Астана - 1942-1951 жылдар аралығы

19 Маусым 2014, 07:46

7 мамыр — Ақмолада машина жасау ірі кәсіпорны «Казахсельмаш» зауытын салу туралы КСРО Совнаркомының Қаулысы шықты. Оны салу елдің шығысында ауыл шаруашылық машиналарының базасын құру қажеттілігінен туындады.

1942

7 мамыр — Ақмолада машина жасау ірі кәсіпорны «Казахсельмаш» зауытын салу туралы КСРО Совнаркомының Қаулысы шықты. Оны салу елдің шығысында ауыл шаруашылық машиналарының базасын құру қажеттілігінен туындады. Тірек базасы ретінде «Сельхозтранс» автобасқармасы гараждары пайдаланылды, олардың жалпы көлемі 800-900 шаршы метр болатын бірнеше бокстардан тұрды, сондай-ақ «Каз-пиво» зауытының тас ғимараты да (төңкеріске дейін салынған көпес С.А. Кубриннің бұрынғы сыра жасау зауыты) пайдаланылды.


1943

Қаңтар — Ақмола-Қарталы темір жол желісі тұрақты түрде пайдалануға берілді. Ақмолада бірлескен қазақ-орыс драма театры құрылды.


1944

14 наурыз — Ақмола облысы құрамынан Көкшетау облысы бөлініп шықты.


1945

Қыркүйек — Қалада машина жасау техникумы ашылды.

Қазан - Қалада темір жол техникумы ашылды.


1947-1948

Қала көшелерін асфальттау, көгалдандыру және жарықтандыру бойынша жұмыстар басталды. Бірінші болып ұзындығы 4130 м болатын, қаланың сол кездегі негізгі магистральды көшесі әрі қала орталығын вокзалмен қосатын Октябрьская көшесі, Сталин көшесі – 225 м, Ленин көшесі – 825 м, Пролетарская көшесі -120 м жөнделді. Алғашқы жарықтандырылған көшелер: Ворошилов көшесі - электр стансасынан алаңға дейін, Ленин көшесі — темір жол басқармасы ғимаратынан горсоветке дейін, Сталин көшесі — насос зауытынан ЦРМ жаққа қарай. Қаланы көгалдандыру қала тұрғындарының ынтасы арқылы жүргізілді. Әйтсе де жас көшеттердің тамыр жайып кетуі төмен деңгейде болды: үнемі күтіп-баптау әрі қоршаудың өзінде 80-75%-ды құрады, яғни 60-70% көшеттер жарамсыз болып қалды.


1949

Есіл өзенінің тасуы салдарынан ірі су тасқыны болды. 30 тұрғын үй қирады, қала бағы қарсысында тереңдігі 15 м жағаны су шайып кетті. Қаланың бұрынғы картасында Есіл өзені суы бақтың 1/3 аймағын шайып кеткенін көрсетеді, қала бағынан ШРЗ-ға дейін толық бір көше жойылып кетті. 1951 ж. өзеннің тасуы кезінде Садовая көшесінің оңтүстік бөлігінің және бақтың қалғанының жойылып кету қаупі төнді. 1950 жылдан 1960 жылға дейін он жыл аралығында жағалауды 60 м ендік пен 1,5 км ұзындыққа дейін су шайып кеткен, нәтижесінде бақтың бір бөлігі қирады, жас көшеттер жойылып, тұрғын үйлер шайылып кетті. Тек 1960 жылы тасқын су салдарынан 63 тұрғын үй бұзылған. Есіл өзені қаладан 135 шақырым жерден Жаманнияз шоқысынан бастау алады. Өзеннің тасуы қардың көптігі мен Нұра өзенінен сең жүруіне байланысты болды. Нұра өзенінің тасқыны кезінде Ақмолаға жақын жері Есіл өзенімен қосылып оған өз суын құяды. 19 ғасырдың өзінде су тасқыны кезінде «слободка» мен «казак» станицасының бір бөлігін жиі-жиі су басып кетіп отырған. Әсіресе, 1847, 1861, 1908, 1911, 1923 жылдары Есіл өзенінің тасуы ерекше қатты болған. 1847 жылғы өзеннің тасуы нәтижесінде қаланың үштен бір бөлігі қираған. 40-жылдары қалалық кеңес мәжілістерінде Есіл өзенінің тасуы салдарынан су басып кетумен күресу мәселесі жыл сайын көтеріліп отырды. 1946 ж. көктемде болжам бойынша қатты су тасқыны күтілді. Қалалық кеңесте арнайы су тасқыны комиссиясы құрылды. Барлық мекемелер, ұйымдар мен жеке меншік үйі бар адамдарға арық-атыздар мен суағар, суағызғыштарды күні бұрын жөндеу міндеттелді. Речная, Набережная, Южная, Ишимская, Садовая, Банная, Первомайская және Калинин көшелерінде тұратын қала адамдары су тасқыны кезінде осы мақсатқа бөлінген калалық тұрғын үй басқармасы берген үй-жайларға алдын ала көшірілді. Милиция мен өрт сөндірушілердің арнайы жасағының күшімен су басып кеткен жерлердегі мүлікті қорғау мақсатында қайықпен күзет жұмыстары жүзеге асырылды. Су тасқыны кезінде Есіл мен Нұра өзендерінің су деңгейін бақылаудың Вишневкада, Ақмолада, Талапкерде, №29 кентте, Рождественкада шұғыл пункттері құрылды. Мәліметтер қалалық комиссияға күн сайын түсіп отырды.

Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы

Бөлісу: