8 Қараша 2012, 11:47
Соңғы редакциялау:
18 қазан 2012
ЖОҢҒАР ХАНДЫҒЫ – Батыс Моңғолияда 17 ғ-дың 30-жылдарына қарай төрт ойрат тайпасының бірігуі негізінде құрылған мемлекет. Ғыл. әдебиеттерде Ж. х-ның негізін салған төрт тайпа – шорос, хошоут, дурвэд, хойттар аталады (торғауттар 1627 ж. батыстағы Еділ бойына қоныс аударған). Шыңғыс хан ұрпақтары құрған Юань империясы ыдыраған соң (1368 жылы) олар Бат. Моңғолияда қоныстанып қалған еді. Олармен туысқан тайпалардың бір бөлігі халхалар Шығ. Моңғолияда тұратын. Қытайға апаратын сауда жолдарын иемдену құқығы үшін Шығ. Моңғолия мен Бат. Моңғолияда тұратын ойраттар арасында бірнеше дүркін қанды соғыстар болған. 15 ғ-дың 1-жартысында ойраттардың басшылары Тогон (1418 – 40) және Эсен (1440 – 50) шығыс пен батыстағы ойрат тайпаларын бір мемлекетке қосқан. Бірақ ішкі және сыртқы жағдайларға байланысты біріккен мемлекет ұзақ өмір сүрген жоқ. Олар Қытайға апаратын сауда жолынан айырылып қалды. Моғолстан мен Қазақ хандығына жасаған жорықтары да сәтсіз аяқталды. Тәуекел хан кезінде дурвэд және торғаут тайпалары Қазақ хандығына бағынған (қ. Жоңғар шапқыншылығы). XVҚҚ ғ-дың 20-жылдары хошаут байбағыс пен шорос тайпасының тайшысы (тайджи) Хара-хула ойрат мемлекетін қайтадан құруға әрекеттер жасады. Ақырында Хара-хуланың баласы Батыр қонтайшы біртұтас ойрат мемлекетін құрады (1635). Мемлекет аты тарихи әдебиеттерде, көбінесе, Ж. х. деп аталады. Тогон мен Эсен хандар кезінен бастап түркі тіліндегі әдебиеттерде және қазақтар арасында ойраттар – қалмақ деп аталып кетті. Батыр қонтайшы кезінде (1635 – 53) хандықта қалалар сипатындағы отырықшы елді мекендер салына бастады, жер игеру біршама ілгеріледі. Осыған қарамай Ж. х. көшпелі мемлекет ретінде тарихта қалды. 1640 ж. Тарбағатай тауларының етегінде біріккен моңғол, қалмақ және ойрат тайпалары басшылары моңғол – ойрат заңдарын қабылдайды. Жинақ “Цааджин бичиг” деп аталды. Онда моңғол-ойрат тайпаларының ішкі тіршілігі, мемл. құрылымы, әскери қызмет атқару тәртібі, діни ұстанымдары белгіленген. Батыр қонтайшыдан кейін билік басында болған қонтайшылар Сенге (1653 – 1671), Қалдан Бошақты (1671 – 1697), Севан Рабдан (1697 – 1727), Қалдан Серен (1727 – 1745) Батырдың саясатын одан әрі жалғастырды. Олар хандықтың ішінде егін ш. мен ұсақ кәсіпшіліктер, сауда қатынастарының дамуына едәуір ықпал жасады. Қол өнері мен кәсіпшілік дамыды. Оларда соғыста қолға түскен тұтқындар да жұмыс істеді. Саудаға Шығыс түркістандықтар белсене қатысты. 18 ғ-ға қарай Ж. х-ндағы адам саны 1 млн-ға жетті, басқа ұлттарды қосқанда мемлекеттегі халық саны 1,5 млн-ға жуық еді. Ж. х-нда билеушілердің сатылы бағыныштылық тәртібі орнатылды, билеушілер тобына ұлы тайшылар, кіші тайшылар, зайсандар және жоғары ламалар кірген. Кіші тайшылар ұлы тайшылардың вассалдары болып есептелді. Ұлы тайшылар және кіші тайшылар көшпелі тайпалардың мал жайылымдарын, жоғары ламалар ғибадатханаларға тиесілі жерлерді иеленді. Зайсандар кіші тайшыларға бағынды. Ал төменгі әлеум. топтар араттар (қарапайым шаруалар) деп аталып, екіге бөлінді: албату –билеушілерге және шабинарлар – діндарларға тәуелділер. Олар өз иелеріне басыбайлы бекітіліп берілді. Албату Ж. х. әскерінің негізін құрады, ал шабинарлар әскери қызметтен босатылды. Хандықта құлдар да болды, бірақ олардың қоғамда рөлі болмады. Хандықтағы жоғары билікті хандар жүргізді, хан тағына тек шорос тайпасынан шыққандар отырды. Хан лауазымы қонтайшы деп аталды. Ж. х-н құрған негізгі тайпалардан – ұлы тайшылар шықты, кейін қосылған тайпалардың билеушілері – кіші тайшылар болды. Кіші тайшылар билік жүргізген топтар – анги деп аталды. Ең шағын әлеум. бірлестік – хотон деп аталып, оның құрамында 4, 10, 50 жанұя болды. Бірнеше хотон аймақты немесе отоқты (шіркеу иелігінде иасы деп аталған) құрады. Әкімш. басқару жүйесінде мемл. аппарат маңызды рөл атқарды. Шенеуніктер 12 дәрежеге бөлініп, әрқайсысының атқаратын қызметі анықталды. Ұсақ қызметтерді атқарушылар да көп болды: 30 адамға бір басқарушыдан келді. Олардың жалпы саны 35 мыңға жеткен. Сот билігін атқарушылар зорго (сот өкілдері) деп аталып, ең беделді 8 зорго министрлер қызметін атқарды. Әскерді басқаруда бұрынғы Шыңғыс хан империясында қалыптасқан жүйе сақталып, өте қатаң тәртіп енгізілді. Сыртқы саясатта Шығ. Моңғолия тайпаларымен және Цин империясымен әр кез соғыстар жүргізіп отырды. Бұл саясат хандық жойылғанға дейін тоқталған жоқ. Ресей мен Ж. х-ның арасында өзара елшілік қарым-қатынас орнады. Жоңғарлардың Кузнецк уезінен қару-жарақтар сатып алып тұрғаны туралы деректер бар. Ж. х-ның Ресей империясына бодан болу туралы ұсыныс жасаған кезі де болған. Ресейден Ж. х-на тұтқынға түскендер онда маңызды рөл атқарған. Тұтқынға түскен швед офицері Ренат 18 ғ-дың 1-ширегінде Ж. х-ның қарулы күштерін жарақтандыруға елеулі үлес қосқан. Ж. х. Шығ. Түркістан халықтарына басқыншылық жорықтар жасап, оларға билік жүргізді. Басқа да тәуелді халықтарға қатаң тәртіп орнатты. Ж. х. мен Қазақ хандығының арақатынасы өте шиеленісті болды. 16 ғ-дың 30-жылдарынан бастап Ж. х. Қазақ мемлекетіне қарсы басқыншылық саясат ұстанды. Қазақ халқы ойрат-жоңғар шапқыншылығына қарсы екі жүз жылға жуық уақыт бойы ерлікпен күрес жүргізді (қ. Жоңғар шапқыншылығы). Қалдан Серен қайтыс болғаннан кейін Ж. х-нда тақ үшін талас-тартыс басталды. Осы жағдайды пайдаланған Цин империясы 1755, 1756, 1757 жылдары бірнеше дүркін шабуылдар жасап, Ж. х-н талқандады. Цин империясы басқыншыларына қарсы Әмірсана бастаған көтеріліс жеңіліске ұшырады. Цин әскерлері көтерілісшілерді аяусыз басып-жаншыды. Жоңғарлар қатты қырғынға ұшырап, нәтижесінде Ж. х. жойылып кетті.
Е. Уәлиханов
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 4-том