8 Қараша 2012, 11:05
Соңғы редакциялау:
18 қазан 2012
ЖӘҢГІР ХАН, Салқам Жәңгір (1608 — 1680) — Қазақ хандығының ханы (1628/45 — 1680), Есім ханның баласы. Әкесінің тірі кезінде-ақ Қазақ хандығының шеткі ұлыстарын, нағашы атасы Әбдірақым хан билейтін Тұрфанмен шекаралас жерлерін басқарып жүрді. Бұл кезең қазақ-қалмақ арақатынасындағы аумалы-төкпелі, текетірес жылдар болатын. 1620 ж. қазақтың Есім сұлтаны, қалмақтың Алтын ханы, Шолай Убашы тайшы үшеуі ойраттарға қарсы одақ құрады. Алтын хан Қарақұлдың елін шауып, бала-шағасын тұтқындайды. 12 жасар Ж. х. осы кезде қалмақ елінде қазақ елшілігінің құрамында барған. Төрт жыл өткен соң қазақ сұлтаны Есім мен шорастың тайшысы Қарақұл бірігіп, Ресей иелене бастаған Тары бекінісіне шабуыл жасайды. Осы сәтті пайдаланған ойраттың Байбағыс пен Далай тайшылары Есім сұлтанның еліне тиіседі, бірақ жеңіліс табады. Осы кездегі ұрыстарда жас Ж. х. өзінің қолбасшылық қабілетін байқатады. 1635 ж. қазақ елінің солт-нде көшіп жүрген Ж. х-ның еліне Далай тайшы, ұужи тайшы, Тәуірхожа тайшы бастаған қарақалмақтар шабуыл жасайды. Ж. х. айналасындағы адамдармен қалмақтардың қолына түсіп, жеті жылдай тұтқында болады. Қалмақтар оны “лама” болсын деген ниетпен Тибетке жібере жаздайды. Қалмақтардың әскери тактикасын молынан игерген Ж. х-ды Батыр қонтайшының Өргесіне келген орыс елшісі Ремезов көріп, онымен тілдеседі. Кейін Ж. х. біраз серіктерімен еліне оралып, Қазақ хандығының билігін қолына алады. 1643 ж. Андасай бойындағы Кеңгір деген шақпақ таулы мекенде алты жүз ғана сарбазбен Ж. х. Батур қонтайшының алпыс мың әскеріне қарсы тұрып, шегінуге мәжбүр етеді. Шақпақ Кеңгір тауларының қапшық сайына қапылыста кірген қалмақ әскерлері қазақ мергендерінің оғынан әрең құтылады. Ж. х-ға Самарқан шаhарының аталығы Жалаңтөс баhадүр жиырма мың қолмен көмекке келіп жетеді. Осы шайқас Ж. х-ның даңқын шартарапқа жеткізеді (қ. Орбұлақ шайқасы). Оқыс оқиға тоғыз жылдан кейін Ж. х-ды ауыр жарақатқа душар етеді. Астындағы атының аяғы суырдың ініне кіріп кетуі, Ж. х-ның қалмақтың жас батыры, Цецен ханның ұлы ұалдаманың сілтеген шоқпарын бойына дарытуына себепші болады. Осы жекпе-жекте мертіккен Ж. х. жиырма жыл сал болып жатып, өмірден қамкөңіл өтеді. Қазақтардың “Салқам Жәңгір” деп атауы осыдан. 1680 ж. әкесінің орнын басқан Тәуке хан тұсында Қазақ елі едәуір есін жиды. Бұған қонтайшының екінші әйелі, 1635 ж. Ж. х-мен бірге қалмақтарға тұтқынға түскен Ақтайлақ бидің қызы Жұмақас (қ. Жұмақас Ақтайлаққызы) көп септігін тигізеді. Жұмақас өзінің Сенге мен ұалдан Бошақты сынды балаларына нағашыларының еліне маза беруді өтінеді. Балалары анасының бұл өтінішін жерге тастаған жоқ. Ж. х-ның тұсында, оның баласы Тәуке ханның заманында Қазақ елі жарты ғасырдай тыныштау, бейбіт өмір сүрді деуге болады.
А. Сатаев
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 3-том