Қазақстан футбол тарихында ерекше оқиғаның куәсі болғалы тұрмыз. Алматылық 16 жасар Дастан Сәтпаев «Челси» сапына қосылды деген ақпарат тарады. Сәтпаевтың трансферін танымал инсайдер Фабрицио Романо та растады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ал ресейлік инсайдер Иван Карпов «Челси» қазақстандық жас футболшы үшін 4,3 миллион еуро төлеуге дайын деп отыр. Бұл қазақстандық футбол тарихындағы рекордтық келісім.
Сонымен, 2008 жылы туып, әлемнің ең беделді клубтарының бірі қарамағына алған Дастан Сәтпаев деген кім? Осы сауалға жауап іздеп көрейік.
16 жасар Дастан «Қайрат» академиясының түлегі. Жас талант Алматы клубының сапында жасындай жарқырап, әлем скауттарының назарын өзіне аударды. Маусымды QJ League-те өнер көрсететін «Қайрат-U18» командасында бастап, 19 гол мен 6 нәтижелі пасты өз еншісіне жазды.
Кейін маусымның ортасында Қазақстанның бірінші лигасында ойнайтын «Қайрат-Жастар» командасына ауысып, бір голмен көзге түсті. Сонымен қатар «Қайрат» сапында жастар арасындағы Чемпиондар лигасында бағын сынап, ол жақта да аянып қалған жоқ. Дастан Сәтпаев жастар арасындағы Чемпиондар лигасында 4 ойын өткізіп, қарсылас қақпасына 1 гол соғып, бір нәтижелі пас берді.
Бұдан бөлек 2024 жылғы 26 мамырда «Қайраттың» негізгі құрамына еніп, QFL аясында «Ақжайық» командасына қарсы ойында 16 жасында дебют жасап, QJ League маусымының қорытындысы бойынша лиганың үздік ойыншысы атағын жеңіп алды. Осы жетістіктерінің арқасында ол әлемдік БАҚ назарын өзіне қаратып, жанкүйерлер оны «қазақстандық Агуэро» деп те атай бастады.
Дастан Сәтпаевтың өнері бірқатар еуропалық клубты қызықтырғаны рас. Бастапқыда жай қызығушылық деп қарастырылғанымен, Сәптаевтың сәтті ойындарынан кейін «Қайратқа» ресми шақырту жіберген ұжымдар саны арта бастады. Сәтпаевқа қызығушылық танытқандар арасында «ақсүйектерден» бөлек «Зальцбург», «Байер», «Бенфика» мен «Реал Сосьедад» бар. Алайда «Челси» Дастанды өз қатарында көру үшін барын салды. Алайда «Қайрат» пен Дастан «Челсидің» ұсынысын қабыл алуды жөн көрген. Әйтпесе Санкт-Петербургтің «Зениті» Сәтпаевты қатарында көру үшін біраз тырысқан. Сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де. Бірнеше рет ұсыныс жасалған. Дегенмен Дастан Сәтпаевтың өзі кәрі құрлықты көздеп, не де болса Еуропаның топ-клубтарында доп тебемін деп шешім қабылдаған. Сол арманына жетті де.
«Челси» не үшін ұсыныс жасады?
«Қазақ спорты» газетінде жарияланған мақалаға сүйенсек, Дастан туралы шетелдік БАҚ өкілдері де жарыса жазған. Соның ішінде BBC де бар.
Шетелдік журналистер ағылшын клубының қазақстандық талантқа көз тіккені туралы жазды. Ал кейін бұл ақпарат расталды. Өз кезегінде бұл Еуропаны көздеген қаракөз үшін үлкен мүмкіндік болды. Бірақ «Челси» Сәптаевқа бірден келісімшарт ұсынған жоқ. Керісінше, шетелдік клуб ойыншыға Кобхэм қаласында өтетін оқу-жаттығу жиындарында қаралымнан өтуі керек екенін мәлімдеді. Англияға бет бұрған Сәтпаев сынақтардан сүрінбей өтіп, 18 қаңтар күні қос тараптың келісімге келгені туралы ақпарат жарияланды. Енді Дастан Сәтпаев ресми «Челси» академиясының ойыншысы, - дейді мақала авторы.
Осы орайда көпшілікті Дастан Сәтпаев енді қашан ұлттық құрама сапынан көрінеді деген сауал мазалайтыны рас. Қазіргі уақытта ол Қазақстан жастар ұлттық құрамасының ойыншысы. Дегенмен ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов Дастанның ойынын бақылап жүргенін, сөйте тұра асығыс қадам жасаудың соңы ауыр болуы мүмкін екендігін ескерткен. Ресейлік маман жас футболшы Англия алыптарының арасында өзін жоғалтып алмаса екен дейді.
Әрине, Дастан Сәтпаев есімді ойыншыны білемін. Себебі қазақ ойыншыларын бақылау менің жұмысым. Алайда мен ерте ашылған жас таланттардан қорқамын. Себебі, көп талантты құртқан дүние – асыра мақтау мен шектен тыс қолдау. Футболшы ретінде бұл жігіттің деңгейі мықты. Бірақ асығыстық жасауға болмайды. Жарқ еткен жұлдызды ұлттық құрамаға шақыра беретін болсақ, бұл командаға және оның ойыншыларына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан ең бірінші жігітті «жұлдыз ауруынан» сақтауымыз керек. «Челсиге» ауысады деген сыбыстарды да естіп жүрмін. Дастанға тек сәттілік тілеймін! Бастысы, еуропалық клубта өзін жоғалтып алмаса болғаны, - деген еді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов.