Бурабайда Мультимедиалық интерактивті кешен ашылды

24 Шілде, 18:56 706

Бүгін Бурабай курортындағы Абылай хан алаңында қайта жаңартудан кейін Қазақстанда баламасы жоқ Мультимедиалық интерактивті кешеннің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Салтанатты ашу құқығы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиевке берілді.

 Суреттер: El.kz/Арман МУХАТОВ

Кешенді жаңарту мақсаттарының бірі – мемлекет басшысының туризмді дамыту жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын орындау. Қасым-Жомарт Тоқаев туризм әлемдік экономиканың қарқынды дамуының катализаторы болып табылатынын атап өтті. Сонымен қатар бұл сала инвесторлар үшін ең тартымды салалардың бірі болып табылады.

 Суреттер: El.kz/Арман МУХАТОВ

Күніне 500-ге дейін демалушыны қабылдай алатын бұл замануи кешен Қазақстандағы ең жоғары технологиялық интерактивті мұражайлардың біріне айналады. Жаңа анимациялық және аудиовизуалды технологиялардың арқасында әрбір келуші еліміздің тарихымен тереңірек танысып, қазақ мәдениетінің атмосферасына ене алады.

 Суреттер: El.kz/Арман МУХАТОВ

Жаңа кешеннің медиаконтенті ойын-сауық және танымдық материалдарды негізге ала отырып, тұрақты түрде жаңартылатын болады. Бұл туристерге әртүрлі бағдарламаларды тамашалауға, сапар барысында жаңа және қызықты дүниелерді білуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ интерактивті элементтер қарастырылған, бұл кешенде болуды одан да қызықты және есте қаларлық етеді.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен келесі жылы аталмыш кешенде Ұлттық құрылтай өтеді.

 Сурет: El.kz/Арман МУХАТОВ

Осы кешеннің бүгін бой түзеп, өздеріңізге есігінің паш етіп ашылуы Ұлттық құрылтайға үлкен дайындық болған сияқты. Менің ойымша, кешеннің болашағы зор. Қазақстанның барлық өңірі Мультимедиалық интерактивті кешенді үлгі етіп, өлкелерімізді танытып, Қазақстанды шетелге, өзара өскелең ұрпаққа насихаттайтын болса, әр қазақстандықтың жүрегі елім деп соғып, Қазақстанның өркендеуіне септігін тигізетініне сенімдімін, – деді министр.

Ал ҚР Президентінің Іс Басқармасы «Бурабай-Даму» ЖШС бас директоры Бекбол Сағынның сөзінше, аталмыш кешен демеушілердің арқасында салынған. Құны 700-800 миллион теңгені құрады. 

Кешенде 8 аймақ бар. Келген адамдар «Куб 360» залында 3 минуттық фильм, Абылай хан туралы 18 минуттық фильмді қарап шықса, барлық жерді толығымен араласа, шамамен 55 минуттай уақыты кетеді. Бұл жер күніне таңғы сағат 10:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Кешенге кіру құны қолжетімді деп есептейміз. Бағасы ересектерге 5000 теңге, балаларға 3500 теңге. Сондай-ақ әртүрлі топтағы адамдарға арналған 50-100% жеңілдіктер қарастырылған, – деп атап өтті ол.

Бас директордың айтуынша, кешенде келушілерге арналған түрлі ойындар бар.

 Сурет: El.kz/Арман МУХАТОВ

Мұнда келген қонақтар қазақ батырларындай садақ атып, түрлі кедергілерді еңсеріп ойнай алады. Шетелден келген туристерге, жасөспірімдерге танымдық мақсатта ұлттық аспаптар мен ою-өрнектердің әртүрлі пазлын жинауға болады, – деді бас директор.

Сондай-ақ Бекбол Сағын шежіре залынан барлық қазақ руларының таңбасын көруге болатынын айтады. Кез келген адам өз руы жазылған жерге барып, қолын қою арқылы интерактивті картадан ата-бабасының бұрынғы тұрған жерін көре алады.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Мультимедиалық интерактивті кешеннің халықтың сүйікті орнына айналатынына сенімді.

 Сурет: El.kz/Арман МУХАТОВ

Бурабай Қазақстандағы ең үздік үш туристік кластердің қатарына енген. Сондықтан мұндағы кешен заманауи технологиямен жабдықталған, замануи талапқа сай жаңартылды. Келушілерге тарихымыз, мәдениетіміз, дәстүріміз жайлы ақпарат беруге барлық жағдай жасалған, – деп пікірін білдірді әкім.

 Суреттер: El.kz/Арман МУХАТОВ

Кешеннің негізгі ерекшеліктері: «Куб 360» залы - бейнені кескіндейтін бірегей технологиясы бар Қазақстандағы жалғыз зал. Бес проект пен екі бүйірлік экран 270 градустық панорамалық кескін жасайды, бұл көрермендерге фильмнің бір бөлігі сияқты сезінуге мүмкіндік береді. Аталған көру форматы перифериялық көруді қолдану арқылы жаңа сезімдер тудырады және көріністің барлық бөлшектерін көруге мүмкіндік береді.

 Суреттер: El.kz/Арман МУХАТОВ

Интерактивті экспозициялар: Кешенде Абылай ханның батасын естіп, Астана опера солистерінің 3D-орындауындағы қазақ билерін көріп, садақ атып және кедергілерді еңсеріп жүрген батыр сияқты сезінуге болады.

 Суреттер: El.kz/Арман МУХАТОВ

Оқыту ойын технологиялары: Ойын түріндегі интерактивті экспозициялар балалар мен шетелдік қонақтарға ұлттық музыкалық аспаптар, ою-өрнектер, сондай-ақ қазақ даласының жануарлар әлемі мен өсімдіктері туралы білуге көмектеседі.

 Суреттер: El.kz/Арман МУХАТОВ

Интерактивті карта және символдық ағаш: Мұнда сіз елдің интерактивті картасынан барлық қазақ руларын, олардың таңбасын және тұратын жерлерін біріктіретін символдық ағашты көре аласыз, сондай-ақ олардың немен танымал екенін біле аласыз.

Мультимедиалық интерактивті кешеннің ашылуы - Қазақстанның туристік саласын дамытудағы маңызды қадам және біздің мәдениетіміз бен тарихымызды жергілікті тұрғындар мен шетел азаматтары арасында танымал етуге қосқан маңызды үлес.

Көкшетау қаласының тұрғыны Сәрсенбай Хасенов Бурабайда елімізде керемет кешеннің ашылғанына қуанышты екенін айтты.

 Сурет: El.kz/Арман МУХАТОВ

Бүгін кешенге балаларым мен немелерімді арнайы ертіп келдім. Бұл жерге келіп, таңғалып отырмыз. Интерактивті залдардан ата-бабамыздың бұрын қалай өмір сүргенін көріп жатырмыз. Ғимараттың іші өте әдемі, қарасаң көзің жайнап кетеді, – деді көкшетаулық тұрғын.

Кешенге жиналғандардың бірі Диана Аяшова Бурабайдың әсем жерлерін тамашалау үшін арнайы Қарағанды қаласынан келген. 

 Сурет: El.kz/Арман МУХАТОВ

Бурабайға отбасыммен қыдырып келдік. Өз басыма Мультимедиалық интерактивті кешен қатты ұнады. Біз бұл жерден Абылай хан сынды тарихта аты белгілі тұлғалар туралы біраз ақпарат білдік. Қазір дамыған заманда кезінде болған оқиғаларды интерактивті түрде шынайы етіп көруге болатындығы мені қуантады, – деп ойын жеткізді қарағандылық тұрғын.

Айта кетейік, кешенді қайта жаңарту және барлық жөндеу жұмыстары еліміздегі банктердің бірінің демеушілік қаражаты есебінен толық қаржыландырылды.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: