Чемпиондар ұстаханасы

29 Мамыр 2019, 15:42 9300

Қазақтың спорт және туризм академиясы қашан және қалай құрылды? Оқу ордасынан шыққан әлемдік чемпиондар кімдер?

Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы мен ауыртпалығы елдің еңсесін езіп, тұрмысын төмендеткен кезеңде дене шынықтыру мен спорт саласына мамандар даярлайтын арнайы оқу ордасы ашылды.  Биыл тек Қазақстанда ғана емес, Орта Азиядағы бес мемлекеттің ішінде алғаш болып бой көтерген Қазақтың физкультура және спорт институтының құрылғанына 75 жыл.  Ғасырдың үш ширегін жасаған білім ордасы бүгінде еліміздің спорт саласын ғана емес туризм өрісінің де өркендеуіне айырықша үлес қосып, білікті кадрлар дайындап  келеді.   

Осыдан аттай жетпіс бес жыл бұрын ашылған оқу ордасы тек елімізде ғана емес, Орта Азия мемлекеттеріне спорт саласының білікті кадрларын даярлайтын  институт ретінде құрылды. 1944 жылдың қараша айында ашылған институтта Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан елдерінен де оқуға қабылданып, денешынықтыру және спорт мамандықтары бойынша білім алды.

(Фото: Қазақстың спорт және туризм академиясы)

Екінші дүниежүзілік соғыстың өрті әлі де лаулап, жер жүзін шарпып тұрғанда Алматыдан спорт мамандарын даярлайтын институт ашуға не себеп болды? Ер азаматтардың көпшілігі майдан даласына аттанып, елде басқа саладағы мамандарға зәрулік сезілгендей спортта да кадрлар тапшылығы қатты білінді. Жас ұрпақтың дені сау болып, салауаттылыққа бейімделіп, шынығып, ширығып өсуіне бағыттайтын кадрлар керек болғандықтан  1944 жылдың 14 қарашасында СССР-дің Халық комиссарлар кеңесі арнайы Қаулы қабылдап, спорт институты ашылды.

Іргетасы жаңа қаланып, бой көтерген білім ошағына білікті кадрлар қажет болғандықтан  КСРО-ның өзге елдерінен оқытушы ғалым мамандарды шақыртты. Қазақ мемлекеттік физкультура институтында студенттерге дәріс оқуға Ленинград физкультура институтынан кафедра меңгерушілері, ғылым кандидаттары арнайы шақыртумен келіп дәріс оқыды. Мәскеу физкультура институтын үздік бітірген жас кадрларға  да жолдама беріп, Алматыдағы жаңа ашылған институтқа жіберді.

Алғашқы түлек – алтау

Қазақ мемлекеттік физкультура институтын алғаш болып алты студент бітірді. 1945 жылдың жазында санаулы студент үлкен өмірге жолдама алды. Араға бірнеше жыл салып институт ғылыми методикалық орталыққа айналып, спорт мамандары мен бапкерлерді даярлауда іргелі оқу орнына айналатынына көпшілік сене қойған жоқ.  Институт құрылған 10 жыл ішінде бітірген түлектері еліміздің ғана емес КСРО-ның спорт саласында басшылық қызметтерге тағайындалып, спорт қоғамдарын басқарды, спорт комитеті төрағасының орынбасары, спорт техникумдарының директоры сынды лауазымды қызметтерге тағайындалды. Алматыдағы физкультура институтының студенттері арасынан КСРО чемпиондары, халықаралық турнирлердің жеңімпаздары шығып, оқу ордасының абыройын асқақтата түсті.

Қазақ мемлекеттік физкультура институтын бітірген түлектер мен оқып жүрген студенттері Олимпиада ойындарына 1956 жылдан бастап қатысты.

1946-1955 жылдар аралығында институт студенттеріне арналған нысандар, спорттық кешендер салынып, бітіруші мамандардың білікті кадр атануына қажетті жағдай жасалды. Шаңғышылардың орталығы, М. Горький атындағы орталық демалыс саябағында бассейн ашылып, тұғырдан суға секірушілердің құтханасына айналды. Осы саябақта баскетбол, волейбол алаңқайлары жасалып, институт студенттерінің жаттығуы мен жарыстарын қала тұрғындары келіп тамашалауына орай туғызды.

Кімдер басқарды?

Құрылғанына 75 жыл толған білім ордасының алғашқы басшысы  – Шәміл Бекбаев. Бекбаев 1945 жылдан 1950 жылға дейін  нститут ректоры болды. 200 метрге жүгіруден  бүкілодақтық ректордты жаңартып, СССР спорт шебері нормативін орындаған Бекбаев директорлыққа тағайындалған соң, оқу ордасының оқытушылық құрамын күшейтуді, білікті кадрларды жинауды мықтап қолға алды. Бекбаевтың бастамасымен Мәскеу, Ленинград, Львов физкультура институттарынан оқытушы мамандар шақыртылды.

1950 жылы институтқа директор болып Мертай Сералиев тағайындалды. Сералиев – Мәскеу физкультура институтын бітірген алғашқы қазақ. Сералиев басқарған екі жыл ішінде  институт негізгі басымдықты  студенттердің біліктілігін арттыруға жұмсады.

1952 жылы Хамза Мұхамеджанов институт басшылығына келді. Хамза Мұхамеджанов білім ордасын 20 жыл басқарды. Осы жылдар ішінде оқу копустары, студенттер үйі – жатақхана, спорттық базалар бой көтерді.

Хамза Мұхамеджанов директор болған кезеңде институт студенттері спорттың әр түрінен ел біріншілігіне, ерікті спорт қоғамдарының чемпионаттарына қатысуға мүмкіндік алды. Тек қатысу құқығына ие болып қана қоймай, чемпион атанды, СССР спорт шебері атағына ие болды.  Шәміл Мұхамеджанов Спорт саласында ұлттық кадрлардың жоқтығын империяның нағыз үстемдік құрып, қайнап тұрған шағында қаймықпай айтып, мәселе етіп көтерді. 1957 жылы «Советский спорт» газетіне 1957 жылдың қазан айында: «Жасыратыны жоқ, елімізде ұлттық спорт кадрлары жоқтың қасы. Спорт техникумының ашылып,  шәкірттер тәрбиелеп келе жатқанына – 30 жыл. Физкультура институтының жұмыс істегеніне 10 жылдан асты. Бірақ бізде ұлттық кадрларды түгендеп санар болсаң қолдың он саласына да толмайды. Орта және жоғары білім алған ұлттық кадрлар өте аз»,–деп мақала жазды. Хамза Мұхамеджановты студенттер мен жас мамандар  басшы деп емес, әкелеріндей құрметтеп қадірлеген. 1960 жылдардан бастап осы институтты бітірген жас мамандардың арасынан талантты кадрларды институт қабырғасында алып қалып, оқытушылық құрамды күшейтуді  ұлттық мамандарды тарту арқылы жүзеге асырды.

1971 жылдан 1978 жылға дейін оқу орнын Қанапия Ахметов басқарды. Екінші дүниежүзілік соғыста взвод командирі,  штаб бастығының орынбасары сынды жауапты қызметтерді атқарған Ахметов басшылық жасағанда жүзу бассейні, жеңіл атлеттер манежі, асхана, институт мамандарына арналған тұрғын үй кешені салынды. Қандай тосқауыл, кедергі болмасын қиыннан жол тапқыш басшы институтта оқытушыларды ғылымға бағыттаудың тиімділігі жоғары екенін бағамдап, институттың бірнеше кадрларына кандидаттық диссертация қорғатпай-ақ доцент ғылыми атағын алуға мүмкіндік туғызды. 1978 жылдан 1982 жылға дейін институттың ректоры қызметін атқарған Еркен Әсенов те, 1982-1986 жылдары басшылық еткен Асқар Өтешев те, 1986 жылдан 1998 жылға дейін ректор болған Бектілеу Қаражанов та оқытушылардың құрамын күшейтіп, институтты бітіруші түлектерді жұмысқа қабылдау арқылы жүзеге асырды.

(Фото: Қазақтың спорт және туризм академиясының президенті – Қайрат Закирьянов)

1998 жылы институттың басшылық қызметіне Қайрат Закирьянов тағайындалды. Осы жылы оқу ордасы академия статусын алып, Қазақтың спорт және туризм академиясы  деп аталды. Колледж – академия – магистратура – докторантура жүйесімен оқыту қалыптасты. 1998 жылы диссетарциялық кеңес құрылып, академия қабырғасында 16  ғалым докторлық диссертация қорғаса, 100-ден аса маман ғылым кандидаты атанды. 2002 жылы Қайрат Закирьянов өзі бас болып, ТМД елдеріндегі спорттық оқу орындарының ассоциациясын құрды. 2005 жылы шығыс Еуропадағы және Орта Азиядағы елдердің спорт кадрларын даярлайтын жоғары оқу орындарының қауымдастығын құрды. 2008 жылы спорттық оқу орындарының халықаралық ассоцациясы құрылып, оған 42 елдің оқу орындары мүшелікке өтті. «Алаш» стадионы, Спорттық мұражай, Олимпиадалық даңқ залы салынды. Студенттер жатақханасы, Қапшағайдағы сауықтыру кешені, Талғар аңғарындағы тау шаңғысы базасы секілді ірі орталықтар бой көтеріп, академияның базасы бірнеше есеге ұлғайды.

Қазақтың спорт және туризм академиясына 2015 жылы студенттердің халықаралық спорт федерациясының (FISU) басшылығы «Үздік университет» статусын берді. Мұндай атақ Францияның Сарбона университетінен кейін  екінші болып Қазақтың спорт және туризм академиясына бұйырды. FISU бұл марапатта қандай өлшеммен таразылап, критерийге қарап береді? Ең алдымен, оқу ордасында оқитын студенттердің универсиада додаларында (жазғы, қысқы) қол жеткізген табыстарын саралайды. Қазақтың спорт және туризм академиясының студенттері жазғы және қызқы Универсиада ойындарында қомақты табыстарға қол жеткізіп, еліміздің мәртебесін биіктетіп жүр. 2017 жылы Алматыда студенттердің бүкіләлемдік қысқы Универсиадасы өтті. Осы додаға қатысқан Қазақстан құрамасының 60 пайызын осы академияның студенттері жасақтап, 8 алтын, 5 күміс, 11 қола медаль иеленді. Қазақстан құрамасының қанжығасына 36 медаль байланса, соның 24-ін Қазақтың спорт және туризм академиясының студенттері олжалады. Алматыда өткен студенттердің бүкіләлемдік  қысқы Универсиада додасын өткізу құқығын иеленуде  академия басшысы Қайрат Закирьяновтың қосқан үлесі зор. Әлемдік аренадағы беделі мен қайраткерлігінің арқасында табандап тұрып, Алматы қаласына Универсиада додасын  ұйымдастыру мүмкіндігін алып берді.  

Олимп шыңына шыққандар

Жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстанның спортшылары арасынан алғаш болып қатысқан Евгений Кадяйкин 1956 жылы Мельбурнға барғанда Қазақ мемлекеттік физкультура институтының студенті болатын. 3000 метрге жүгіруден одақ көлемінде, Азия, Еуропа құрлығында алдына қара түсірмей, желаяқтығымен дараланған Кадяйкиннің салған сара жолымен жүріп, талай жампоздар Олимпиада шыңына шықты. Гимнастикадан бес дүркін Олимпиада чемпионы Нелли Ким, волейболдан В. Кравченко, О. Кривошеева, баскетболдан Б. Тихоненко, И. Герлиц,  грек-рим күресінен А. Колесов, В, Резанцев, Ж.Үшкемпіров, Ш. Серіков, А. Быков, Ю. Мельниченко, жеңіл атлетикадан В. Савин, О. Шишигина, О. Рыпакова, бокстан Е. Ибрайымов, Б. Артаев, Б. Сәрсекбаев, С. Сәпиев, Д. Елеусінов, ауыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин, Ниджат Рахимов, бессайыстан Александр Парыгин, шаңғымен жарысудан Владимир Смирнов сынды Олимпи шыңына шығып, алтын медаль иеленген саңлақтар – Қазақтың спорт және туризм академиясының түлектері.

(Фотода: Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова)

Олимпиада ойындарында жүлде алған, әлем чемпионаттарында топ жарып, еліміздің көк байрағын желбіретіп, әнұранымызды шырқатқан спортшылардың да көпшілігі осы білім ордасында оқып шыңдалған. Чемпиондардың салған сара жолын бүгінгі буын да жалғап, келесі жылы Жапония астанасы Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарында алтыннан медаль тағатынынына сеніміз кәміл.

Туризм тамырына қан жүгірткен

 Бүгінде еліміздегі 40-тан астам жоғары оқу орындарында дене шынықтыру, спорт саласының мамандарын даярлайды. Жыл сайым білім және ғылым министрлігі тарапынан бөлінетін білім грантының 80 пайыздан астамы Қазақтың спорт және туризм академиясының еншісіне тиеді. Осы көрсеткіш те академияның әлеуеті жоғары екенін аңғартса керек.

Олимпиадалық спорт түрлері ғана емес, елдігіміздің символы ұлттық спортымыздың да қарыштап дамуы академияда бір ізге түскен. Ұлттық спорт түрлері кафедрасында қазақ күресі, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, көкпар ойындарына баулудан сырт, саятшылыққа үйреу сабақтары  да оқытылады.

Туризм саласы, мейрамхана, қонақүй ісін де өрістету мақсатында туризм және сервис кафедрасы ашылып, жыл сайын білікті мамандарды даярлап келеді.  Осы саланы жандандырып, еліміздің экономикасына қомақты табыс түсуіне академия оқытушыларының білікті кадрлар даярлау арқылы қосып келе жатқан үлестері де орасан.

1945 жылы алты студентіне жоғары білімді диплом берген оқу орнынан 75 жылдың ішінде 27 мыңнан астам түлек  білікті маман атанып, оқып бітірді.

75 жылдық мерейтойын жыл басынан мерекелеп келе жатқан академияда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, спорттық жарыстар, түрлі байқаулар өткізілді. Енді қоңыр күзде студенттер спортының мәселесі талқыланатын халықаралық  ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылмақ.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: