БҰЛ КҮНІ - 27 МАМЫР

27 Мамыр 2019, 10:27 3122

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қайраткерлік қызметінің жылнамасы.

 

2005 ж.: Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Түркия Республикасының Премьер-министрі Р.Т.Эрдоғанмен бірге Алматы-2 темір жол бекетінде «Жібек жолы» көрсетілім поезд-көрмесінің ашылу рәсіміне қатысты. 19 вагоннан құралған, Түркияда шығарылған түрлі өнімдері бар поезд 2005 жылдың 24 сәуірінде Ыстамбұлдан шығып, жолда Иранға, Түрікменстанға, Тәжікстанға, Өзбекстан мен Қырғызстанға аялдады.


Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Президент «түріктік тараппен қолға алынған бастама түркі халықтарының достығын нығайтуға бағытталған. Бұл елдеріміз арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін мүмкіндіктерді ашатын тарихи поезд» деп ерекше атап көрсетті.


Содан кейін Н.Ә.Назарбаев өзінің алматылық резиденциясында Р.Т.Эрдоғанмен келіссөздер жүргізіп, екі елдің сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастығын одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. 


2008 ж.: Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бір топ депутатын қабылдады. Депутаттар құрамында Қ.С.Сұлтанов, Ғ.Есім, Е.И.Аман және С.Б.Ақылбай бар.


Кездесу барысында Қазақстанның экономикалық дамуының және қоғамдық-саяси өмірінің өзекті мәселелері талқыланды. 

*****

Мемлекет басшысы Қостанай облысының әкімі С.В.Кулагинді қабылдады. Ол облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы және биылғы егіс науқанының барысымен таныстырды. 

*****

Мемлекет басшысы «Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілдігін ашу туралы» №602 Жарлығына қол қойды.


2010 ж.: Мемлекет басшысы «Ақорда» резиденциясында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған кездесу өткізді. Іс-шараға XX ғасырдың 1930-1950-ші жылдары Қазақстанға шет елден қоныс аударғандардың және Қазақстаннан қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары қатысты.


«Біздің кездесуіміз Қазақстанда жыл сайын атап өтілетін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында өтіп отыр. Біз «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» атты халықаралық жобаға және «Тарихтан - қазіргі заманға» атты конференцияға қатысушылардың барлығына ризашылығымызды білдіреміз», - деді Мемлекет басшысы. 

Н.Ә.Назарбаев Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап толеранттылық, барлық этностардың теңдігі мен достығын, еліміздің ішінде тұрақтылықты берік ұстанып келе жатқанын атап өтті. 

*****

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №279-ІV, «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №280-IV, «Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісіміне хаттаманы ратификациялау туралы» №281-IV, «Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы Стратегиялықәріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» №282-IV заңдарына қол қойды.

Президент сондай-ақ «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімге (Даму бағдарламасын қолдауға берілетін кредит) қол қою туралы» №989, «Көп балалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградтау туралы» №990 жарлықтарына қол қойды.


2014 ж.: Мемлекет басшысы 2014 жылғы 29 мамырда болатын Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді.


Кеңесті аша отырып, Президент саммиттің басты мәселесі Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қою болатынын атап айтты. «20 жыл бойы біз экономикалық интеграция бағытында жүріп келдік. Бұл уақыт ішінде зор жұмыс атқарылды. Ендігі кезекте біз жұмысымыздың бекер болмағанын және шарт халықтың игілігіне бағытталғанын іс жүзінде дәлелдеуіміз керек. Біздің еліміз бұл одақтан ұзақ мерзімді перспективаға есептелген пайда көреді. Бұл шартқа қол қоюымыздың себебі экономикалық жағынан біз үшін пайдалы. Атап айтқанда, Қазақстанның теңізге шығатын жолы жоқ екенін есепке алу қажет, ал біздің көршілеріміз бізге оны да, сондай-ақ көлік инфрақұрылымына қолжетімділікті де қамтамасыз етпек», - деді Н.Ә.Назарбаев. 

*****

Мемлекет басшысы Литва Республикасының Президенті Д.Грибаускайтеге оның осы лауазымға қайта сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады.

*****

Мемлекет басшысы «С.С.Ескендіров туралы» №824, «Е.Х.Сұлтановты Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындау туралы» №825, «Қ.Қ.Айтмұхаметов туралы» №826, «С.В.Кулагин туралы» №827, «С.В.Кулагинді Ақмола облысының әкімі қызметіне тағайындау туралы» №828, «Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу үшін тауарларды арнайы техникалық құралдарға жатқызу тұрғысынан техникалық зерттеу жүргізу» және «Тауарларды ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарына жатқызу тұрғысынан техникалық зерттеу жүргізу» мемлекеттік қызмет көрсетулер стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 5 шілдедегі №116 Жарлығының күші жойылды деп тану туралы» №829, «Көп балалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапаттау туралы» №830, «Қазақстан Республикасы мен Венгрия арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартқа қол қою туралы» №831 жарлықтарына қол қойды.


2015 ж.: Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Хорватия Республикасының Премьер-министрі З.Милановичпен кездесті.


Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық және отын-энергетикалық салалардағы өзара іс-қимылын жандандыру мәселелері талқыланды.

Тараптар сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасты. 

*****

Мемлекет басшысы өзінің «Ақорда» астаналық резиденциясында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін одан әрі жаңғырту мәселелері бойынша кеңес өткізді.


Кеңес барысында Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Н.Б.Ермекбаев, Қорғаныс министрі И.Н.Тасмағамбетов, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы С.Ә.Жасұзақов қазақстандық әскердің жауынгерлік дайындықтарын жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар және оның жауынгерлік әлеуетін нығайту бойынша қабылданған шаралар туралы ақпарат берді. 


2017 ж.: Мемлекет басшысы Астана қаласындағы Назарбаев университетінің түлектеріне диплом тапсыру рәсіміне қатысты.



Рәсімге студенттер, олардың ата-аналары, Қамқоршылық кеңес мүшелері, сондай-ақ университеттің профессор-оқытушылық құрамы қатысты.



Президент жиналғандарға арналған сөзінде оларды өміріндегі осы атаулы күнмен құттықтап, қазіргі қол жеткізіліп отырған жетістік студенттер, оқытушылар, Қамқоршылық кеңес мүшелері және оқу орнының барлық қызметкерлерінің бірігіп атқарған жұмысының арқасы екенін атап өтті. 


*****

Мемлекет басшысы дербес білім беру ұйымдары -  «Назарбаев университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қоры» Жоғары қамқоршылық кеңесінің отырысына қатысты. 


Отырыста университеттерді және зияткерлік мектептерді дамыту перспективалары, оқу орындарына құжат тапсыратын талапкерлер санын көбейту, ұйымдастыру аспектілері, қамқоршылық кеңестерінің жаңа құрамын сайлау мәселелері талқыланды.

Президент ғылыми-зерттеу үдерісін дамытып, университеттің халықаралық байланыстары аясын кеңейтудің маңыздылығына назар аударды, сондай-ақ бүкіл еліміздегі жиырма зияткерлік мектептің тиімді жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. 


Дереккөз: Akorda.kz


Оқи отырыңыз:

БҰЛ КҮНІ - 24 МАМЫР

ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ МЕВЛЮТ ЧАВУШОГЛУМЕН КЕЗДЕСТІ
ҚЫЗЫЛОРДАДА ӘР ҰЛТ ӨКІЛДЕРІНІҢ ЖАСТАРЫ ҚАЗАҚТЫҢМАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРІ МЕН ЖҰМБАҚТАРЫНАН САЙЫСТЫ
Бөлісу: