Осыдан он-он бес жыл бұрын елімізде қазіргідей көп телеарналар болған жоқ. Ауылдарда 4-5 телеарнаны аударып-төңкеріп отырып, өзіңе қажетті дүниені тауып алатынсың. Әйтсе де, сол кездегі телеөнімдер халықтың көңілінен шығып, жұрт жаппай тамашалайтын бағдарламалар жетерлік еді. Сәні мен мәні келіскен бағдарламалардың ішінде өзіміздің төл өнеріміз айтыс та бар. Тіпті, сыныптағы құйма құлақ балалар кей ақындардың шумақтарын сол қалпында жаттап алып, ертесінде тамсанып айтып отыратын. Айтысты VHS кассеталарға жазып алып, көре алмай қалғандар сол таспаны бір-бірінен аттай қалап алып тамашалайтын.
Айтыс көк жәшіктен әлі де көрсетіліп тұрады. Тек, көрермендер баяғыдай ентелеп көрмейтіндей. Оның бір ұшы айтыстың бұрынғыға қарағанда жиі болуында болса, екінші бір ұшы халыққа жырымдалған, күзеліп-түзеліп, жіті бақылаудан өткен нұсқасының жетуінде. Бұл екі себепке бүгін өткен айтыстың ертең таңертең видеохостингтерге жүктеліп, қолжетімді болып тұратындығын қоссақ та болады.
Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын оқырмандарымыз үшін айтыскер ақындардың бірінен сұхбат алу көптен ойымда жүр еді. «Сабақты ине сәтімен» демекші айтыскер ақын, қыз бен жігіт айтысының көрігін қыздыратын көрікті қыздарымыздың бірі Әсем Ережеқызымен сұхбаттасқан едім. Назарларыңызға осы сұхбатты ұсынамын.
- Әсем, армысыз! Бізге сұхбат беруге уақыт бөлгеніңізге рақмет. Айтыстағыдай алғашқы сұрағымыз қысқаша таныстыру болсын...
- Мен, 1980 жылы Семей өңіріндегі Шұбартау ауданының Байқошқар ауылында дүниеге келгенмін. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің филология факультетін, кейін Семей мемлекеттік педагогикалық институтының магистратурасын тәмамдадым. Қазір Астанадамын, «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметінің PR кеңесшісімін.
- Бастауыш партияда қызметте екенсіз. Басқа қалада өтетін айтыстарға сұрану қиындық тудырмай ма?
- Бастығымыз сөз қадірін білетін, қазақтың төл өнерін қадірлейтін, мәдениет пен өнерге қырын қарамайтын Әлия Жарылқасынқызы Буриева деген кісі. Ол кісі «Әсем, сен бізге жұмысқа тұрғанға дейін осы айтысыңмен елге танылған қызсың. Мен саған қалайша «айтысқа барма» деп айта аламын» деп үнемі түсіністікпен қарап отырады. Осы сұхбатты пайдалана отырып, ол кісіге шексіз ризашылығымды білдіремін.
- Елорда дейміз. Еліміздің бас қаласы дейміз. Осы Астанаға келуді армандап па едіңіз?
- Біреулер бұл қаланы суықтығы үшін ұнатпайды. Өзім Шығыстың қызы болғандықтан мені анау-мынау үскірік аязбен, қарлы боранмен қорқыту мүмкін емес. Мен Астанада тұруды кәдімгідей армандадым. Алматыға да жиі барып жүрдік қой. Бірақ, Астанадан кетіп бара жатып «Неге мен осы қалада тұрмадым екен?» деп сан мәрте қимай кеткен кездерім болды. Сол арманым 31 жасымда орындалды. Қазір Аллаға тәубе, қаланың ортасынан үй алдым. Жарты ақысын төлеп, алты жылын ипотека есебінде алдым. Айтыс ақындарын жұрт шылқыған ақшаның ортасында жүрген адамдар ретінде елестетеді. Біз де несие, ипотека төлеп жүрген қарапайым жандармыз.
- Айтысқа алғаш қалай келдің? Ақындық қабілетіңді бойыңнан алғаш байқаған кім?
- Шәкәрім атындағы Семей Университетінде оқып жүрген кезім. Дәмеш Омарова деген ақын әпкеміз бар. Кезінде Айтақын Бұлғақов, Әселхан Қалыбекова, Қуаныш Мақсұтовтармен қатарласа шауып, сол кезеңдегі ақындармен айтысып жүрген кісі. Бірінші курс оқитын кезіміз. Бір сабақтың үстінде есік жәйімен ашылып, ішке сабақ беріп тұрған оқытушыдан рұқсат сұрап, бір апай кіріп келді. Сосын бізге қарап «Осы группада ақын балалар бар ма? Өлең жазатындарың қолдарыңды көтеріңдерші» деді. Сол кезде аудиторияда отырған 25 студенттің бәрі қол көтерді. Сол 25 баладан 3 бала іріктеліп алынды соңында. Ол кезде айтыс ақыны боламыз деген ойымызда да жоқ. Бәріміз жазба ақыны болуды мақсат тұтып жүрміз. Менің өлеңдерім сол кездері «Қазақ әдебиеті» газетіне жиі шығып тұратын. Сол жылдары Дәмеш апайымыз қалалық мәдениет сарайынан «Халықтық ақындар орталығын» ашты. Ол жерде біреулер домбырамен өлең айтады. Біздер өлең оқимыз. Менің домбыра тарта алатынымды білген апайым қарсылығыма қарамай «Мен мына қыздан айтыс ақынын жасап шығарамын» деді. Сөйтіп, бір күні қайдан тапқандарын білмеймін Ринат Зайытовты алып келді. Ол бір мектепте оныншы сыныпта оқиды екен. Мен бірінші курстың студентімін. Есімде қалғаны Ринаттың «Әсемжан, мен сенің өзіңнен бұрын әшкиіңе сәлем берем» деп бастағаны есімде. Ал, мен оған кәдімгідей байсалды жауап беріп отырмын. Ринатты Сиязбек Сүлейменов деген ағамыз ертіп келген болатын. Дәмеш апамызға қарап «Мыналар кәдімгідей ақын ғой» деп мәз болғандары есімде. Сөйтіп, осы кісілер бізді қалалық, облыстық айтыстарға жетелеп жүріп қосып, буынымыздың бекуіне үлкен әсер етті.
- Әсем, сенің Моңғолия қазақ жастары одағының сыйлығына ие болғаныңды білеміз. Бұл сыйлыққа айтыс ақыны ретінде ие болдың ба, әлде жазба ақын ретінде ме?
- Бір жылы Моңғолияда айтыс өтетін болды. Оған біздің елден Дәулеткерей Кәпұлы, Айнұр Тұрсынбаева, Айтақын мен Жандарбек Бұлғақовтар, Сара Тоқтамысова және мен баратын болдық. Ол кезде Өскеменнен Баян Өлгейге ұшақ ұшатын. Осы алты ақын Өскеменде бас қосып, ол жақтағы қандастарымызбен айтысуға жолға шықтық. Бізді белгілі ақын Сұраған Рахметұлы бастаған сол жақтың игі-жақсылары күтіп алды. Сөйтіп, ол жақта үш күн айтыс өтті. Бірінші және екінші күні сол жақтың ақындарымен айтыстық. Үшінші күні финалға елімізден барған алты ақын шықтық. Сөйтіп бір-бірімізбен айтыстық. Ол жақтың ақындары біздегідей төгіп айтысуды біле қоймайды екен. Қайым айтыс секілді төрт жол, ары кетсе екі шумақ бірдеңе айтады да бетіңе қарап отырады. Осылайша өзіміз түшкіріп, өзіміз «Жәрәкімалла» деп қайтқан болатынбыз. Сол сапарда мен Моңғолия қазақ жастары одағының «Көшбасшы» деген алтын жұлдызына ие болдым.
- Қазір жазба поэзиясына көңіл бөліп жүрсіз бе?
- Сол жағынан айыптымыз расын айтқанда. Айтыста көп жүргеннің әсері ме стиль өзгереді екен. Кейде, жазған өлеңдеріме қарасам айтыстың иісі мен мұндалап тұратындай...
- Өзіңізге кіммен айтысқан ұнайды?
- Бекарыс Шойбековпен, Рүстем Қайыртаймен, Дидар Қамиевпен, Мақсат Ахановпен айтысқан ұнайды. Жалпы, ақын болған соң кіммен болсын айтыса беруге әзірміз.Үнемі таңдау мүмкіндігі болмайды ғой. Кейде басқа өңірлердегі айтысқа барған кезде бұрын айтысып көрмеген, мүлдем танымайтын ақындармен айтысып қаламыз. Әйтпесе, «үйренген жау атыспаққа жақсы» деген сөз бекер айтылды дейсіз бе?
- Біреулер «Айтыспен қоштастым» деп айтып жатады. Айтыс ақынының сахнада жүретін белгілі бір жасы бар ма?
- Арамызда ондай оқиғалар болып тұрады. Біреулер «Ғылымға бет бұрамын. Айтыстан кете тұрамын» дегендей желеулермен кетіп жатады. Жалпы, қандай себеппен кетсе де, айтыс жасқа қарамайды. Қазір заман дамып жатыр. Өмірдегі барлық салаларда модернизация жүруде. Айтыстың да екпіні өзгерді. Бәлкім, біреулер сол екпінге ілесе алмай қалып жатқан болар? Заман талабына сай айтыстың бет-бейнесі өзгеріп жатыр. Жалпы, адам айтысты тастай алмайды. Ал, айтыстың адамды тастап кетуі мүмкін дүние.
- Кезінде «Жекпе-жек» айтыс деген бар еді. Ол кезде сіздер жас болдыңыздар. Дегенмен, әлдебір отырыстарда болсын бір ақынмен соңына дейін айтысып көрдіңіз бе?
- «Жекпе-жек айтыс» дегеннің хит болып тұрған заманында біз енді-енді тәй-тәй басып жүрген ақын едік қой. Өзің айтқандай отырыстарда айтысқан кезім болды. Жас кезімізде пойызда да, жеңіл көліктің ішінде де айтыса салатынбыз. Ол да бір қызық дәурендер екен. Мысалы, былтыр ғана Атырауда Нұрлан Мұсаев деген досыммен бейресми айтысқан болатынмын. 20-21 жасымыздан бері араласып жүрген досым ғой. Өзіме Атырау қатты ұнайды. Кейде сол жақтағы құрбыларыммен, достарыммен әңгімелесу үшін, теңізге түсу мақсатында сол жаққа тартып кететін әдетім бар. Сондай отырыстардың біріне Нұрлан досым кешірек келіп қосылды. Түнгі сағат бірдің кезі. Бір кезде Нұрлан қолына домбырасын алып, айтысты бастап жіберді. Құрдастардың әзілі жарасқан айтысы болды. Ол да қоймады, мен де тоқтамадым. Нұрлан жанындағы бір досына сыбырлап отырғанын байқап қалған болатынмын. Ең соңында, таңға қарай тарқайтын уақытымызда «Мынау иығыңа жапқан шапаным» деп конвертке салынған 500 долларды бергені бар. Жанымдағы қыздар «Туф, бағанадан бері диктафонға жазып алуымыз керек еді» деп өкініп жатыр. Айтыс кезінде ауыздарын ашып, мәз болып отыра берген ғой. Осындай да қызықтар болған.
- Қазір әлеуметтік желі деген бар. Халық әр қадамдарыңызды аңдып, біліп отыр. Сол әлеуметтік желіде көңіліңізге келетін пікір айтылған кез болды ма?
- Жүрек ауыртарлық пікір оқыған кезім есімде жоқ. Мен айтысқа өте жауапты қараймын. Арзан сөздер айта салғым келмейді. Алдымыздағы Аманжол ағаларымыздың салиқалы жолын жалғап жүргеніміз дұрыс қой деп ойлаймын. Шамамен осыдан бес жыл бұрын бір айтыста «бірдеңе ұрпақтары армысыңдар, күңіреніп күн түбіне жортқандардың» дегендей бір әдемі түйінді айтқан екенмін. Соны біраз жыл өткеннен кейін бір айтыста қайталаған екенмін. Шумақты толық қайталамасам да ана түйін сөзді айтқан екенмін. Сірә, өзіме қатты ұнап кетсе керек. Бір адам менің жекеме «Мен сенің салмақты айтысыңды ұнатамын. Әрдайым қадағалап жүремін. Әнебір сөзіңді енді айтпай-ақ қойшы» деп менің бір айтыстағы айтқан сөзімді екінші айтыста қолданғанымды мәдениетті түрде жеткізді. Содан бері бұндай дүниелерге қатты назар салып отырамын.
- Бірақ, мына айтыста айтқан түйдек-түйдек сөзін келесі айтыста дәл солай айтып отыратын әріптестеріңіз бар ғой? Мұндайды әр сөзің тасқа басылғандай сайрап тұратын интернет заманында жасыруға келмес...
- Иә, бұндай оқиғалар бар. Мойындаймын. Бір жылы айтыста жүрген бір жігіт екеуміз ақындардың әр жылдардағы айтыстарынан жинақ құрастырмақ болдық. Сонда бір ақынның 3-4 айтыста бір амандасумен шыққандығын, басқа да сөздерін тап солай қайталағанын көріп жағамызды ұстағанбыз. Бір айтысы жинаққа толығымен еніп, келесі айтыстары бір тұтам болып қалған еді. Себебі, қайталанып тұр. Бірақ, сол жинақ ақыры шықпады. Айтыскерлер одағы «шығарамыз» деді де, сол айтылған күйі қалып кетті. Қаржы мәселесі шешімін таппаған болар.
- Өз айтыстарыңызды қайталап қарайсыз ба?
- Өзімнің айтыстарымды толықтай қарап көрмеппін. Ұят секілді. Жалпы, айтыс интернетте қолжетімді болғалы бері басқалардың айтысын қарайтынымды жасырмаймын. Себебі, қарсыласымызды зерттеудің еш айыбы жоқ қой.
- Айтыста тығырыққа тірелген кездер болды ма?
- Тығырыққа тірелу деген дүниелер адам айтысқа алғаш қатысып жүрген кездері болады. Кейін тәжірибе жинақтай келе ондай жерлерден сытылып шығуды меңгересің. Мүмкін, қарсыласыңнан осалдау айтып қалуың мүмкін. Әйтеуір жерге қарап қалмай, бірдеңе айтып шығасың ондайда.
- Мақсат Аханов жайлы айтсақ. Меніңше қыз бен жігіт айтысының көрігін дәл Мақсатша қыздыратын ақын жоқ. Мақсатпен айтысу қаншалықты қиын?
- Мақсат «жарқ» етіп шықты да біраз жылдар жоқ болып кетті. Екеуміз 2014 жылғы «Ел қорғаны - Ер Жәнібек» атты халықаралық ақындар айтысында кездестік. Жүрсін ағамыз сол айтысты әлі күнге дейін айтады. Ол жерде не айтылмады десеңізші. Анайы сөздер «Укол» деген секілді сөздермен алмасып, астарлы әзілден құралған айтыс болды. Тәжірибесіз кезім болса тосылып қалатындай-ақ айтыс болды. Мақсат қыздармен расында да мықты айтысады. Бірақ, менің табиғатым бөлектеу. Мәселен, Жансая Мусиналар маған қарағанда адуынды. Қарсыласын жұлып жеп қоюға дейін бара алады. Олар айтқан жауапты мен де айта аламын. Тек, маған ол жараспайды. Сондықтан да қанша астарлағымызбен ондай айтыстарға түскім келмейді. Кейінгі кезде Мақсаттан қашқақтайтыным да сол. Дос-жаранмен, қатарластарыңмен отырғанда айтылатын әзілдерді дүйім жұрттың алдына алып шығуға қарсымын. Мен сөз талғайтын, сахна мәдениетінен аспайтын адаммын. Дарақы күлкіге жақындай бергеннің несі жақсы? Оның сәл алдында Қасымның тойында өткен Мақсат екеуміздің айтысымыз өзіме қатты ұнайды.
- Марқұм Оразалы Досбосынов ағамызбен айтысып үлгердіңіз бе?
- Біреулер «Оразалыны айтыстан өз орынын таппаған ақын» деп айтып жатады. Ол халыққа сүйікті бола білді. Меніңше ол қате пікір секілді. Жүрсін ағамыздың өзі «Өз қолыммен екі көліктің кілтін табыстадым» деп айтып отырады. Бәлкім, үнемі бас жүлде алмаған болар. Бірақ, барған жерінде жүлдеге ілініп жүрген санаулы ақындардың бірі осы Ораз ағамыз. Ол замандарда кім қиналмады дейсіз. Қаймана қазақтың барлығы қиын кезді басынан өткерді ғой. Ал, ол кісімен айтысыма келер болсам, тек бір мәрте ғана айтысыппын. Өскемендегі айтыста қарсыласы болу бақытына ие болған екенмін. Ораз ағамыз өте мәдениетті айтысатын. Мәдениетті айтысу жағынан Аманжол Әлтаев ағамызға, осы кісіге жетер ақын жоқ-ау осы...
- Қазір айтыс баяғыдай емес, апта сайын ұйымдастырылып жатыр. Айтысты арзандатып алмаймыз ба?
- Бұл ақындарға да, халыққа да жақсы дүние ғой. Ақындар үнемі ширығып, бабында жүреді. Арзан сөз айтып жүрген бірлі-екілі замандастарымыз бар шығар. Арзан деп тұрғаным әлгіндей қайталау сөздер ғой. Мәселе, қазір Жүрсін ағаның айналасында 40-50 ақын бармыз делік. Бір айтысқа соның он-он бесі барса, қалғандары бармай қалады. Әйтеуір, сапырылысып жатамыз. Елулігіміз түгелдей тоқтаусыз қатыса берсек бәлкім айтыс деңгейін жоғалтып та алар. Анаған да, мынаған да баратын ақындар арамызда көп емес. Құрам өзгеріп отырады. Сондықтан да мен бұл үрдістен қорықпаймын.
- «Жүрсін ағамыздың айналасындағы» деп қалдыңыз. Сонда айтыс ақындары да екіге бөлініп кеттіңіздер ме?
- Жер-жерде ақындар көп қой. Олардың кейбірі өз аймақтарына ғана танымал. Сондай-ақ, үлкен сахнада жарқырап жүрген «Жүрсіннің жүйріктері» деген атау телініп кеткен ақындар бар. Жүрсін ағаның маңайына жолауға қорқып жүрген 4-5 ақын бар. Оны сен де, халық та біліп отыр. Әйтпесе, екіге бөлінген түгіміз жоқ. Бір қарын майды шірітіп жүрген әлгіндейлерді есепке алмасақ...Біреулер «Жүрсін айтыстың арқасында байып жатыр» дейді. Жүкең неге байымау керек? Жүрсін Ерман айтысқа бақыр тиын төленбейтін замандарда да адал қызмет еткен. Қайрат Нұртас, Төреғали сынды әншілер байып жатқан заманда айтыс үшін өмірінің көп бөлігін арнаған Жүрсіннің баюы айып па? Айтысқа деген азартының жемісін жейтін уақыты болды ғой. Әйтпесе, Жүкең айтыссыз да керемет ақын. Жазба поэзиясын оқыңыздаршы. "Айтыс-айтыс" деп жасынан бұрын қартайған бұл ағамызға шүйліге беруді қою керек.
- Кейбір әріптес қыздарыңыз ұзатылатын қызға сыңсу айтып, келін кіргізіп жүр. Сіз неге осы қадамға бармадыңыз?
- Маған өзімнің осы күйім ұнайды. Мені расында да ондай дүниеге шақыратындар бар. Кейде «Сіңілімді, қарындасымды ұзатып берші» деп достарым, құрбыларым өтінеді. Бірақ, бұл менің табиғатыма жат дүние. Менің тойым – айтыс. Сол жердегі халықтың назары маған жеткілікті. Біреулер үнемі назарда жүргісі келетін шығар. Байыған үстіне байығылары келетін болар. Мен өзімді бай адаммын деп те есептемеймін. Өзімнің бес көйлегімнің барлығы мен ипотекамен алынған болсын, үйімнің бар екені мен үшін қанағат. Мен өз орнымның айтыс сахнасында екенін білемін. Тұрақты қызметім бар. Айтысқа тұрақты шығып тұрамын. Не үшін басқа жерге мұрнымды тығуым керек.
- Бақыт деген дүние бар. Нақты формуласы жоқ осы бақыт жайлы не айтасыз?
- Жер басып жүрген әрбір күнім - бақыт. Қазір екеуміздің шәй ішіп отырып, осындай келелі әңгіме айтып отырғанымыздың өзі бақыт. Таңертең оянып, сүйікті жұмысыңа бар, кешке өз үйіңе келу – ол да бақыт. Жалпы, мен өзімді бақытты жанмын деп есептеймін. Дені сау адамның барлығы бақытты.
- Намаз оқисыз ба?
- Жоқ. Алла жүрегімізге иман нұрын құйған күні оқырмыз. Іштей дайындалып та жүрмін. Бірақ, дін дегеніміз адам мен Алланың арасындағы қарым-қатынас қой. Оны жар салып, жария етудің қажеті жоқ. «Мен бүркендім, сен де бүркен» деп ақыл айтуға да болмайды. Ниетіміз таза болсын. Алла мені тура жолдан тайдырмаса екен деп тілеп отырамын.
- Айтыс жайлы айтар болсақ Айнұр ақынға соқпай кете алмаймыз. «Пәлен машина алған Айнұр» деп қарсыластары да тиісіп қалып жатады. Сіз айтыстан көлік алып көрдіңіз бе?
- Темір көлік алып көрдім. Кейде көліктей, кейде осы сомманы ақшалай беріп жатады. Темір ретінде екі мәрте алыппын. Біраз айтыста бәйге алып жүрміз ғой. Ең бірінші ұтқан көлігім «Волга» еді. Машиналай алғаным осы екі машина. Конверт ішіндегі көліктерді де біраз алдым. Бір айтыста бас бәйгесіз де көлік мініп кеткен едім айтпақшы. «Қазылар тарапынан әділетсіздік болды» деп Амангелді Ермегияев ағамыз бір көлік сыйға тартқан еді.
- Біреулер «Өнеріме риза болған ағамыз автокөлік сыйға тартты» деп жатады. Сондай жомарт жандармен жолыққан кезіңіз болды ма?
- Танымайтын адамдардан ондай сый алып көрмеппін. Ол ер адамдар үшін оңай шығар. Ертең сол кісінің шашбауын көтеріп бірер қызығына барады. «Алмақтың да салмағы бар» деп жатады ғой. Қыз бала болған соң түпкі ойын білмейсің ғой. Ондай дүниелерден бойымды аулақ ұстаймын.
- «Мына дүниені айтыңдар. Мына жаққа жоламаңдар» деген тапсырмалар болады ма?
- Бұрындары ондай дүние жоқтын. Қорықпай айта беріңдер дейтін Жүкеңнің өзі. Қазір, майдалап айтысуға мәжбүрміз. Себебі, қатты айтып жіберсек өзімізге жаман. Айтыс жабылып қалған жылдары біразымыз бит теріп кете жаздадық қой. Айтыс біздің кей ақындарымыздың басты табыс көзі. Аймақтарда 50-60 мың теңге үшін жұмыс істеп жүрген әріптестеріміз бар. Сондықтан да аузымызға төрт елі қақпақ қойып жүреміз. Бұның барлығы Жүрсін ағаның қорыққанынан емес. Жүкең біздің әрқайсымыздың бала-шағамызды, жағдайымызды ойлап отырады.
- Жазба ақындар мен айтыс ақындарының арасына жік салушылар шығып тұрады. Жүлделерін салыстырып жатады. Осы жайлы ойыңызды білсек?
- Біздегі сөз өнерінің атасы ғой бұл айтыс. Айтыс дегеніміз тұтастай бір сахна. Бұл синкретті өнер. Жазба поэзиясының өзі осы айтыстан бөлініп шыққан дүние. Жұрттың айтысқа деген құрметі генімізде жатқан махаббаттан болар. Сондықтан да бұл жерде бізге көз аларту артық. Жазба ақындарының мүшайраларына да көп қаржы бөлініп жүр. Ол жақтың кухнясына біз араласпаймыз ғой. Түптеп келгенде бір терінің пұшпағын илеп жүрген адамдармыз. Олар кейде «Біздің өлеңдеріміздің құрылымы күрделі. Тіліміз көркем» деген сылтауды алдыға қояды. Қазір айтыста жүрген ақындардың кей өлеңдері жазбадағы біраз ақынның арманына айналған дүниелер.
- Айтыста айтылатын түйдек-түйдек шумақтар сол сәтте шықпайтын болар?
- Әрине, оның барлығы дайындықтың әсері. Айтысқа дайындаламын деп күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрыласың. Тұтқиылдан қойылатын сұрақтар мен қалжыңдардан бөлек тақырыпқа жіті дайындалу керек. Ал, жаңағындай сәттерде шала болса да, буыны асып кетсе де тауып айтып қалсаң халық ду ете қалады. Айтысқа сылдыр сөзбен, немқұрайлы қарап шығуға болмайды.
- «Шоу айтыс» деген дүние шықты. Осыған қатысар ма едің? Қанат «ақынды» жеңе аламын деп ойлайсың ба?
- Бұл жоба нақты айтыс сүйетін қауымға ұнады деп айта алмаймын. Осыған қатысқан әріптестеріме де таң қаламын. Қарсыласыңа не айтатынын өзің жазып береді екенсің. Оның несі айтыс? «Роза мен Еркін мықты айтысады екен» деген ұғымдар пайда болды. Олар баяғыда айтысса айтысқан болар. Қазіргі айтыстың екпініне ілесе алмайтындарын екінің бірі білмейді.
Ал, анау Қанат дегеніңізбен қатар отыруға арланушы едім. Ондай адамды жеңу мүмкін емес секілді. Айтысты мазақ қылып отырған адаммен қалай қатар отырасың?
- Қазір қандай ақын-жазушыларды оқып жүрсіз?
Экзюпери мен Хемингуэйді оқып жүрмін. ЖОО қабырғасында жүргенде «Шетел әдебиеті» деген сабақ болды ғой. Ол кезде тиіп-қашып оқыған секілдіміз. Балалықпен мән бермеген дүниелер болады. Жалпы, мен 3 жасымда әріп таныған баламын. Әдеби кітаптарды бес жасымнан оқыдым. Ал, тіл маманы болу шешімін Мұхтар Әуезов пен Мұхтар Мағауинді оқыған кезімде, яғни, сегізінші сыныпта қабылдадым.
- Рахмет, Әсем! Өзіңе шығармашылық табыстар тілеймін. Жұмысыңда да абыройлы бол. Атырауда өтетін айтыста маңдайың жарқырап, жақсы өнер көрсетуіңе тілектеспін!