Бұл – мәдениеттің төменділігінің белгісі: Астана әкімі жәрмеңкедегі жағдайға қатысты пікір білдірді

28 Тамыз 2023, 16:55 965

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында Тәжікстанның мәдениет күндері аясында ұйымдастырылған көрме-жәрмеңкеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Өздеріңізге белгілі, өткен демалыста EXPO алаңында Тәжікстанның мәдениет күндері аясында ауыл шаруашылығына, өнеркәсіп өнімдеріне және ұлттық қолөнеріне арналған көрме-жәрмеңке өтті. Жәрмеңкеде 1000 тоннадан астам өнім сатылды, - деді

Дегенмен тұрғындар көрме барысында азық-түлікпен қатар ыдыс-аяққа дейін талап-тармап әкетіп жатты. Қала басшысы осы жайтқа қатысты ойын жеткізіп, бөтеннің мүлкіне зиян келтіріп, мәдениетсіздік танытқандар жазаланатынын айтты.

Жәрмеңке мүлкіне зиян келіп, кейбір азаматтар шатырларды, сөрелерді, декорацияларды сындырды. Қоғамдық тәртіп те бұзылды. Бұл – мәдениеттің төменділігінің, адам еңбегін құрметтемеудің белгісі. Кейбір адамдардың орынсыз әрекетіне байланысты Астана қаласының барлық тұрғынына сөз тиді. Көрме-жәрмеңкеге 100 мыңға жуық адам қатысты, бұл іс-шарада қала тұрғындарының басым бөлігі мәдениетті болғанын ерекше атап өткім келеді.
Оларға алғысымды білдіремін!

Полицияға вандализм әрекеттерін жасаған және қоғамдық тәртіпті бұзған адамдарды анықтау жұмысы тапсырылды. Құқық бұзушылар жауапқа тартылады, - деп жазды елорда әкімі.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: