Қазақстан Республикасының өсімдіктері

24 Қараша 2014, 04:12

Қазастан Республикасының өсімдіктері. Қазақстанда өсімдіктердің 15 мыңдай түрі бар.

Қазастан Республикасының өсімдіктері. Қазақстанда өсімдіктердің 15 мыңдай түрі бар. Оның 2 мыңнан астамы балдырлар, 5 мыңдайы – саңырауқұлақтар, 600-ге жуығы – қыналар, 500-ге жуығы мүк тәрізділер және 6 мыңнан астамы – жоғары сатыдағы түтікті өсімдіктер. Қазақстан микрофлорасының (саңырауқұлақтар) құрамындағы түрлердің 4,8%-ы эндемик болып табылады. Жоғары сатыдағы өсімдіктердің түр байлығы, интродукцияланған, мәдени дақылдар мен кездейсоқ әкелінген 500-ден аса түрлерді қоспағанда, 161 тұқымдасқа, 1120 туысқа жататын 6100-ге жуық түрден тұрады. Оның ішіндегі 730 түр тек Қазақстанда өсетін – эндемиктер. Бұлардың ішіндегі ең ерекше 12 монотипті туыс бар: физандра, рафидофитон, жалған шөлмасақ, жалған шандра, боченцевия, канкриниелла, тобылғыгүл, птеригостемон, пастернаковник, тоғайя, недзвецкия, шолақтауия. Қазақстан флорасындағы түрлердің басым бөлігі 15 тұқымдасқа топтасқан. Алғашқы құрлықтық өсімдіктердің қалдықтары Оңт. Балқаш өңірі мен Бұрынтауда жоғ. ордовиктік қатпарлардан табылған. Олар плаун тәрізділерге жататын Akdalophyton caradockі пен қырықбуынға жататын – Sarіtuma tatjanae. Бұлар шамамен 450 млн. жыл бұрын тіршілік еткен.

Республикамыздың қазіргі флорасы эоцендік субтропиктік (36 – 58 млн. жыл бұрын), олигоцендік орманды-мезофильдік (26 – 35 млн. жыл), неогендік ежелгі жерортатеңіздік таулы-ксерофиттік, субтропиктік-ксерофитті бұталық және миоцен-плиоцендік алғашқы далалық (13 – 25 млн. жыл), плейстоцендік (2 млн. жыл) флоралардың негізінде қалыптасқан.

Өсімдіктердің Қазақстан жерінде таралуы, түрлер мен эндемиктердің топтасуы, табиғи аймақтар мен таулық белдеулерде әр түрлі. Республиканың осыншама бай өсімдіктер дүниесі түрлердің биол., экол., эвол. ерекшеліктеріне байланысты әр түрлібірлестіктер мен қауымдастықтарда жүйеленген. 

Қазақстанның жазық бөлігі орманды далалық, дала, шөлейт және шөл белдемдеріне (аймақтарға) ажыратылады. Орманды далалық аймақ – республика жер аумағының 2,04%-ын алып жатыр, 54Әс.е-тен жоғары Көкшетау мен Петропавл қ-ларының маңында орналасқан. Орман түзуші түрлер: жылауық қайың, талдың бірнеше түрлері, бұталардан: итмұрын, тобылғы, далалық шие, т.б. бар. Бұл белдемнің шалғындық және далалық телімдерінде алуан түрлі шөптесін өсімдіктер мен астық тұқымдас шөптер басымдылық ететін қауымдастықтар таралған. Бұл аймақ 2 белдемге бөлінеді: 1) оңтүстік ылғалы аз қоңыржай жылы орманды дала белдемі – сұр ормандық топырақта қайыңды-теректі, теректі ормандар, ал қара топырақта шалғынды-далалық экожүйелер орналасқан; 2) қоңыржай құрғақ шоқталған орманды дала белдемі – қайыңды-теректі шоқ ормандар мен қара топырақтағы алуан-түрлі және астық тұқымдасты шөптесін өсімдікті далалық экожүйелер таралған.

Далалық аймақ еліміздің жер аумағының 28%-ын алып жатыр, аум. 110,2 млн. га, батыстан (Еділ-Жайық өзендері аралығынан) шығысқа қарай (Алтай-Тарбағатай тау бөктері) 2500 км-ге созылып жатыр. Далалық флораның құрамында 2000-нан астам түр бар деп шамаланады. Оның 175-і – эндемиктер. Негізгі басым түрлер: қау (боз), сонымен қатар бетеге, тобылғы, қарағай, аласа бадам. Далалық аймақ 3 белдемге бөлінеді: 1) қоңыржай-құрғақ және құрғақ дала; кәдімгі және оңт. қара топырақтағы алуан түрлі шөптесін – бозды белдем; 2) қоңыржай-құрғақ және жылы-құрғақ белдем–күңгірт қара-қоңыр және қара-қоңыр топырақтардағы бетегелі-бозды дала; 3) шөлейт құрғақ, қоңыржай ыстық белдем – ашық қара қоңыр топырақтағы жусанды-бозды дала.

Шөлді аймақ – жалпы аум. 124,6 млн. га. Өзіне тән өсімдік жамылғысы алуан түрлі, 2500 – 2800 түр бар, олардың ішінде 200 – 215 түрі – эндемиктер. Шөлді аймақ 5 белдемге ажыратылады: 1) солтүстік далалы жердегі құрғақ, қоңыржай-ыстық шөлдер – аум. 40 млн. га., немесе еліміздің жер аумағының 14,7%-ы. Өсімдік жамылғысы астық-тұқымдасты – жартылай бұталы (боз, еркекшөпті-жусанды) шөлдер мен құмдақ-бұталы (жүзгін-раң-шағыржусан-еркекшөпті) шөлдер тарайды; 2) орталық (солтүстік тұрандық) өте құрғақ, ыстық шөлдер – аум. 51,2 млн. га, немесе республика жерінің 18,9%-ын алып жатыр. Бұл жерлерде жартылай бұталы (жусанды, бұйырғынды, изенді), сексеуілді, бұталы (қоянжын-жүзгінді) өсімдік жамылғысы дамыған; 3) оңтүстіктегі өте құрғақ, ыстық шөлдер – аум. 30,3 млн. га, немесе Қазақстанның 11,1%-ын алып жатыр. Бұл жерлерге эфемероидты – жартылай бұталы (сұр-жусанды, эфемерлі), ал дөң және тізбектелген аллювийлі – эолды құмдарда бұталы-сексеуілді-эфемероидты (сексеуіл-қоянжын-жүзгінді) өсімдік жамылғылары тән; 4) тау етегіндегі құрғақ, өте ыстық шөлдер – аум. 3,2 млн. га немесе Қазақстанның 1,2%-ы. Негізінен эфемероидты ірі шөптесін-жартылай бұталы өсімдіктер өседі; 5) тау етегіндегі өте құрғақ шөлдер – аум. 11,6 млн. га, немесе республиканың 4,3%-ын алып жатыр. Эфермероидты-псаммофиттік бұталы өсімдік жамылғысы тән.

Қазақстанның таулы экожүйелерінің аум. 18,6 млн. га, яғни республика жерінің 7%-ы. Бұл ретте есепке алынып отырғаны 4 – 5 биіктік белдеулі биік таулар ғана. Таулы экожүйелердің флорасын 3400 – 3600 түр құрайды деп шамаланады. Оның ішінде 540 – 570 түр эндемик болып табылады. Тек Қаратаудың флорасында 165 – 170 эндемик түрлер бар. Олардың ішінде, шыршалы (шренктік шырша, сібірлік шырша); май қарағайлы, самырсынды (сібірлік самырсын, сібірлік майқарағай); қылқан жапырақты ормандарды; алмалы (Сиверс алмасы, қырғыз алмасы), өрікті (кәдімгі өрік), қайыңды-теректі (түкті қайың, көк терек) – жапырақты ағаш ормандарды атап өтуге болады. Таулы экожүйелерде итмұрын мен бөріқарақаттың (зеректің), аршаның, қылшаның, бетегенің, сарыкүйік қауымдастықтары да кең тараған. Қазақстанның табиғи флорасы – пайдалы өсімдіктердің қайнар көзі. Мұнда жем-шөптік өсімдіктердің 700-ден астам түрі, дәрілік өсімдіктердің 400-ге жуық, әсемдік-безендірушілік 700 – 800, ширнелік (300-ден астам), эфир-майлық (450-ге жуық), улы-зиянды (250-ден астам) өсімдіктер түрлері бар.

Н.Аралбаев

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

Бөлісу: