8 Қараша 2012, 10:53
Соңғы редакциялау:
12 қазан 2012
Әбілқайыр, Әбілқайыр Мұқамбет Ғази Баһадур хан – хан, қолбасшы. 1693 ж. өмірге келіп, 1748 жылдың он екінші тамызында елу бес жасында қаза тапты. Әбілқайыр соғыстарда батырлығымен, айлакерлігімен, шабуылдарды ұйымдастыра білуімен аты шығып, мұрагерлік жолмен емес, өз беделімен Кіші жүздің ханы (1710 – 1748) болды. 1715 ж. Тәуке хан өлгеннен кейін үш жүздің бас хандығына таласты. Бірақ мұрагерлік жолмен Тәукенің ұлы Болат бас хан сайланды. 1723 жылға дейін Түркістанда тұрып, одан жоңғар басқыншылары қуып шыққаннан кейін Бұхар мен Хиуа хандықтарының шекарасындағы өзіне қарайтын көшпелі тайпаларға қоныс аударды. 1726 ж. Ордабасыдағы халық жиналысында қазақ жасақтарының қолбасшысы болып сайланды. Бұланты өзенінің жағасындағы (1728), Аңырақайдағы [1729(30)] ойраттарды талқандаған соғыстарда қолбасшылық қабілетімен ерекше көзге түсіп танылды. Қазақ хандары мен сұлтандарының алауыздығы артып, сыртқы қауіп күшейген шақта Ресей империясына арқа сүйеуді ойлады. 1731 ж. қазанда Ресей империясының қарамағына кіргендігі жөнінде ант (бұл антты 1738, 1740 және 1742 ж. қайталады) берді. Ант беру арқылы ол Ресеймен тату тұруды, оның қарамағына өткен башқұрт пен Еділ қалмақтарының қазақ қоныстарына шапқыншылығын тоқтатуды, Ресейдің көмегімен жоңғар қалмақтарының қол астында қалған қазақ жері мен қалаларын қайтарып алуды, империя әкімшілігіне сүйеніп, қазақ арасындағы беделін арттырып, үш жүздің басын біріктіріп өзі билеуді, хандықты балаларына сайлау тәртібімен емес, мұрагерлік жолымен қалдыруды көздеді. Сөйтіп, ол жеке мүддесімен бірге халықты апаттан сақтауды да ойлады. Алайда Ресей қазақ жерін бүтіндей отарлауды ойлады. Әбілқайыр оның саясатын дер кезінде түсінді. Хан жоңғар шапқыншылығы әлсіреген сайын Ресейден бойын аулақ салуға тырысты. 1740 ж. Хиуаны басып алып, аз уақыт осында хан атанды. Бірақ Иранның Нәдір шаһынан ығысып, тастап шығуға мәжбүр болды. Ол үш жүздің билеуші, қадірлі билерімен, белгілі батырларымен, саяси қайраткерлерімен тығыз қарым-қатынас жасады. Кіші жүз ханы ретінде оның саясатында қайшылықтар да бар. Қазақ даласын отарлаудың тірегі болған Ор бекінісін салуды (1735) өзі ұсынды. 1737 – 38 жылғы башқұрт халқының отаршылдық езгіге қарсы көтерілісін басуға қатысуы туысқан екі елдің қарым-қатынасын шиеленістіріп жіберді. Ханның дербестігі мен «орысшылдығы», қазақ даласына жайылып кеткен атағы кейбір сұлтандарға ұнамады. Солардың бірі – Орта жүздің сұлтаны Барақ Ор бекінісінен қайтып келе жатқан Әбілқайырмен кен далада кездесіп қалып, оны өлтіреді. Моласы Қабырға өзенінің Ұлқұяққа құятын тұсында, Торғай қаласынан 80 шақырым жерде.