2024 жылы Ақтөбе облысында 6 мыңнан астам адам баспаналы болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Былтыр «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында ақтөбеліктерге 950 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жоспар артығымен орындалған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аслан Жарасбаев айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы Ақтөбе облысында 964 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде көп пәтерлі тұрғын үйдің үлесі - 425,7 мың шаршы метр, жеке тұрғын үй – 538,3 мың шаршы метр. Өткен жылы облигациялық қарыздар есебінен Қарғалы тұрғын үй алабындағы құрылысы 2023 жылы басталған 5 жобаның құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азаматтарға арналған жалпы ауданы 18,3 мың шаршы 298 пәтерлі жалдамалы-коммуналдық 7 тұрғын үй салынды,- деді спикер.
Аслан Жарасбаев тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтары және көп балалы отбасылар санаттары үшін дайын пәтерлерді сатып алу жоспарланғанын атап өтті. Бұл бағыт бойынша облысқа республикалық бюджеттен өткен жылы 140 млн теңгеден астам дайын 12 пәтер сатып алу үшін қаржы бөлінген. Пәтерлер Қарғалы, Мәртөк, Мұғалжар аудандарында сатып алынған. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары және көп балалы отбасылар санаттары үшін «Самұрық-Қазына» АҚ есебінен жылдың аяғында 57,6 мың шаршы метрді құрайтын 872 пәтер сатып алынған.