8 Қараша 2012, 10:29
8 қазан 2012 жыл
ӨЛЕҢ – шағын көлемді поэзиялық шығарма. Ырғағы мен ұйқасы қалыпқа түскен, шумағы мен бунағы белгілі тәртіпке бағынған нақысты сөздер тізбегі. Ө-нің түрлері мен жанрлары әр алуан: ода, элегия, баллада, сонет, т.б. Кең мағынасында Ө. қысқа көлемді поэзиялық туындылардың жалпы атауы болса, тар мағынада муз. өнер мен сөз өнеріне ортақ туынды, яғни ән Ө-і. Қазақ ауыз әдебиетіндегі халық Ө-дері еңбек-кәсіпке орай (аңшылық, төрт түлік, наурыз Ө-дері), ескілікті наным-сенімге байланысты (бақсы сарыны, арбау), әдет-ғұрып негізіндегі (салт, үйлену, мұң-шер Ө-дері), қара Ө., тарихи Ө., айтыс Ө-дері болып бөлінді. Ө. сөздердің болмысы, жаратылысы аса күрделі, оған ишара, меңзеу, салыстыру, жұмбақтау, астарлау, бейнелеу, теңеу, ұқсату, т.б. тән. Ө. лирика жанрында кең тарады, тақырыбы жағынан саяси, көңіл күйі, табиғат, махаббат және филос. түрлерге жіктеледі.
Өлең құрылысы – өлең өлшемдерінің жасалу жүйесі, дыбыс үндестігі мен ырғағына тән ерекшеліктерді белгілейтін шарттар мен заңдылықтар. Өлең-жырдың күнделікті айтылатын жай сөз, қара сөздерден басты айырмасы олар мөлшерлі жеке жолдарға, яғни тармақтарға бөлінеді. Ө. тармағының құрылыс жүйесі әр халықтың поэзиясында өзінше қалыптасқан. Дүниежүз. әдебиетте орын тепкен Ө. құрылымы 4 түрге бөлінеді: 1) Метрик. Ө. жүйесі өлең ырғағында ұзын буын мен қысқа буынның кезектесіп келуіне негізделеді. Мыс., ежелгі грек және рим поэзиясында кең орын алған ямб, хорей, т.б. 2) Силлабо-тоник. Ө. жүйесінде екпінсіз буын мен екпінді буындар кезектесіп келеді. Ол орыс, неміс, ағылшын халықтары поэзиясында кездеседі. 3) Тоник. Ө. жүйесі орыстың халық поэзиясында қолданылған. Оны жазба әдебиетте орнықтырған A.Маяковский болды. Мұнда ырғақ екпінді буындарға негізделеді, екпін түспейтін буындар есепке алынбайды. Кейбір қосарланып келетін сөздер болмаса, тармақтағы әр сөз бір екпінмен айтылып, дербес ырғақтық бөлшек құрайды. Мұ-ның өзі өлеңді мәнерлеп, тақпақтап оқуға мүмкіндік береді. 4) Силлабик. Ө. жүйесі буын санының мөлшерін тұрақты сақтауға негізделген. Бұл өлең құрылысы француз, чех, итальян және барлық түркі тілдес халықтардың поэзиясында қолданылады. Бұл Ө. құрылысының басты сипат-белгілерін қазақ Ө-дерінің құрылымынан анық аңғаруға болады. Ө. құрылысының ұлттық сипат белгілері ұлт тілімен тамырлас. Қазақ өлеңі, алдымен буынға негізделіп, ырғақ пен тармақ та, ұйқас пен шумақ та буынға бағынады; қ. Қазақ өлеңдерінің құрылысы.
Өлең өлшемі – біркелкі ырғақ сақтау үшін қолданылатын өрнек. Ө. өлшемінің негізгі атаулары ежелгі грек поэзиясынан келген, көне грек, рим әдебиетінде бұл өлшемдер ұзын буын мен қысқа буынның кезектесуі арқылы жасалған. Араб, парсы, қазақ поэзиясындағы Ө. өлшемі буын санын тұрақты мөлшерде сақтау арқылы жасалады. Мыс., қазақ жыр үлгісінің тармақтары көбіне 7 не 8 буынды болып келеді, сондай-ақ 6 буынды Ө. өлшемі қолданылады. Ең көп тараған өлшемнің бірі 11 буынды. Тармақта буын саны төрттен асса, ол ырғақтың құрылысы жағынан бірнеше бунаққа бөлінеді. Мыс., алты буынды тармақта екі бунақ болады (3 буын + 3 буын). Поэзияда орныққан Ө. өлшемдері ауызекі тілде күнделікті айтылатын сөзге тән ырғақтың ең жеңіл, ықшам түрлерін саралап, екшеп, соларды бір жүйеге түсіру негізінде жасалған. Қазақ поэзиясында аралас буынды Ө. өлшемдері де жиі қолданылады. Абайдың “Сегіз аяғы” осындай үлгімен жазылған. Мұнда 5 және 7 – 8 буынды тармақтар белгілі ретпен кезектесіп отырады. Ө. өлшемі сөздердің тек сыртқы өрнегі ғана емес, ол ойдың өрістеуі, сөздердің мағыналық өзара байланысына, қиюласуына орайлас келеді.
Өлең ұйқасы – тармақтың соңындағы бірнеше буынның келесі тармақтарға сәйкес буындармен үйлесуі. Ұйқас Ө-дегі әр тармақтың жігін айқындап, Ө. сөздің ырғағын күшейтуге себін тигізеді, әуезділігін арттырады. Ұйқас түрлерін ажыратқанда, алдымен, оның сапасы, яғни ұйқасқан сөздердің өзара үйлесімі еске алынады. Ұйқас өзара үйлескен тармақтардың кезектесу ретіне қарай сан түрлі болып келеді: ең көп кездесетін ұйқастар: егіз ұйқас (аа), шалыс ұйқас немесе кезекті ұйқас (абаб), қаусырма ұйқас немесе орама ұйқас (абба). Соңғысы орыс поэзиясында жиі қолданылады, ал қазақ поэзиясында көп кездесетіні – қара өлең ұйқасы деп аталатын ақсақ ұйқас (ааба). Бұл 11 буынды өлең өлшемінде үнемі дерлік қолданылады. Қазақ поэзиясындағы жыр ұйқасы кейде шұбыртпалы ұйқас деп те аталады, ол бір ұйқасты ұзақ сақтап, бірнеше тармақтарды бірыңғай үйлестіруімен ерекшеленеді. Көбінше негізгі ұйқасқа (желілі ұйқас) қосымша, жанама ұйқас ілесіп, қосарланып отырады. Абай қолданған ұйқастың жаңаша түрлері: алты тармақты ұйқас (алты аяқ, аабввб) және “Сегіз аяқтың” ұйқасы (аабввбгг).
Өлең ырғағы – өлеңдегі белгілі ырғақты үлгі-өрнекті қолданудан туатын өлшемділік. Ол алдымен Ө-нің жеке жолдарға, яғни мөлшерлі тармақтарға бөлінуіне байланысты болады. Ө. тармақтарының көлемі әдетте тұрақты. Мыс., қазақ поэзиясында тармақ көбіне 6, 7 – 8, 11 буынды болып келеді. Әр тармақтың ішкі құрылысы, өрнегі. Айталық, 7 буынды Ө. 2 бунақтан (4 буын + 3 буын), ал 11 буынды Ө. 3 бунақтан тұрады (3 + 4 + 3 немесе 4 + 3 + 4 буындар). Тармақтар көбіне белгілі мөлшерде топтасып, тұрақты шумақ өрнегін жасайды. 4 тармақты шумақ қай елдің поэзиясында болсын ең жиі қолданылатын үлгі, сондай-ақ 2, 6 тармақты, т.б. шумақтар да кездеседі. Шумақ көлемінде тармақтар әр түрлі тәртіппен өзара ұйқасады, ұйқас бірнеше тармақтың соңындағы сәйкес буындардың дыбыс үйлестігінен туады. Ө. ырғағы өлшемділіктен туса да, жеке сөйлемдердің интонац.-синтаксистік құрылысының сан алуан болуына орай, Ө. сөздің нақтылы айтылуындағы ырғақ-үні үнемі құбылып, өзгеріп отырады. Ө. ырғағын байыту үшін сөзде бай мазмұн-мағына болуы керек, сонда интонация, дауыс толқыны түрленіп, жанданады, сөздің ырғақтылық-әуезділігі арта түседі.
Сөз өнері дамыған сайын қазақ өлеңінің құрылысы шыңдалып, кемелденіп, жаңа өлшем-өрнектермен толысып, байып келеді. Қазақ поэзиясының ырғақтық-интонац. байлығын молынан игеріп, өлең өрнектерін байытып, дамытуға зор үлес қосқан Абай ақын болды. Ол жаңа өлшем, шумақ, ұйқас түрлерін орнықтыруда асқан өнерпаздық көрсетсе, бұрыннан көп тараған белгілі өлшем-өрнектерді керек жерінде өңдеп, түрлендіріп қолдану жағынан да соншалықты зор өнегелі іс атқарды. Абайдың қазақ поэзиясына тыңнан қосқан өлең өрнектерінің ішінде “Сегіз аяқ” пен “Сен мені не етесің?” атты өлеңдері бар. Қазақ ақындары өлеңнің ырғақтық-интонац. мүмкіншіліктерін толығымен ашу, Ө. сөзді сөйлеу интонациясына тән ерекшеліктермен байыта түсу ісіне ат салысып келеді. Әсіресе, соңғы кезде поэзияда ерікті өлең түрі қолданыс тапқан, мұндай өлеңдерде белгілі бір өлшем берік сақталмағанмен, қалыпты ырғақтық өрнектер еркін қолданылады. Қазақ өлеңінің құрылымын Ш.Уәлиханов, А.Байтұрсынов, М.Әуезов, І.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, С.Мұқанов, З.Ахметов, З.Қабдолов, т.б. ғалымдар зерттеді.
З. Ахметов, С. Негимов
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 7-том