8 Қараша 2012, 11:56
Соңғы редакциялау:
12 қазан 2012
Конфуций, Кун-цзы, Құң-фу-цзы — Ежелгі Қытай ойшылы, Қытайдың мемлекеттік діні — конфуцийшілдіктің негізін салушы. Ол біздің заманымыздан бұрынғы 551 ж. Лу патшалығындағы Цзоуда (қазіргі Қытайдың Шандунь провинциясындағы Цюйфу қаласы) кедейленген ақсүйектің отбасында дүниеге келіп, шамамен 479 ж. сонда дүние салған. Конфуций өмірінің көп бөлігін Лу патшалығында өткізген. Жас шағында шенеунік қызметін атқарған ол 22 жасынан бастап бала оқыта бастады. Халық оны сүйіспеншілікпен Құң ұстаз деп атады. Конфуцийдің мектебінде төрт пән — ақлақ (мораль), тіл, саясат және әдебиет оқытылды. 50 жасында Лу патшалығына жоғары дәрежелі қызметке алынып, саяси қызметін бастады. Алайда, қаскөйлік интригалар салдарынан лауазымды жұмысынан кетуге мәжбүр болды. Содан 13 жыл бойы Ежелгі Қытайдың Лу патшалығынан басқа мемлекеттерін аралайды. Бірақ еш жерде өз идеяларын қолданысқа енгізе алмайды, біздің заманымыздан бұрынғы 484 ж. еліне қайтып оралады. Содан өмірінің соңына дейін ұстаздықпен шұғылданды. Конфуций ілімі ол қайтыс болғаннан кейін біздің заманымыздан бұрынғы 136 ж. мемлекеттік идеологияға айналды. 1503 ж. ресми түрде әулиелер қатарына қосылды. Зерттеушілер Конфуцийдің жеке басына тиісті деп тек “Көктем мен Күздің, Лу мемлекетінің тарихы кітабына” түсіндірмелерін атайды. “Ұлы ілім” мен “Аралық туралы ілім” атты туындылар да Конфуцийдің өзінікі емес, ол тек мұның екеуін де қайта әңгімелеп берген деп саналады. Ол адамның ақыл-ойына, адамгершілік кескін-келбетіне көп көңіл бөлді. Конфуцийдің “билеуші — билеуші, ал бағынышты — бағынышты, әке — әке, ал ұл — ұл болу керек”, — деген атақты сөзі кеңінен мәлім. Конфуций қоғамдағы әр нәрсені өз орнына қою қажеттігін, әркімнің міндетін қатаң да дәл анықтау (мемлекет — үлкен отбасы) керектігін айтты. Ол ел билеушілерін халықты заңдар мен жазалаулар негізінде емес, ізгілік жасаушылар жәрдемімен, биік адамгершілік, имандылық қасиеттер танытатын тәртіпті үлгі ету жолымен басқаруға үндеді. Халықты салық салумен қинамай, әдет құқығы негізінде басқаруды қош көрді. Ең бастысы — басқарушы шынайы принципті әрқашан қатаң ұстануы тиіс. “Халықтың сүйіспеншілігіне қол жеткіз, — деген ол — сонда сен билікке жетесің, егер халықтың сүйіспеншілігін жоғалтар болсаң, онда билікті де жоғалтып аласың”. Конфуций нашар мінез бен келеңсіз әдетті өзгертудің ең жақсы құралы ретінде музыкаға (юе) зор мән берді. Мүлтіксіз, жетілген адам (цзюнь-цзы) тұжырымдамасын жасады. Мұндай адам шыққан тегіне емес, алған тәрбиесіне байланысты өзін-өзі жетілдіру нәтижесінде қалыптасады. Конфуций адамдар арасындағы (отбасында, қоғамда, мемлекетте) мүлтіксіз қарым-қатынас заңын мынадай қанатты сөзбен тұжырымдаған: “Өзіңе тілемейтініңді басқаға жасама”. Конфуцийдің ізбасарлары оның ілімін басшылыққа алып, дамытып отырды. Конфуций мен оның ізбасарларының ілімінде бейнеленген идеялар осы күнге дейін Қытай саяси мәдениетінің аса маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.