Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев ауылдық аумақтарды, оның ішінде шекара маңындағы ауылдарды дамыту туралы мәселе көтеріп, ауыл тұрғындарының жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін біз қазіргі уақыттың өзекті мәселелерінің бірі – ауылдық аумақтарды, оның ішінде шекара маңындағы ауылдарды дамыту мәселесін талқылауға жиналдық. Ауыл — қазақ елінің жүрегі. Қазақтың қасиетті құт мекені, қайнар көзі, алтын бесігі. Ауылдардың дамуына жағдай жасау — мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі болып табылады, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту және ауылдардың инфрақұрылымын дамыту — басты міндетіміз деп білемін, - дейді депутат.
Депутаттың айтуынша, соңғы 10 жылда өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының бірнеше кезеңдері, сондай-ақ басқа да салалық бағдарламалық құжаттар іске асырылды. Бірақ, одан үлкен нәтиже шықпады. Ауылдар қысқарып, олардың тұрғындары азайып жатыр. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Әрине, мәселесіз ауыл жоқ. Кейбір ауылдарда шешімі ұзақ жылдарға созылған су, газ және жол жайы тұрғындар үшін бас ауруына айналса, ал басқаларында спорт алаңдары, мәдени ошақтары сияқты заман ағымына сай орындар жоқтың қасы.
Қазіргі уақытта елімізде 66 шекара маңындағы аудандарда 1,8 млн халқы тұратын 1 383 ауыл орналасқан.
Олардың саны азайып, мемлекеттік қолдаудан тыс қалуда. Ауыл мен ауыл шаруашылығы екеуі егіз ұғым. Бұл туралы мен үнемі айтып келемін. Ауыл шаруашылығын дамыту арқылы ауылдарды көркейту қажет. Мәселен, әр ауылда кемінде бір шаруа қожалығы бар. Оларға жағдай жасау арқылы ауылды көркейтуге болады. Жұмыс орындары ашылып, халықтың тұрмыс тіршілігі оңалады. Сонда ғана біз еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жаңа серпін береміз. Осы мәселеге басымдық берілмесе, еліміздің қауіпсіздігіне нұқсан келуі де мүмкін, - дейді мәжілісмен.
Парламент Мәжілісінің қабырғасындағы менің алғашқы депутаттық сауалдарымның біріде осы тақырыпқа арналған болатын. Сол сауалда Самұрық Қазына Акционерлік қоғамының 279 еншілес ұйымы әр ауылдан кем дегенде бір ауыл шаруашылығы бағытындағы толық циклді өндіріс салуды жүктеу мәселесін қарастыру қажеттігі туралы ұсыныс айтылған. Алайда, Үкіметтің берген жауабында «қазіргі кезде жүргізіліп жатқан саясат пен қабылданған шаралар ауылдың дамуына оң әсер беруде» делінген. Бұл 2023 жылдың жаз айында болған әңгіме. Сол уақыттан бері көптеген ауылдар бос қалып, кейбіреулері тіпті картадан жойылып кетті.
Енді ресми мәліметке сүйенсек, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жалпы халықтың 37,2%-ы ауыл тұрғындары. Жылдан жылға бұл көрсеткіш төмендеуде. Бүгінгі күнде елімізде 6208 ауыл бар, ал 2023 жылы 6286 ауыл болды. Сонда тек 2 жылдың ішінде 80 ауыл жойылды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр Қазақстан ауылдарындағы халықтың миграциялық сальдосы 111,4 мың адамға жетті. Бұл – кейінгі 25 жылдағы ең төменгі нәтиже.
Алматы мен Атырау облыстарын қоспағанда, барлық облыстарда көші-қон сальдосы нөлдік белгіден төмен болды. Түркістан облысындағы жағдай ерекше алаңдатады, бұл өңірден 29,2 мың адам көшіп кеткен. Бұл жағдай дереу әрекет етуді талап етеді. Бүгін де ауыл тұрғындары өз бетінше мал бағып, егін өсірейін, жер игеріп, кәсіп бастайын десе кедергілер өте көп, қаржысы, қажетті инфроқұрылымы да жоқ. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы өз сөзінде: «Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру қажеттігін баса айтқаны баршаңызға мәлім. Сондықтан осы мәселені талқылап, ауылдарды соның ішінде шекара маңындағы ауылдарды дамыту бойынша нақты шешімдерге келген жөн, - дейді Жигули Дайрабаев.