«Бұлай жүре берсе, банкрот боламыз». Депутат елімізде шетелдік компанияларға басымдық көп екенін айтты

12 Маусым, 11:30 648

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов «Қазақстан темір жол» компаниясының тарифтерінің 23 пайызы тиімсіз екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат елімізде тарифтер арқылы шетелдік транзиттерге жеңілдік беріліп, салдарынан отандық компанияларға зиян келіп жатқанын жеткізді.

«Қазақстан темір жол» тарифтерінің 23 пайызы тиімсіз және қосымша қаражаты мұнай-жанармай және металл тасымалдаулардың есебінен жабылып отыр. Бүгінде 3 трлн теңге қарызы бар. Тарифтермен қазақстандық компанияларға жеңілдік беру керек болса жақсы ғой, бірақ біз транзитпен Еуразиялық экономикалық одақтан келетін тауарларға, біздің үстімізден өтетін тауарларға неліктен жеңілдік беруіміз керек?! Осылайша, біз өзіміздің компанияларға зиян тигізіп отырмыз, - деді мәжілісмен.

Депутат елімізде жыл сайын транзиттік баға көтерілетінін атап өтті.

Мысалы, өткен жылы қазақстандық компаниялар үшін 3 рет баға көтерілді. Биыл екі рет көтерілді. Тағы да баға көтеруді сұрап отырмыз. Сонда транзитте өтіп бара жатқандарға арзан баға береміз, ал өзімізге қымбаттатамыз. Осы жерде қолдау мақсатында әрі атаулы түрде және ашық болуы керек. Мысалы, Қазақстан компаниясын сайттан қарауға болады. Ал шетелдің компанияларына қандай жеңілдік беретіні түсініксіз. Бұл жерде монополизм бар. Барлық транзит тек қана мемлекеттің компаниясына жүргізіледі. Біздің компанияларға жағдай жасау керек. Бұлай жүре беретін болсақ, «Қазақстан темір жолы» компаниясы банкрот болады, - дейді депутат.

Миражан Махан
Бөлісу: