2 Наурыз 2013, 00:29
Астана нысандарын жобалауға әлемдік сәулет шеберлерін тарту туралы нұсқау берілді, ал құрылыс жұмыстарына тартылатын мердігерлер әлемнің жетекші құрылыс компанияларының қатысуымен өтетін тендерлердің нәтижелері бойынша анықталды. Мәселенің бұлайша қойылуы жобалау мен құрылыс жүргізудің кеңестік кезеңнен қалған анайы түрінен арылып, бәсекелестік жағдайының қалыптасуына әкелді және әлемдік сәулет-құрылыс стандарттарын пайдалануға, қазіргі қала салу тәжірибесі мен теориясының ең жаңа жетістіктерш енгізуге мүмкіндік берді. Қаланы тұрақты дамытудың болашағы мен сапасын айқындаушы негіз оның Бас жоспары болып табылады. Сондықтан Бас жоспардың дайындалуына аса үлкен мән берілді. Бас жоспарды дайындау үшін танымал отандық сәулетшілер тобына (Б. Досмағамбетов, С. Баймағамбетов, Қ. Монтақаев, Т. Ералиев, С. Рүстембеков, С. Жүнісов, Е. Мұхаметшина, Л. Нысанбаева, В. Гладких, В. Тоскин) 1996 ж. тапсырма берілген болатын. Сонымен бірге қаланы дамытудың басқа да, барынша ұтымды, бірегей бастамаларын қарастыру үшін, Ақмоланың (қазіргі Астана) Бас жоспары тұжырымдамасының түрлі нұсқаларын дайындауға конкурс жарияланды. Конкурста қазылар алқасы «Ақмола – Алматы» жобалау-құрылыс компаниясы шығармашылық тобының эскизидеясына бірінші орынды лайық деп тапты. Екінші орын Қарағанды қаласы сәулетшілерінің шығармашылық тобына берілді. Жас мемлекеттің дағдарыстық жағдайды басынан кешіріп отырғанына қарамай, барынша қысқа мерзім ішінде астананы көшіру керек болды. Бұрынғы облыс орталығын қазіргі халықаралық стандарттарға сай астаналық қалаға айналдыру үшін алдыда 2-3 жылдың ішінде ауқымы үлкен негізгі жұмыстарды жоғары деңгейде орындау міндеті тұрды. Негізгі мәселе мынада болатын: біз сол кезде қала салу жобасының барлық қажетті формалды үрдістері мен дайындалу мерзімін және ұйғарымдарын сақтау үшін құрылыс жұмыстарын бірнеше жылға тоқтата тұруымыз керек немесе қала салу жобаларының аяқталуын күтпей, қаланы дамытудың Бас жоспарынсыз-ақ, тез жылдамдықпен үлкен аумақта жорамалдап құрылыс жүргізе беруіміз керек деген секілді осындай екі ұдайы таңдаудың ортасында қалған едік. Екеуінің қайсысына болсын тәуекел ету оңай емес. Тығырықтан шығудың төте жолын іздеуге тура келді және ондай жол табылды да. Өткізілген конкурстың нәтижесі бойынша ҚР Үкіметінің Қаулысымен Қазақстанның жаңа астанасын дамытудың Бас жоспарын дайындайтын шығармашылық топ тағайындалды. Оның құрамында Б. Досмағамбетов (шығармашылық топ жетекшісі), С. Баймағамбетов, С. Рүстембеков, Т. Ералиев, Қ. Монтақаев бар еді. ҚР Үкіметі Қаулысының негізінде Астана қаласы Әкімінің өкімімен авторлар ұжымының базасында құрвылған «Ақ Орда» жобалау-құрылыс компаниясына бірінші орын иеленген конкурстық жоба ережелерін басшылыққа ала отырып, тез арада өзінің тұрған аумағында 2005 жылға дейінгі кезеңдегі қала салудың бірінші кезекті маңызды міндеттерін шешу жобасын дайындау тапсырылды.
Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы