8 Қараша 2012, 11:43
Соңғы редакциялау
17 қазан 2012
Билер соты — дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан билік институты, ежелгі құқықтық реттеу пішімдерінің бір түрі. Б. с-ның пайда болып, қалыптасу кезеңдері хақында ғыл. әдебиетте әр алуан, бір-біріне қарама-қайшы пікірлер орын алып келді. Әсіресе, В.А. Моисеев сынды зерттеушілердің Б. с. — Тәуке ханның (1680 — 1718) реформаторлық қызметінің жемісі деуі тарихи шындықтан тым алшақ, қарапайым танымдық қисынға жуыспайтын жорамал. Біріншіден, хандық дәуірдегі кез келген реформалық нышандар, соның ішінде дала конституциясына айналған “Жеті Жарғы” заңдары үш жүзге беделді, халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, жол-жоралғысын жетік білетін атақты билерінің қатысуымен қабылданғаны белгілі. Ал, сот төрелігін жүзеге асырып, әдет-ғұрып жосындарының негізінде үкім шығару не кесім айту қоғамдағы потестарлы билік иесі — би қызметінің бір қыры ғана. Екіншіден, “Жеті Жарғы” қабылданғанға дейін қазақ қоғамында “Қасым ханың қасқа жолы”, “Есім ханның ескі жолы” тәрізді әскери-әкімш. заң сипатындағы кодекстер басшылыққа алынған. Бұл заңдар көне дәуірлерде өмір сүріп, көшпелілер мәдениетінің негізін қалаушы протоқазақтардың — ғұн, сақ, т.б. тайпалардың әскери түзіліктерінің жалғасы еді. Б.з.б. 2 ғ-да қуатты империя құрған ғұн ханы Модэ (Мөде) Шаньюй (б.з.б. 209 — 174 ж.) өз мемлекетін 24 ұлысқа бөліп, оның әрқайсысына тайпалардың ең таңдаулы, беделді адамдарын басшылыққа тағайындайды. Олар ханның өкім-жарлықтарын бұзған кінәлілерді жазалауға не айыпқа тартуға уәкілетті болған. Модэ ханның ізбасары Лаошан Шаньюдің (б.з.б. 174 — 161) қытай боғдыханы Хуан Диге жазған хатында, сондай-ақ, ухуань тайпасының тарихы туралы көне жазбаларда алғашқы әскери түзілік қағидалары мен қазақтардың әдет-ғұрып жосындарының сабақтастығын айқындайтын деректер көп: мыс., “тайпа басыларының әміріне бағынбағандар өлім жазасына кесіледі. Ұрлық жасап, кісі өлтіргендерден, тайпабасыларына шағымданбай-ақ, ауылдастары кек қайтара алады. Тайпа көсемінің кәріне іліккен қашқындар мен сатқындарға ешкім қоналқы жасап, пана беруге тиіс емес. Мұндайлар шөл даладағы кесапатты елге қуылады. Онда улы мақұлықтар көп” деп баяндайды. Осы сырдаң деректеменің өзінен-ақ көне замандардағы хандық басқару жүйесінің тайпа көсемдеріне әкімш.-құқықтық уәкілет беру арқылы мемлекет ішіндегі тәртіп пен реттілікті нығайтуға ұмтылғанын, соның нәтижесінде далалық демократияның классикалық үлгісі — Б. с-ның пайда болып, қалыптасу сатыларынан өткенін пайымдауға болады. Міне, сондықтан ерте дәуірлерден патшалық Ресей отарлай бастағанға шейін саяси-потестарлық негізде дамыған қазақ қоғамында сот төрелігі мемл. басқару иерархиясындағы жоғарғы буын — хандық билікпен теңдес, тіпті кейде одан биік деңгейде тұрды. Мыс., 1785 жылдың күзінде өткен Б. с. Кіші жүздің солт.-батыс бөлігін билеген Нұралы ханды қарауындағы халықты алым-салықпен титықтатып, мұң-мұқтажына құлақ аспағаны үшін тағынан тайдыру жөнінде кесім шығарды. Ресей үкіметінің өкілі — ген.-губернатор О.А. Игельстромның бітімгершілік миссиясы сәтсіз аяқталады. Билер “біздің кесіміміз — халықтың қалауы. Ал “халық қаласа, хан тағынан ажырар” деген мақал бар. Хан билер кесімін орындауға тиіс, әйтпесе... 1748 ж. 2 қазанда оны хан көтергенде берген антымызды бұзып, арты насырлы әрекетке барамыз. Біздің салтымызда қара төреге қол көтермейді, бірақ халық соны қаласа, басқа амалымыз жоқ” деп көнбей қояды. Ақырында, байбақты руының биі әрі батыры Сырым Датұлы бастаған халық көтерілісі бұрқ ете қалды да, Нұралы хан ордасын тастай қашады. Сондай-ақ, өз аталасы (Жошыдан тарайтын Өсеке әулетінен шыққан) Әбілқайыр ханды өлтіріп, тығырыққа тірелген Барақ сұлтанның тегі төре тұқымы (Жошыдан тарайтын Жәдік әулетінен) болса да Б. с-на жүгінуі де потестарлы (бұқаралық) жүйенің орталық хандық биліктен жоғары тұрғанын дәлелдесе керек. Б. с., негізінен, әдет-ғұрып жосындарына сүйене отырып, ашық әрі жариялы түрде жүргізілген. Шариғат заңдары ішінара, некелік-отбасылық қарым-қатынастарға қатысты қолданылған. Сондықтан, әлеумет қазиларға емес, “ата-баба жолын” жетік білгендігімен, қара сөзге шешендігімен әрі қара қылды қақ жаратын әділдігімен “би” атанған беделді адамдардың төрелігіне жүгінген. Б. с-ның шешіміне көңілі толмаған, әділдігіне сенбеген дауласушы тарап өзге биге шағымдануға немесе төбе би төрелігіне жүгінуге құқылы болған. Б. с. жергілікті мәндегі дау-дамайды, қылмыстық және азаматтық істерді қараған. Ал қазақ жүздері мен руларының арақатынасына, ақсүйектер өліміне қатысты мемл. маңызы бар істерді хан-сұлтандар белгілі билерді қатыстыра отырып шешкен. Қалыптасқан әдет-ғұрып қағидаларына сәйкес талапкер не жауапкер төре тұқымынан шыққан болса, оған хан-сұлтандар ғана билік айтуға тиіс. Бірақ бұл қағида кейбір жағдайларда сақтала бермеген. Мыс., Н.П. Рычковтың айтуынша, Б. с. қарауындағы жалшысын ұрып, жарақаттағаны үшін Нұралы ханға құн төлеу туралы кесім шығарған. “Хан көнгісі келмеп еді, бірақ халық кісі өліміне төленетін құнның жартысын төлеуге оны мәжбүр етті” деп жазады тарихшы. Б. с-ның іс қарау процесі ауызша, дауласушы жақтардың және куәгерлердің қатысуымен өткен. Жауапкердің өзі кінәсін мойындауы, заттай айғақтар, куәгерлердің сөздері мен ант суын ішу рәсімі Б. с-ның шешім қабылдауына негіз болған. Әсіресе, әділетті төрелік айту үшін маңызы зор болғандықтан кәмелет жасына толмағандар, ақыл-есі кемдер, дауласушы тараптардың туыстары, дос-жарандары куәгерлікке тартылмаған. Дауласушы тараптарды, куәгерлерді тыңдап, қажетті жағдайда — ант қабылдатып алғаннан кейін Б. с. оңаша кеңесіп, қылмыстық іске қатысты — үкім, азаматтық іске байланысты кесім шығарған. Егер Б. с-ның мүшелері өзара ортақ шешімге келе алмаса, төбе бидің уәжіне тоқтаған. Б. с-ның шешіміне разылық білдірген талапкер мен жауапкердің арасында дау-дамай бітіп, келісім орнағандығының белгісі ретінде ала жіп кесу рәсімі жасалған. Б. с-ның шешімі орындалмаған жағдайда барымта ин-ты, яки кінәлі жақтың малын айдап әкету ғұрпы қолданылған. Дау-дамайға төрелік айтып, шешім шығарғаны үшін билерге әдет жосындарында белгіленген мөлшерде сияпат — “билік ақы” төленген.
Дәстүрлі сот төрелігінің тағы бір ерекшелігі — билер ауқымды дискрециялық уәкілет иеленді, яки қалыптасқан әдет-ғұрып жосындарын өз қалауына орай түсіндіре отырып, нақты оқиғаның мән-мазмұнына сәйкесті түрде шешім қабылдай алды. Алайда, Б. с-ның дискрециялық уәкілетінің белгілі шегі болды, ол, негізінен, “дау мұраты — бітім” деген құқықтық қағиданы басшылыққа алды. Олар дау-жанжалға билік айтып, қоғамдық тепе-теңдікті сақтауға мүдделі төреші әрі делдал тарап болғандықтан, мәжбүрлеу шараларын қолданған жоқ. Сондықтан, дәстүрлі қоғамдағы Б. с-ның басты қызметтік міндеті — жаза тағайындау не залалдың материалдық өтемін қайтару емес, әділеттіліктің салтанат құруына көмектесу. Ресей империясының отарлау саясатының, 1864 ж. сот реформасын енгізуінің салдарынан Б. с. өзінің демокр.-құқықтық ин-т ретіндегі дәстүрлі мән-маңызын жоғалтты. Үш сатылы Б. с-н (жеке-дара сот, болыстық және төтенше съездер), сот төрелігінің жаңа жүйесін енгізіп, құқықтық құзіретін шектеу оның қызметін елеулі дәрежеде өзгертті. Ол қазақ даласындағы отаршылдық басқару әкімшілігінің бір тармағына айналды.
М. Ізімұлы
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 2-том