Cауда нарықтарын жаңғырту бойынша заңнамалық түзетулер ұсынылды – Бақыт Сұлтанов

26 Шілде 2022, 14:56 1269

Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов еліміздің сауда нарықтарын тексеру бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтып берді, – деп хабарлайды El.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бас прокуратура ағымдағы жылдың мамыр айында 122 нарықты тексеруді аяқтады.

Белгілі болғандай, жүйелі проблемалардың арасында нарық иелері мен әкімшілігінің қызметін регламенттеудің жоқтығы; сауда орны үшін жоғары жалдау мөлшерлемелері (күніне 15 мың теңгеге дейін); нарық әкімшілігінің қосымша қызметтер көрсету бойынша үлестес жеткізушілерді тықпалауы (таңуы): сертификаттық сынақтар, буып-түю, тасымалдау.

Сонымен қатар, тексеру барысында нарыққа қатысушылардың тауарларға жасанды тапшылық жасау және бағаны манипуляциялау жағдайлары атап өтілді.

Премьер-Министрдің орынбасары қазіргі проблемаларды шешу және нарықтардың қызметін жаңғырту мақсатында сауда және интеграция министрлігі Бас прокуратурамен, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мынадай заңнамалық түзетулерді ұсынатынын атап өтті:

1) нарықтың меншік иесіне сауданы ұйымдастыру үшін жеке жауапкершілік беру;

2) нарықтарға қойылатын біліктілік және инфрақұрылымдық талаптарды белгілеу;

3) отандық тауар өндірушілердің сауда алаңдарына бәсекелі және еркін қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйені құру болып табылады.

Бұл нормалар Мемлекет басшысының Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан жекелеген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі заң жобасына енгізілген.

Бөлісу: