8 Қараша 2012, 10:43
Соңғы редакциялау:
16 қазан 2012
Ақпан революциясы — 1917 жылғы 27 ақпанда (12 наурыз) Ресей империясында патша үкіметін құлатып, елде буржуазиялық-демократиялық республика орнатқан төңкеріс. А.р-ның жеңісі саяси жүйенің жоғарғы сатысы — респ. құрылысқа көшуге жағдай туғызумен қатар отаршыл жүйенің күш-қуатын әлсіретуге де мүмкіндік берді. А.р. нәтижесінде ресми билікті қолына алған Мемл. Думаның шешімімен құрылған Уақытша үкімет қазақ халқының 1916 ж. өзін-өзі билеуге құқықты болғандығын мойындады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқандарды жазалау экспедицияларының әрекеттері тоқтатылды. А.р-ның жеңісінің ең маңызды нәтижесі бұрынғы Ресей империясы аумағында кең көлемде саяси бостандықтар орын алып, бүкіл қоғамдық өмірдің демократиялануы болды. Бүкіл аймақта бурж. мәндегі бостандықтар (саяси ұйым құру, сөз, баспасөз т.б.) жүзеге асырыла бастады, жасырын түрдегі партиялар жариялық жағдайға шықты, жаңа партиялар мен басқа да саяси ұйымдар құруға рұқсат етілді. Алайда А.р. жеңісі қоғамдық өмірдің барлық мәселелерін шеше алған жоқ (мыс., соғыс және жер мәселелерін). А.р. монархияны құлатқанымен жер-жердегі ескі басқару аппаратын түбегейлі жоя алмады. Жаңа үкімет органдарын құру үшін күрес күрделі болып, ұзаққа созылды. Жер-жерлерде бурж-шыл Уақытша үкіметтің органдарымен қатар орталықта Петроград кеңесі басқарған жұмысшы, солдат және шаруалар Кеңестері құрылды. Рев. жеңісіне жеткеннен кейінгі алғашқы күндерде Кеңестердің қолында айтарлықтай күш болды. Елде қосөкіметтілік (ресми Уақытша үкімет және оның жергілікті жүйесі мен нақтылы күшке ие болған Кеңестер) жүйесі қатар орын алды.
Уақытша өкімет Ресей империясының Қазақстан сияқты отар аймақтарында кадеттерден, эсерлерден және өзінің саяси бағытын жүзеге асыруға сенімді деп табылған қазақтың ұлттық-демокр. интеллигенциясының жекелеген өкілдерінен өлкелік, обл. және у. комиссарларын тағайындады. Мыс., Ә.Бөкейханов Уақытша үкіметтің Торғай обл-ндағы, М.Тынышбаев Жетісу обл-ндағы комиссарлары болып тағайындалса, М.Шоқай, А.Бірімжанов, А.Кенесарин Түркістан өлкесі мен Торғай өңіріндегі Уақытша үкіметтің жергілікті органдарында жауапты қызметтер атқарды. Қазақстанның облыс, уезд орталықтарында Уақытша үкіметтің жергілікті органдары — атқару к-ттер, коалиц. к-ттер, азаматтық к-ттер жүйесі қалыптасты. Олар негізінен жергілікті орыс бурж-сының, кәсіпкерлердің, банкирлердің өкілдерінен құрылып, кадеттердің, эсерлердің және соларға жақын саяси партиялар мен қозғалыстардың мүшелері болды. Уақытша үкіметтің өлкедегі ұлттық тірегі 1917 жылғы наурыз айынан құрыла бастаған қазақ және мұсылман к-ттері болды. Олар негізінен сол жылғы шілде айында қазақтың ұлттық Алаш партиясын ұйымдастырған Ә.Бөкейханов басқарған ұлттық-демокр. интеллигенцияның жетекшілігімен құрылды.
А.р. жеңіске жетісімен ұлттық-демокр. қозғалыс (1917 ж. шілдеден — Алаш қозғалысы) басшыларының халыққа ұсынған саяси бағдарламасы жалпы алғанда түбірлі түрде Уақытша үкіметтің және оның саяси тірегі болған кадеттер партиясының ел басқарудағы бағытына қайшы келген жоқ. Сондықтан да ұлттық-демокр. интеллигенция басшылары Уақытша үкіметке қайшы келетін жолды ұстаған кеңестерге әуел бастан-ақ оң көзқараста болмады, олардан өз іргесін қашығырақ салды. Кейінірек, Кеңестер жаппай құрылып, Уақытша үкіметке ашық қарсы шыға бастаған кезде қазақтың ұлттық-демокр. қозғалысы күрделі жағдайға душар болды.
Қосөкіметтілік өзінің дүниеге келуі арқылы 1917 ж. А.р-ның ішкі қайшылықтарын бейнеледі, елдің қоғамдық-саяси өмірінің тұрақсыз екенін көрсетті. Мұндай жағдай ұзаққа созылмайтын еді: ерте ме, кеш пе, қосөкіметтілік жойылып, барлық билік бурж. мен оның одақтастарының мүддесін қорғайтын Уақытша үкіметтің немесе 1917 жылғы көктемде әлеум. және ұлттық езгінің ауыртпалығын көтерген халықтың басым көпшілігі жұмысшылар мен шаруалардың айтарлықтай бөлігінің сеніміне ие болған Кеңестердің қолына көшуге тиіс еді. Ақырында А.р-нан басталған саяси тұрақсыздық Қазан революциясына ұласып, Уақытша үкімет биліктен тайдырылды.
Әдеб.: Н у р п е и с о в К., Становление советов, А., 1987; соныкі. Алаш һәм Алашорда, А., 1995.
К.Нұрпейіс