Бурабайда «Шипажай-2017» халықаралық форумы өтуде

21 Сәуір 2017, 11:00 4051

Қазақстанда тұңғыш сертификатталған родон ауыз су көзі ашылды

ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы ҚР Ұлттық Курорт Қауымдастығымен бірлесіп, Бурабайда орналасқан «Оқжетпес» емдік-сауықтыру кешенінде санаторий-курорттық көмекті дамыту мәселелері бойынша «Шипажай-2017» ІІ халықаралық ғылыми-практикалық форумын өткізуді.

Форум еліміздің әртүрлі өңірлерінен және алыс-жақын шетелдерден келген медициналық оңалту орталықтарының ғылыми қызметкерлерінің құттықтау сөздерімен ашылды.

Нұркенов Нұрлан, Ақмола облысы әкімінің орынбасары:

— Бүгін біздің облыста осы жылдың ең ірі іс-шараларының бірі өткізіліп жатыр. «Оқжетпес» емдік-сауықтыру кешені біздің облысымыздың бетке ұстар мекемелерінің бірі. Жарты ғасыр бойы тек өзіміздің ғана емес, шетел азаматтарының да денсаулығын нығайтып, мүлтіксіз жұмыс атқарып жатқанын мақтан тұтамыз. Елбасымыз жолдауында қазақстандықтардың денсаулығын қорғауды мемлекеттің стратегиялық дамуының қозғаушы күші екенін атап өтті. Соңғы жылдары Ақмола облысында денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат үш есеге өскен. Барлық ақмолалықтардың атынан алғыс айта отырып, бүгінгі форум курорттық бағытты дамытуға үлкен үлес қосады деп үміттенеміз.

Форумға Германия, Чехия, Италия және Ресейден медициналық оңалту, кардиология, урология, онкология, гинекология, курортология, физиотерапия, емдік дене шынықтыру және массаж саласындағы жетекші мамандар келді.

Форумды пайдалана отырып санаторий-курорттық ұйымдар мен фармацевтика өнімін өндірушілер өздерінің жаңа дәрі-дәрмектерін жұрт назарына ұсынды.

Форумның алғашқы күнінде Қазақстанда тұңғыш сертификатталған родон ауыз су көзі ашылды. Родон — әлемде өте сирек кездесетін ауыр газ. Оның адам ағзасына пайдасы ғалымдармен дәлелденген. Мамандардың айтуынша мұндай сирек кездесетін родон ауыз су көзі бар шипажай әлем жұртшылығының қызығушылығын арттырып, туризмнің дамуына үлес қоспақ.

Беркінбаев Қайрат, «Оқжетпес» емдік-сауықтыру кешенінің президенті:

— Ұңғыманы қазу ұзақ уақыт жүргізілді. «Оқжетпес» санаторийінің барлық ұжымы, маған дейін істеген басшылары ол бойынша бес жыл бойы жұмыс жүргізген. Родон суымен ванна қабылдау және оны ішу асқазан ауыруларына пайдасы өте зор. Родон ауыз су көзі «Оқжетпес» емдік-сауықтыру кешенінің 50 жылдығына арнайы орайластырылып ашылды. Болашақта мұндай бастама жалғасын табады деген үміттемін.

Рүстем Әлпи
Бөлісу: