Былтыр Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы тауар айналымы 39,9 млрд долларға жетті

22 Тамыз 2023, 21:50 964

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Сыртқы істер комитетінің төрағасы Дэвид Макаллистер (Германия) бастаған Еуропалық Парламенттің (ЕП) делегациясымен кездесті, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Осылайша, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы екіжақты және өңірлік әріптестікті нығайтудағы жаңа қадам жасалды.

Тараптар Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім шеңберіндегі екіжақты саяси және сауда-экономикалық салалардағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын, сондай-ақ көлік және логистика, энергетика салалардағы өзара әрекеттесуін, оның ішінде Орта дәліздің дамуын талқылады. Сонымен қатар аса маңызды шикізат материалдар және «жасыл» сутегі сияқты жаңа перспективалық тауашалар талқыланды.

Министрдің орынбасары Қазақстанның Еуропалық Одақпен жақындасуына ықпал ететін еліміздің азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету туралы ресми консультацияларды ең жақын арада бастаудың маңыздылығын атап өтті.

Тараптар парламентаралық қатынастар дамуының оң динамикасына да қанағаттанушылық танытты. «Еуропарламент Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы өзара іс-қимылдың кең ауқымын дамытуда аса маңызды рөл атқара алады, сонымен қатар Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі біздің күш-жігерімізді қолдай алады, - деді Р. Василенко.

Өз тарапынан Д. Макаллистер ҚР мен ЕО арасындағы саяси диалогтың жай-күйіне жоғары баға беріп, екіжақты және өңірлік ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша тараптар арасындағы тұрақты және қарқынды өзара іс-қимылды құптады.

Қазақстан Еуроодақтың Азияға жол аша алатын өңірдегі сенімді әрі тұрақты серіктесі. Орталық Азия Еуропа үшін маңызды. Ал Еуропа Орталық Азия үшін маңызды, – деді еуропалық саясаткер.

Сонымен қатар, өзекті өңірлік және халықаралық сын-қатерлер, оның ішінде Ауғанстандағы жағдай бойынша пікір алмасу өтті. 

Ескеретін жайт, Еуропалық одақ – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. Қазақстандық сыртқы сауда мен шетелдік инвестициялардың 30%-дан астамы ЕО үлесіне жатады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша тараптар арасындағы тауар айналымы 39,9 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 38%-ға жоғары. Биыл 6 айдың ішінде сауда көлемі 0,3%-ға ұлғайып, 20 млрд доллардан асқан.

2022 жылы Еуроодақтан Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялар көлемі 23%-ға өсіп, 12,5 млрд долларға жетті, бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш болды.

Берік Арманов
Бөлісу: