26 Қараша 2014, 08:05
Күлтегін жазуы — ежелгі түркі жазба ескерткіші. Моңғолиядағы Қарабаласаған қаласының қираған орнынан 40 км жерге, Орхон өзені бойындағы Эрдени Цзу монастырының (8-ғасыр) жанына орнатылған. Ескерткіштің биіктігі 3,15 метр, ені 1,34 метр, қалыңдығы 0,41 метр. Алғашқы мәліметтер 19-ғасырдағы батыс зерттеушілерінің еңбектерінде жариялана бастаған. 1893 ж. 25-қарашада Дания Ғылым академиясының мәжілісінде Вильгельм Томсен Орхон жазба жәдігерлерін оқудың кілтін тапқандығын әрі оның көне түркі тілінде жазылғандығын, алдымен оқыған сөздері “тәңірі” және “түрік” деген сөздер екенін жариялады. Сонан кейін академик Василий Радлов мәтінді тәржімалады. Осы зерттеулерден кейін құлпытастарға қашалған жазулар Күлтегін батырдың ерлік істері туралы қаhармандық дастан екендігі белгілі болды. Күлтегін қабіріне қойылған екі ескерткіштің бірі ғылымда “кіші жазу”, ал екіншісі “үлкен жазу” деп аталып кеткен. Бұл екі дастанның да авторы — өз дәуірінің аса дарынды ақыны, көрнекті қоғам қайраткері Иоллығ тегін (8-ғасыр). “Күлтегін” (кіші жазу) жыры әрқайсысы өз алдына дербес әрі сюжеттік жағынан бір-бірімен тығыз байланысты 8 топтамадан тұрады. Әрбір топтама — мазмұны жағынан бір-бір хикая. “Күлтегін” жырының үлкен жазуы көлемі жағынан 428 өлең жолынан (құлпытастағы руналық жазу бойынша есептегенде 53 қатар) тұрады. Бұл жыр дербес алты хикаядан, яғни алты оқиғадан құралған. Жырда Күлтегін түркі елінің “төрт бұрышындағы” барлық жауды жеңіп, елде тыныштық, бейбіт өмір орнатады. Ақын Күлтегіннің ерлігі туралы: “Бастыны — еңкейтті, Тізеліні — бүктірді”, — дейді. Жыр соңында Күлтегін батыр қайтыс болғанда бүкіл түркі халқы қатты қайғырып, аза тұтқаны, оны жоқтап, жерлеу салтанатына әлемнің төрт бұрышынан көптеген атақты адамдар — елшілер, батырлар, бектер, тас қашайтын шеберлер, т.б. келгені айтылады. «Күлтегін» жырының кіші жазуындағы екінші топтаманың алғашқы үш жолы Білге қағанның түркі халқына айтқан үндеу сөзі, одан кейінгі төрт жол өлеңде Түрік қағандығы жерінің ұланғайыр кең екендігі, одан кейінгі екі жол осы топтаманың түйіні – түркі елінің жері мол, ал халқы көп екендігін баяндауға арналған. «Күлтегін» жырының үлкен жазуы көлемі жағынан 428 өлең жолынан тұрады (құлпытастағы руналық жазу бойынша есептегенде 53 қатар).
“Күлтегін” жыры — елдің ішкі бірлігін жыр еткен, идеялық мазмұны терең, көркемдік дәрежесі биік поэзиялық туынды. 2001 жылдың 18 мамырында Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Күлтегін жазба ескерткішінің көшірмесі қойылды.