Қазақстан

18 Ақпан 2014, 13:51

Қазақстан, Қазақстан Республикасы – Еуразия құрлығындағы мемлекет. Құрлықтың орт. бөлігін орналасқан. Республика жері батыстан шығысқа 3000 км-ге, солт-тен оңт-ке 1600 км-ге созылған. Коңыржай белдеудің негізінен орт. және оңт. ендіктерін, ал қиыр оңт-нде субтропикке өтпелі белдеуді қамтиды. Солт-нде Ресей Федерациясымен (ұз. 6467 км), оңт-нде Түрікменстан (380 км), Өзбекстан (2300 км) және Қырғызия (980 км) республикаларымен, шығысында Қытаймен (1460 км) шектеседі, батысында Каспий т. (600 км) орналасқан.

 

Соңғы редакциялау:

19 қазан, 2012

 

Қазақстан, Қазақстан Республикасы – Еуразия құрлығындағы мемлекет. Құрлықтың орт. бөлігін орналасқан. Республика жері батыстан шығысқа 3000 км-ге, солт-тен оңт-ке 1600 км-ге созылған. Коңыржай белдеудің негізінен орт. және оңт. ендіктерін, ал қиыр оңт-нде субтропикке өтпелі белдеуді қамтиды. Солт-нде Ресей Федерациясымен (ұз. 6467 км), оңт-нде Түрікменстан (380 км), Өзбекстан (2300 км) және Қырғызия (980 км) республикаларымен, шығысында Қытаймен (1460 км) шектеседі, батысында Каспий т. (600 км) орналасқан. Жер аум. 2724,9 мың км2. Халқы 14,9 млн. адам (2003 жылғы есеп бойынша). Оның 8,3 млн. немесе 55,7%-ын қазақтар құрайды. Республикада 131 ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрады. Астанасы – Астана қ. Әкімш. жағынан 14 облыстан және респ. маңызы бар 2 қаладан тұрады. Одан басқа Қ-да 85 қала, 160 аудан, 176 кент, 2237 ауылдық округке біріккен 7719 ауылдық елді мекендер бар (2003; кестені қ.). Мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Ұлттық валютасы – теңге, 1993 ж. 15 қарашада енгізілген.

Мемлекеттік құрылысы. Қ. – 1995 жылғы 30 тамыздағы респ. референдумда қабылданған Конституция бойынша – өзін демокр., зайырлы, құқықтық және әлеум. мемлекет ретінде орнықтырды. Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Республиканың ең жоғ. өкілді органы – Парламент. Ол республиканың заң шығару қызметін жүзеге асырады. Парламент тұрақты жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады. Сенатқа әр облыстан және респ. маңызы бар 2 қаладан екі адамнан сайланады. Сенаттың 7 депутатын Парламент өкілеттігі мерзіміне Республика Президенті тағайындайды. Мәжіліс республиканың әкімш.-аумақтық бөлінісі ескеріле отырып құрылған, сайлаушылар саны шамамен тең болатын бір мандатты аумақтық сайлау округтары бойынша сайланатын алпыс жеті депутаттан және партиялық тізім бойынша сайланатын 10 депутаттан тұрады.

Президент Үкіметті Конституцияда белгіленген тәртіппен құрады. Тағайындалғаннан кейінгі он күн мерзім ішінде Премьер-Министр Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы республика Президентіне ұсыныс енгізеді. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі жеті мүшеден тұрады, олардың өкілеттігі алты жылға созылады. Конституциялық Кеңестің төрағасын республика Президенті тағайындайды. Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Ол заңмен құрылған Қазақстан Республикасының Жоғ. Соты және республиканың жергілікті соттары болып табылады. Жергілікті мемл. басқаруды тиісті аумақтағы істің жай-күйіне жауапты жергілікті өкілдік (мәслихат) және атқарушы органдар (әкімдік) жүзеге асырады.

Қарулы Күштері. ҚР-ның әскери құрылымы әскери басқару органдарын, Қарулы Күштердің түрлерін, арнайы әскерлерді, тыл, әскери оқу орындары мен ғыл. мекемелерді қамтиды. Соғыс уақытында құрамына қорғаныс мин-не қарайтын әскер түрлерінен басқа Ішкі істер мин-нің ішкі әскерлері, Ұлттық қауіпсіздік к-тінің шекара қызметі және басқа да әскерлері, респ. “Ұлан”, азаматтық және аумақтық қорғанысты басқару мен құру органдары кіреді. ҚР Қарулы Күштерінің басты мақсаты – елдің егемендігін, аумағының тұтастығын, экономикасын, мемл. ин-ттары мен азаматтарын соғыс қатерінен қорғау, жаугершілік немесе әскери қақтығыстар туғызудың алдын алу, Қазақстанның орнықты дамуы үшін қолайлы жағдай туғызу. Республика Қарулы Күштеріне бейбіт кезеңде мынандай негізгі міндеттерді орындау жүктелген: әскери күшті, жауынгерлік даярлықты қамтамасыз етіп, басқару органдары мен әскерлерді ел ішіндегі қақтығыстарды, ҚР-ның мемл. шекарасында немесе аум-ның шегінде туған кез келген заңсыз қарулы күш көрсетуді тұмшалап, тойтара алатын деңгейде ұстау; әуе кеңістігін күзету, сондай-ақ, мемл. шекараның жедел-стратег. тұрғыда маңызды өңірлерін жабу; маңызды әскери нысандарды күзету; елдің кез келген ауданында жағдайды тұрақтандыру жөніндегі батыл іс-қимылға әзір болу; халықар. міндеттемелерге сәйкес бітімгершілік және өзге де операцияларға қатысу. Бұл міндеттерді орындауды Қарулы Күштер ҚР-ның басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарымен өзара тығыз іс-қимылда жүзеге асырады. Бұл ретте ҚР Ұлттық қауіпсіздік к-тінің шекара қызметіне құрлықта, теңізде, көлдерде және өзге де су айдындарында мемл. шекараны күзету мен қорғау, сондай-ақ, лаңкестікке (террорға), қару мен есірткі саудасына қарсы күреске қатысу жүктеледі. ҚР Үкіметінің 2000 ж. 23 қарашадағы ғ1579 қаулысына сәйкес елімізде Оңт., Батыс, Шығыс, Орт. әскери округтері құрылған. Оңт. әскери окуругінің қорғайтын жер аумағына: Алматы, Жамбыл, Оңт. Қазақстан, Қызылорда облыстары кіреді. Округтің орт. штабы Тараз қ-нда. Шығыс әскери округі қорғайтын жер аумағына: Шығ. Қазақстан, Павлодар облыстары кіреді. Округтің орт. штабы Семей қ-нда. Батыс әскери округінің қорғайтын аумағына: Ақтөбе, Атырау, Бат. Қазақстан, Маңғыстау облыстары кіреді. Округтің орт. штабы Ақтөбе қ-нда. Қазақстанның қалған облыстары Орт. әскери округіне қарайды. Орт. штаб – Қарағанды қ-нда.

Қазақстанның геосаяси жағдайы үлкен өзгерістерге (экстремизм, шекараға таяу жерлерде әскери қақтығыстардың өршуі, жаңадан ядр. мемлекеттер пайда болуы, т.б.) ұшырауда. Осыған байланысты ҚР Қарулы Күштерінің әскери доктринасы орташа мерзімді кезеңге есептеліп жасалған (1999 – 2005) қорғаныстық сипатқа ғана ие. Ол әлемдегі және аймақтағы әскери-саяси жағдайды кешенді бағалауға, мемлекеттің экон. болмысы мен материалдық қорының мүмкіндіктеріне сүйенеді. Доктрина Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі стратегиясының негізгі ережелерін нақтылайды және шабуыл жасалған жағдайда елдің қорғанысын ұйымдастыруға, ұжымдық әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі одақтас мемлекеттермен бірлескен күш-жігерді үйлестіруге бағытталған.

К.Аманжолов

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

Бөлісу: