қадамдарының өзінен-ақ кемелдікті, көркем келісімді аңғару қиын емес. Ж. п. сұлулық пен сезімнің шеңберінде шектелмеген. Содан да болар, Ж. п-да мейлінше терең танымдық ойлар буырқанып, ұдайы философиямен шендесіп жатады. Онда өмір мен болмыс, заман және адам туралы толғанады. Қоғам, дін, этика, адамгершілік, қарыз пен парыз, ерлік пен ездік, байлық пен кедейлік, о дүние мен бұ дүние жайлы сан-салалы ойлар тоғысқан философиялық туындылар Ж. п-ның терең дүниетанымдық сипатын аңғартады. Ж. п-ның алғашқы өкілдері, кезінде бүкіл Дешті Қыпшаққа даңқы кеткен Қодан Тайшы, Сыпыра жырау, Асан Қайғы, Қазтуған жыраулар жаңа әдебиеттің ізашарлары ғана емес, көне мұраны жалғастырушылар деп те саналады. Елге, ер-азаматқа ақылгөй болған жыраулар қазақ поэзиясының болашақта ұмтылар бағыт-бағдарын, идеялық тұғыры мен көркемдік биігін айқындап кетті. Асан Қайғы туралы аңыздар ноғай, қырғыз, қарақалпақ халықтарында да сақталған. Мұндағы деректер арасында алшақтық жоқ деуге болады. Асан Қайғы – көптеген нақыл сөздердің, филос. толғаулардың авторы. Ол ел іргесінің берік болуын армандайды. Өз өлең, толғауларында мемлекетті нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажетін насихаттайды. Осы орайда академик-жазушы М.Әуезов “Қазақ халқы өзінің тарихы жолында Асан есімін өктемдікке қарсылықтың символындай сезді. Ел мұңын жоқтаған ақындардың Асан есімін ауызға ең алдымен алатыны да осыдан” (“Уақыт және әдебиет”. А., 1962, 57-б.) деп атап көрсетті. Сахара эпосын тудырушылардың бірі, ірі эпик ақын, ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы әрі нәзік лирик болған Қазтуғанның (15 ғ.) біздің дәуірімізге жеткен жырлары табиғат аясындағы көшпендінің болмыс, тіршілік, өзін қоршаған орта туралы түсінігін бейнелейді. Жырау қиялының байлығы, суреттеу тәсілдерінің кемелдігі мен әсемдігі сол дәуірдегі қазақ поэзиясының биік өресін, өзіндік сипатын танытады. Қазтуғанның ұлттық бояуы қанық, афоризмдерге, көркем түстерге бай толғаулары туған әдебиетіміздің таңдаулы үлгілері қатарына жатады. Ж. п-ның дамып, өркендеуіне Доспамбет пен Шалкиіз шығармалары айрықша әсер етті. Жорық жыршысы болған Доспамбет жырау (1523 ж. ө.) шығармаларынан ортағасырлық жауынгер көшпендінің ер тұлғасы, ерлік кейпі көрінеді, оның асқақ рухы, берік дәті, өмірлік мұраты танылады. Ойлы да сырлы Доспамбет толғаулары тақырыбы, мазмұны ғана емес, көркемдік ерекшеліктері тұрғысынан алғанда да соны сипатта. Доспамбет толғаулары ең алғаш 19 ғ-дың 80-жылдарынан бастап баспа бетін көре бастады. Ж. п-ның ең көрнекті өкілі – Шалкиіз жырау Тіленшіұлы (1465 – 1560). Өзінің ұзақ өмірінде Дешті Қыпшақтың төрт бұрышын түгел шарлаған, заманының бірінші ақыны боп танылып, үлкен даңққа бөленген жырау бүкіл өмірін күрес үстінде өткізеді. Өз тұсындағы әміршілердің ешқайсысының да шашбауын көтермейді, турашылдығынан танбайды. Жыраудың шағын көлемді шымыр толғауларынан көне заман таңбасы – дала тұрғынының дүниетанымы, адамдық табиғаты, мінез ерекшелігі, адамгершілік, этик. қағидалары айқын аңғарылады. Жырау дүниеде мәңгі, тұрақты ештеңе жоқ деп біледі. Әлем бір қалыпта тұрмайды, адам өмірі де өтпелі. Жырау осының бәрін табиғат заңы деп түсінеді. Жырау адамдық қасиеттерді асқақтата жырлайды. Жеке бас еркіндігін бәрінен жоғары қояды. Отаншылдық рухты насихаттайды. Шалкиіз қазақ поэзиясын көркемдеу тәсілдері, өлең өрнегі саласында да айрықша байытты. Шалкиіздің толғаулары ең алғаш 1875 ж. хатқа түсіп, баспа бетінде жарияланыпты. Жырау мұралары ерте жиналуына байланысты бүгінгі күндерге бірсыдырғы толық жетті. Негізгі қадым замандарда белгілене бастағанымен, Шалкиіз және Доспамбет шығармалары арқылы қалыпты жүйеге түскен жыраулық өлең өлшемі көне ақындар шығармаларында және батырлар жырында үш ғасырдан астам уақыт кеңінен қолданылды. Қазақ халқы ерлік күреске толы күн кешкен 17 ғ-дан біздің заманымызға Жиембет (17 ғ.), Марғасқа (17 ғ.) жыраулардың шығармалары жетті. Екеуінің де өмір жолы Есім хан тұсындағы тарихи оқиғаларға тікелей қатысты. Жорық жыршысы Марғасқа жырау Есім ханның бір орталыққа бағынған күшті мемлекет құру туралы идеяларының ұраншысы атанса, Жиембет жырау ханға қарсы араздығын бүкпесіз, бұлтармасыз жеткізеді. Бұлардың бізге белгілі толғауларынан 17 ғ-да Ж. п-ның сын-сипаты, даму бағдары ежелгі арна, байырғы дәстүр ауқымында болғандығы танылады. Жиембет жыраудың толғаулары ең алғаш 1908 ж. “Жақсы үгіт” кітабында жарияланса, Марғасқа толғаулары кеңес заманында зерттеліп, баспа бетін көрді. 18 ғ-да Ж. п. тақырыптық жағынан кеңейіп, идеялық-көркемдік тұрғыдан байи түседі. Жоңғар шапқыншылығы және “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” жылдары, қырғын соғыстар мен жеңісті жорықтар, саяси және қоғамдық өмірдегі өзгерістер – ел өміріндегі елеулі оқиғалардың барлығы да жыраулар шығарм-нда өзінің көркемдік шешімін табады. Жоңғар басқыншылығына қарсы күрес сарыны, әсіресе, Ақтамберді жырау (1675 – 1768) шығармаларынан айқын көрінеді. Ақтамберді өз толғауларында жау қолында қалған жерлерді азат етер күнді аңсайды, исі қазақ болып атқа қонуды, ойраттарға күйрете соққы беруді армандайды, жұртшылықты ерлікке үндейді, жауға тайсалмай шабуға жігерлендіреді. Ақтамберді шығарм-ндағы отаншылдық, патриоттық сарындар 18 ғ-дағы қазақ поэзиясының бет-бейнесі, бағыт-бағдарын айқын танытады. Осы кезеңде өмір сүрген Үмбетей жырау (1706 – 1778) мұрасындағы жетекші тақырып – сырт жауларға қарсы күресте көзге түскен ел қорғаны батырларды мадақтау. Сонымен қатар ол әр түрлі тақырыптағы тұрмыстық өлеңдерге де көңіл бөлген. 18 ғ-дағы Ж. п-ның көрнекті өкілдерінің бірі – Тәтіқара жырау. Ол көне заман батырлары, олардың ел қорғаудағы ерлік істері туралы, отаншылдық идеяны насихаттайтын жорық жырларын туғызған. Ақтамберді, Үмбетей, Тәтіқара шығармалары кейінгі жылдары ел аузынан жазып алынып, бірнеше жинақтарға енді. 18 ғ-дағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілі – Бұқар жырау (1668 – 1781). Ол жырау ғана емес, қабырғалы би де болған. Бұқар жырау өз тұсындағы қоғам өміріне белсене араласады. Қсімен де, жырымен де Абылай хан саясатын мейлінше қолдайды. Хандықтың нығаюы, хан үкіметінің берік болуы жолында күреседі. Алайда, ханға құлшылық ұрудан ада жырау қажетті жерінде ащы шындықты айтудан тайынбайды, оны сынау, шенеуге дейін барады. Бұқар жырау өзінің таңдаулы шығармаларында қазақ қауымы үшін мәні зор әлеум. мәселелерді көтереді. Бұлардың ең бастысы – ел бірлігін ту ету, ішкі, сыртқы жаулардың қандайымен болса да бітіспес күреске үндеу. Бұқар жырау шығармаларынан жыраудың өзі өмір сүрген қилы заман келбеті айқын танылады. Бұқар жырау қазақ қауымы ежелгі тұйықтықтан арылуға бет алғанын, көне дәстүрлі әлеум. қатынастар бұзыла бастағанын көреді, осының бәрі болашақта жүзеге асар ұлы өзгерістердің басы ғана екенін түсінеді. Алайда, жырау мұндай құбылыстардың көбін ұнатпайды, оған сенімсіздікпен қарайды. Тіпті, туған халқының болашағына күмәнданады. Енді бір топ өлеңдерінде Бұқар жырау өмір мен болмыс, заман және адам туралы толғанады. Табиғат бір қалыпта тұрмайды дейді жырау. Адам өмірі де сондай. Жырау адамның, оның мінез-құлқының, салт-санасының өзгеруіне орай адам қоғамы да дамып отырмақ дегенге меңзейді. Бұқар жырау шығармалары ғақлия толғаныстар, нақыл, афоризмдер түрінде келеді. Образға бай, ұлттық бояуы қанық, көркемдігі кемел. Дәстүрлі Ж. п-ның бейнелеу тәсілдерін жете меңгерген Бұқар жырау туындыларының өлең өлшемі өте күрделі. Бұқар жырау шығармалары әлденеше ғасырлық тарихы бар Ж. п-ның қорытынды түйіні іспеттес болды. Бұдан былай қазақ поэзиясындағы жетекші рөл ақындардың үлесіне көшеді. Бұқар жырау шығармалары ең алғаш “Таң” журналында (1925) жарияланғанымен, ғыл. түрде жүйеленіп зерттелуі 20 ғ-дың 60-жылдарының үлесіне тиеді. 18 ғ-дағы халық поэзиясының танымал өкілдері – Көтеш (1745 – 1818) және Шал ақын (1748 – 1819). Көтеш шығармаларындағы негізгі сарын – кедейлік тақсіретін жыр ету, тағдырдың әділетсіздігіне наразылық. Ал Шал ақынның біздің заманымызға жеткен мұрасы тақырып жағынан алғанда біршама бай. Бұлар – дін, этика, мораль мәселелері, байлық пен кедейлік жайлы филос.-дидактикалық үлгідегі туындылар, тұрмыстық өлеңдер мен арнау жырлар. Екі ақын шығарм-ынан да әлеум. әуен айқын сезіледі. Ж. п. деген ортақ тақырыпқа біріктірілген 15 – 18 ғ-лардағы қазақ поэзиясы көне дәстүрді қайта түлетіп, жаңа тақырып, соны мазмұнмен дамытты. Осы тұста өмір сүрген және әдеби мұралары бүгінгі күндерге там-тұмдап болса да жеткен жыраулар шығарм-ғы сол заманның тұтас бір шежіресін құрастырады. Оларда ел өміріндегі елеулі оқиғалар, қоғамның ащы шындығы, халықтың әдет-ғұрып, салт-санасы бейнелі тілмен келісті көрініс тапқан. Бұл кезеңде төл әдебиетіміздегі ұлттық дәстүр дамып, халық поэзиясы сапалы жаңа биіктерге көтерілді.

М. Мағауин

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 4-том

Бөлісу: