28 Ақпан 2013, 06:13
«Әкем Нұртас Айдарбек бала күнімнен менің сахнаға шығып, әнші болғанымды қалады. Осы жолда маған үлкен қолдау көрсетіп, әрдайым демеп отырды. Әрбір жетістігіме қуанып, концерттерімнен қалған жоқ. Қай қалаға барып, концерт қоямын десем де бетімнен қаққан емес. Анамыз екеумізге бар жағдайды жасап, ұлының ел үшін қызмет жасауына күш салып отыр. Әкемнің ойынан шығып, үмітін ақтағаныма өзім де қуаныштымын. Қазақ өнері әлемдік деңгейге шығу үшін ағылшын, неміс, орыс, түрік, испан, француз тілдерінде ән айту міндетті емес. Ана тіліміз арқылы сол мақсатқа жеткім келеді» дейді ол.
«Шыда жүрек» әнінің музыкасын Қайраттың өзі жазған. Оның репертуарындағы «Өкініш» әні де әншінің өзіне тиесілі. Осы әннің желісімен өткен жылы фильм түсіру жұмыстары қолға алынған. Жаңа картина сәуір айынан бастап эфирге шығады. Астана, Ақтау, Түркістан қалаларында жүзеге асқан сценарий желісі Қайраттың өз өмірінен алынған. Фильмге әншінің ата-анасы, бауырлары, сондай-ақ Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов сияқ-ты белгілі актерлер тартылған.
«Біз бұл фильмді жанкүйерлерім мен тыңдармандарымның өтініші бойынша қолға алып, көптен бері ойланып, жоспарлап жүр едік. Бастапқыда оқиға желісінің түзілуі ұнамады. Іле-шала Баян Есентаеваның «Ғашық жүрек» фильмі жарыққа шықты. Біз «осы туындыны халық қалай қабылдайды екен, сараптап көрейік, жарысқандай болмайық» деп кідіріс жасауды ұйғардық. Сабақты иненің сәті биыл келген тәрізді. Сценарий авторы Кенжебек Шайқанов. Экрандағы оқиғалардың жетпіс пайызы өмірден алынған. Боямасы жоқ көріністер. Жанры жағынан драмалық мелодрама, арасында езу тартар тұстары да жоқ емес. Фильм барысында екі ән орындалады. Демеушілерге келсек, менің ата-анамнан бөлек, ешқашан басқа демеушілерім болмаған. Сондықтан жұмсалған қаражаттың барлығы отбасымыздың табысынан алынды. Өзім де қазіргі уақытта аз ақша таппаймын. Құдайға шүкір, өзімді-өзім көтеретіндей шамаға жеттім. «Өкініштен» ақша тауып, байып кетсем деген де мақсатым жоқ. Бұл менің көрерменімнің сұрауы бойынша түсірілді. Осы туынды арқылы оларға деген өзімнің де сый-құрметімді білдіргім келді. Қорыта айтқанда, сәуір айынан бастап тамашалап, бағасын өздеріңіз беретін боласыздар, – дейді Қайрат Нұртас.
Жас таланттың шығармашылық жаңалығы мұнымен де бітпейді. Әнші апта басында ән жинағымен бірге, «Қайрат Нұртас» деп аталатын жаңа журналды да көпшілікке таныстырды. Басылымда шоу-бизнес өкілдерінің жаңалықтары жазылмақ. Тағы бір айта кетерлігі, алдағы уақытта «Қайрат Нұртас» маркалы брендтік киімдері тігілетін болады. Оған қоса, Ресей телеарналарының бірінде ән шырқауға ұсыныс алып отыр.
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ