27 Ақпан 2013, 10:27
1865 ж. олардың жылдық сауда айналымы бір жарым млн рубль шамасын құрады. Осында болған шетел зерттеушісі Арминий Вамбери Ақмоланың ірі сауда саласы ретіндегі рөлін: «Ақмола Ташкент пен Бұхара керуендері үшін орталық қызметін атқарады. 1866 жылдың қыркүйегінде оған, негізінен, мақта тиелген 15000 түйе келді», — деп атап өтеді. Ақмола жәрмеңкесінде тауарлардың үш тобы басым болды. Біріншіден, мал саудасы: жылқы, ірі қара, қой, сонымен қатар түрлі аң терілері, түйе, қой жүні мен киіз. Екіншіден, Орта Азия мен Қытайдың отырықшы мекендерінің өнімдері: мақта-мата тауарлары, жібек, кепкен жеміс, мақта, күріш, ат әбзелдері, былғары, киім-кешек, аяқ киім. Үшіншіден, Ресейден әкелген тауарлар өте көп болды: темір қайла, балта, қолжуғыш, тегене, ошақ, қазан, мыс самаурын, шәйнек, құмған, сандық, түрлі түсті шыт, жүн маталар, шүға, әшекейлер, бақалшық ұсақ-түйектері мен астық. Жәрмеңке қаланың шет жағында өткізілді. Мұнда мал мен шикізат айырбас саудасы да жүргізілді. Мал мен мал өнімдері жәрмеңкесі қаладан он-жиырма шақырымдай қашықтықта орналасты. Орта Азиядан келген кірешілер қалаға жақынырақ тоқтады. Көпестер жергілікті түрғындардың киіз үйлерін жалға алып, оларды дөңгелете тігіп, сауданы сонда жүргізді. Жалға тіккен киіз үйлердің саны кейде 500-ге жетті. Ондағы сауда тамызға, кейде қыркүйектің ортасына дейін созылды.
1862 ж. округ қала статусын алды.
Қала мен аймақ тарихындағы маңызды сәттердің бірі 1868 ж. қала өзі аттас облыстың орталығы болды, бірақ облыстық басқарма мен барлық бас мекемелер Омбыда қалды. Крепоснойлық құқық жойылғаннан кейін қала реформасы Ресейдегі буржуазиялық қайта жанданудың негізгі құралдарының біріне айналды. Ол Ақмоланың тіршілігіне де елеулі өзгерістер әкелді. 1870 ж. II Александр бекіткен қала ережесіне сәйкес басқарманың сословиелік органдары таратылып, қалалық Думамен ауыстырылды. Думаның атқарушы органы – қалалық басқарма болды. Оған төртжылдық мерзімге сайланған депутаттардың сайлауы (дауыспен) құпия дауыс беру жолымен мүліктік ценздің негізінде жүргізілді. Сайлаушылар қазынаға жылдық кірістің жиынтығына байланысты үш разрядқа бөлінді.1872 ж. Ақмола қаласының көпестері мен мещандары гильдиялық алым төлемінен босатылған болатын. Бұл сауданы ынталандырмай қоймады. Ақмола көпестерінің арасында ағайынды Қосшығұловтар, Баймұхамедтің ұлдары – Құрманғали, Нұркен, Уәли мен Мұқан кеңінен танымал болды. Сонымен қатар Ғалиасқар мен Сыздық Халфиндер, Нұркен Забиров, Иван Силин, Петр Моисеев, Андриан мен Матвей Кубриндер де бай көпестер санатын құрады. Жергілікті көпестер мецанаттық пен қайырымдылықтың дәстүрлі жолын ұстанды. Олар өз қаржыларына мектептер, медресе мен театрлар салды. Осылайша 1898 ж. Ақмолада бастауыш білім жөніндегі қамқорлық қоғамы құрылды. Мектеп қамқоршылары санатында белгілі көпестер Матвей мен Василий Кубриндер, Иван Силин және басқалары болды. Баймұхаммед Қосшығұлов өз қаражатына мешіт пен мұсылмандарға арналған мектеп салдырды.
1875 ж. Ақмолада полиция басқармасы құрылды. 1876 ж. басқа уездердегідей Ақмолада да қазақ балаларына арналған интернат ашылды. 1878 ж. Көкшетау-Атбасар-Ақмола телефон желісі жүргізілді. 1880 ж. қалада қазақтарға арналған несие кассасы ашылды. Ол табиғат апаттарына ұшыраған ауыл адамдарына көмек беруге, үй шаруашылығын жақсартуға және өнеркәсіпті дамытуға арналған болатын. Несие ең алдымен, азық-түлікке мұқтаж қазақтарға берілді. Несие көлемі 10 рубльден 300 рубльге дейінгі мөлшерде болды.
Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы