«Бүйрегін езіп, бас сүйегін сындырған». Әскерде қайтыс болған сарбаздың эксгумация қорытындысы шықты

10 Маусым, 11:10 11533

2022 жылы қаза тапқан мерзімді сарбаз Алмас Шахимовтың туыстары эксгумация жасатып, алты ай күткеннен соң, сараптама нәтижесіне қол жеткізген, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Алматы қаласында әскери борышын өтеуге кеткен Алмас Шахимовтың отбасына екі айдан соң қаралы хабар келген. Ол кезде өлімнің ресми себебін жазатайым оқиға деп берген. Сарбаз оқу жаттығу кезінде өзгелерге қауіпсіз жерге баруға көмектесіп, өзі қатты дауылдың әсерінен құлаған метал жабдықтың астында қалып, мерт болды делінген. 

Туыстары эксгумация нәтижесімен бөлісті. Белгілі болғандай, мәйіт сараптамасынан оң жағынан үш пышақ жарақаты, қылқындырғаны байқалған іздер, 26 дене жарақаты анықталған. Оның бүйрегін езіп, бас сүйегін сындырып, арқасына темекі басқан.

Анасының айтуынша, Алмас бағынышты болған офицер әскерге қабылдана сала жігіттің атына несие алғызған. 

 Алмасты әскерге көзіне ота жасалған соң бірден алып кетті. Олар дәрігерлердің отадан соң жарты жыл физикалық күш салуға болмайды деген тыйымына қарамады. 27 мамыр оны алып кетті. Мамырдың 28-і күні ұлым Алматыға жетті. 29-да әскери бөліміне жетіп, 30-да оның атына несие рәсімделген, – деді анасы. 

Ұлттық гвардия тіпті сарбазға ерлігі үшін марапат та берген. Алайда жақындары бұл марапаттан бас тартқан. Себебі олар Алмастың шаңды дауылдан өзгелерді құтқарып емес, біреудің қолынан мерт болғанына сенімді. 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: