Чикагода қандастар бас қосты

11 Мамыр 2023, 18:16 1399

Тарихи отанынан жырақта әлемнің әр түкпірінде шамамен 5 миллион қазақ тұрып жатыр. Әр елде қандастар тілі мен тәрбиесін ұмытпау мақсатында қазақ орталықтары жұмыс істейді. Бір ғана Америка құрама штаттарында 10-ға жуық орталық жұмыс істейді. Соның бірі Чикаго штатындағы Qazaq Community орталығы. Орталық басшысы Дәулет Орынбай мырзамен негізгі бағыт-бағдары туралы аз-кем әңгімелескен едік.

Чикаго қаласындағы Қазақ орталығы ресми түрде 2021 жылы ашылды. Сол жылы ресми түрде ашылғанын жариялап, 280-ге жуық адам жиналып, Тәуелсіздік мерекесін атап өткен.

Ал орталық ғимаратын 2022 жылдың қыркүйек айында жалға алып, ашылу салтанатын жасадық. Орталықтың мақсаты – Чикаго қаласындағы қазақтардың басын біріктіру. Тарихи отанымызбен байланысымызды үзбеу және осы елде өмірге келіп жатқан қазақтың ұл-қыздарына тәрбие беру, дініміз бен тілімізді ұмыттырмау мақсатында құрылды. Үлкендердің батасы мен демеушілердің арқасында ғимаратта орталық жұмысы жанданып жатыр. Жергілікті халық қолдан келген көмектерін аямайды, - дейді Дәулет мырза.

Мұхит асып, шетелге оқу мен жұмыс бабымен баратын қазақ отбасыларының балалары үшін қажетті жағдай жасауға тырысады. Елдегідей дәстүрлі аспап пен ұлттық спорт ойындарын үйрету үшін арнайы үйірме сабақтары өткізіледі.

Биылдан бастап домбыра, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс істейді. Қазақ тілін үйренгісі келетіндер үшін де арнайы сабақтарымыз бар. Балалардың қызығушылығы бірден байқалады. Өнерлерін әртүрлі басқосуда паш етеді. Әз-Наурыз мерекесінде Чикаго мен басқа да штаттардан келген 500-дей қазақтың басы қосылып, думандатып, той тойладық. Киіз үй құрдық. Осылайша, орталығымыз Чикагодағы қазақтардың қара шаңырағы аталып кетті, - дейді Дәулет мырза.

Өзге елде жүріп, өз ұлтыңның қамын күйттеу оңай емес. Чикагодағы орталықты ашпас бұрын Дәулет мырза бойын қорқыныш билегенін жасырмады.

Орталықты ашпас бұрын кішкене қорқыныштар болған еді. Себебі, өзімнің келгеніме 2 жыл енді толған еді. Қазіргі таңда барлығының көңілінен шығып, әр мерекені жоғары деңгейде атап өтеміз. Жақын арада Қазақстан Республикасының елшілігімен бірлесіп, іс-шара өткіздік. Консул келіп, 40-қа жуық адамның паспорттары мен балаларының құжаттарын жасап берді, - дейді ол.

Орталық ашылғалы бері қазақ жастары бір-бірімен таныссын, аралассын деген ниетпен үнемі ойындар ұйымдастырылады немесе фильм көрсетіледі. Неке қиып, тұсаукесер және басқа мерейтойлар атап өтіледі. Қазіргі таңда 20-ға жуық ерікті жұмыс істейді. Ғимараттың жалдау ақысы және өзге де шығындар қарапайым халық есебінен жабылып тұр.

Donat арқылы қандастар қаржы жібереді және демеушілеріміз де бар. Болашақта үлкен ғимарат алып, дамытқымыз келеді. Осы жердегі қырғыз, өзбек, түрік диаспораларының қауымдастықтары тарапынан да қолдау көрсетіледі, - дейді Дәулет Орынбай.

Бұдан өзге Калифорния, Техас, Флорида, Нью-Йорк, Флорида сынды басқа да штаттарда қазақ орталықтары жұмыс істейді.

Кей адамдар орталық жұмыс тауып беріп, құжат жасап берумен айналысады деп ойлайды. Әзірге, ондай деңгейге жетпедік. Бірақ, әлеуметтік желіде жаңадан келген жандарға жол көрсетіп, сұрақтарына жауап табуға көмектесеміз, - дейді.

Сондай-ақ Қазақстаннан оқуға келген студенттермен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Олар орталыққа келіп, көмектерін ұсынады.

Біз ұйым болғандықтан тәжірибеден өтуге келген студенттерге құжаттарын жасап береміз, - дейді Дәулет Орынбай.

Әр адам өзінің тамшыдай болсын үлесін қосқандықтан, қазақ қандастардың бірлігі мен ынтымағы нығая түскен.

Осы орталықты ашу барысында қол ұшын созған ата-анамыз, Чикагодағы үлкен аға-әпкелерге, және барлық дос-жаран, тілеулестерімізге алғыс білдіремін. Мұхиттың ар жағында тұрып, елге келе алмай жүрген бауырларымыз орталыққа келіп, ән айтып, көздеріне жас келгенде жасап жүрген ісіміздің бекер емесін түсіндім. Қазіргі таңда орталық құрамында 7 адам жұмыс істейді, - дейді Дәулет мырза.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: