2 Наурыз 2013, 03:58
Киносы. 1910 ж. Ақмолада тұңғыш жекеменшік (бай саудагерлер А.И. Скворцов пен Д.В. Егоровтың) «Метеор» кинотеатры ашылды. Онда шетелдік ақ-қара түсті мылқау кино көрсетілді. Бір жылдан соң өртеніп кеткен «Метеордың» орнына ағайынды Егоровтар «Прогресс» кинотеатрын салды, ол 1919 жылға дейін жұмыс істеді. 1925 ж. түбегейлі жөндеуден өткен кинотеатр ғимараты «Пролетарий» кинотеатры болып аталды, кинотеатрда отандық және шетелдік фильмдер жүрді. 1934 жылдан оның есімі «Заря» болып өзгеріп, қаладағы осы жалғыз кинотеатр 50-жылдардың ортасына дейін халыққа қызмет етті. Тың игеру науқаны қалада кино желісін кеңейтуге ықпал етті. 1989 ж. Целиноградта 4 кинотеатр жұмыс істеді. Жаппай видео дәуірінде «үлкен экран» өз беделін жоғалтты. Астана ірге тігер кезеңде «Киновидеопрокат» дирекциясының (1999 ж. 16 маусымда тіркелген) калада «Октябрь» атты бір ғана кинотеатры жұмыс істеді, оның негізгі көрермендері балалар еді. Астана – бүгінгі таңда «Самұрық» («Синема-Сити»), «Арсенал», «Жаңарқа» секілді әсем кинотеатрлары бар қала. «Жастар» сарайының көрермендер залында да кинофильмдер көрсетіледі. Қала өміріндегі ірі оқиға 1999 ж. желтоқсанда қазақ киносының 70 жылдығына арналған «20 ғасыр киносы» кинофестивалі болды.
Кітапхана ісі. Астана қаласы кітапханалары қарауындағы мекемелері қызмет көрсететін аясы мен ақпарат алмасу жағынан мәдениеттің ең ауқымды саласын қамтиды. Қалада әр қилы 145 кітапхана жұмыс істейді. Көпшілік кітапханалары Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне (ОКЖ) біріктірілген, оған 22 кітапхана кіреді. Қаладағы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі 1974 ж. құрылды, оның қарамағында 19 кітапхана болды. Жылдар өте келе оның саны мен сапасы өзгерді. Халыққа қызмет көрсетудің жаңа жетістіктеріне кол жеткізді. Кітапханалар өз қызметіндегі негізгі принциптерді: ақпаратқа еркін қол жеткізу, тегін қызмет көрсету, оқырмандарды ұлттык және әлемдік мәдениет құндылықтарымен, білім және ақпаратпен қауыштыруды жалғастырып, сол бағытты ұстануда. ОКЖ кітапханалары қала өміріне белсенді араласып, өзінің қажеттілігін ісімен көрсетіп отырады, астаналықтардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға атсалысады. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ашылмас бұрын ел Президенті Ұлттык академиялық кітапхананы іске қосу, қазіргі заманғы цифрлық және виртуалдық қойма эталонын жасауға мүмкіндік тудырды. Жаңа кітапхана Қазақстан кітапханалары қорының тура мағынасындағы электрондық қоймасы, кітапхана үрдісіне цифрлық жүйені енгізудің көшбасшысы болуы тиіс деп атап өткен болатын. 2004 ж. 12 сәуірде ҚР Үкіметінің ҚР Ұлттық академиялық кітапханасын (ҚР ҰАК) ашу туралы қаулысы шықты. Кітапхана тұсаукесері 2004 ж. 10 маусымда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев және Мәскеудің мэрі Ю. М. Лужковтың қатысуымен өтті. Бүгінгі таңда ҚРҰАК қызметі әлем кітапханалары санатында үлкен беделге ие бола бастады.
Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы