Бурабай курортына баратын жолаушылар 30%-ға көбейді

12 Шілде, 14:36 710

Жазғы маусымның басталуымен Бурабай курортына пойызбен саяхаттау туристер мен жергілікті тұрғындар арасында бұрынғыдан да танымал бола түсті. Бурабайға маусым айында Ұлттық тасымалдаушының электр пойыздарымен 49 мыңнан астам адам тасымалданды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 30%-ға жоғары, былтыр теміржол қызметін шамамен 34 мың жолаушы пайдаланған болатын, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін биыл Ұлттық тасымалдаушы «Қарағанды-Астана-Бурабай курорты» бағыты бойынша жоғары жылдамдықты №6811/6812 «Астана-Бурабай курорты» учаскесіндегі электр пойызының жүру уақытын 2,5 сағатқа дейін қысқартты. Электр пойызы аптасына бес рет: дүйсенбі, сәрсенбі, жұма, сенбі және жексенбі күндері жүреді.

Сонымен қатар, жазғы кезеңде №7509/7510 «Павлодар-Астана» жоғары жылдамдықты электр пойызының бағыты Көкшетау мен Бурабай курортына дейін ұзартылды (пойыз №6805/6806). Пойыз аптасына екі рет: жұма және жексенбі күндері жүреді.

Бұл шаралар Бурабай курортына жолаушылар ағымының артуына ықпал етті. Биыл Бурабайға теміржол көлігімен 125 мың жолаушы тасымалдау жоспарлануда.

Сондай-ақ, Бурабайға күнделікті №6829/6830 «Астана-Көкшетау» жүреді. Одан бөлек Астана-1 станциясынан №7553/7556, №6811/6812 «Қарағанды-Астана-Бурабай курорты» пойыздары және Нұрлы жол вокзалынан №7507/7508 «Астана-Көкшетау» пойызы қатынайды.

Жолаушыларға қолжетімді болу үшін электр пойыздарының билет құны 2 271 теңгеден 2 943 теңге аралығын құрайды. Билеттерді bilet.railways.kz сайтында және теміржол вокзалдарындағы «Жолаушылар тасымалы» АҚ кассаларында 10 күннен 1 күнге дейін сатып алуға болады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: