«Бұл – әдебиетті тобырдың қолына беріп қою». «Меценат» бәйгесі дауға айналды

30 Маусым 2023, 21:06 1842

«Mecenat.kz» роман бәйгесі алғаш жарияланғанда әдебиетсүйер қауым алқап, қуанышқа кенелген еді. Бұл кенжелеп қалған роман жанрының дамуына серпін беретін болды дескен. Роман бәйгесін жариялау қазақ топырағына жат емес. 1914 жылы қазақ жазушыларына арнап, тұңғыш рет роман бәйгесін жариялаған Есенқұл Мамановтың үлгілі ісі ұлт үшін істеген үлкен қызмет болды. Жоқтан бар жасап, роман жанрын аяқтандырған жазушылар Алаштың ардақтысына айналды.

Әдеби конкурс – тың туындының, жақсы шығарманың өмірге келуіне дәнекер болады. Мысалы, 2002 жылы «Сорос Қазақстан» қоры ұйымдастырған «Қазіргі заманғы Қазақстан романы» әдеби конкурсы қазақ әдебиетіне қаншама жақсы романдар сыйлады. Сол конкурста бәйге алған Таласбек Әсемқұлов, Дидар Амантай, Айгүл Кемелбаевалардың бүгінгі қазақ әдебиетіндегі алар орнын көзқарақты оқырман жақсы біледі.

«Mecenat.kz» роман бәйгесі дәл осындай ірі қаламгерлер мен сүбелі туындылардың шығуына дәнекері болар деген жұрттың сенімі қазірше ақталмай тұр. Ол конкурсқа жақсы шығармалардың қатыспай жатқанында емес, бағалаудың, шын мықтыны анықтаудың шикілігінде. Үздік романды электрондық дауыс анықтай ала ма деген сауал көптің көкейінде жүр. Әдебиеттің шын жанашырлары әділетсіздік болмағанын, ең мықты роман мәреден көрінгенін көксейді. Осы орайда біз белгілі ақындар мен әдебиеттанушылардың пікірін сұрап көріп едік. 

Прозалық шығармаларды, таланттарды көпшілік дауыспен анықтау деген кімдердің шығарып жүргені? Бұл ақылға сыймайтын нәрсе. Егер бұл әдісті қолданатын болса, онда Абайдың өзі дауыс жинай алмай, жүлдені «халтурщик» блогерлер алып кетер еді. Сондықтан мен «Меценат» әдеби конкурсының шарттарының өзіне қарсымын. Үздік романды анықтағысы келсе, әдебиетті, оның жөн-жорасын білетін арнайы кәсіби мамандар, ғалымдар, жазушылар қатысқан комиссия анықтау керек. Өз басым үздік прозалық шығарманы көпшілік анықтайды деген тәсілді қабылдай алмаймын. Испан философы Хосе Ортеги-и-Гассеттің «Тобырдың төңкерісі» деген еңбегі бар, сол Гассет айтпақшы, бұл – әдебиетті тобырдың қолына беріп қою деген сөз. Ойлап қарашы, қазіргі кезде «оқитын қоғам» қалыптастыра алдық па? Онысыз да соңғы отыз жыл бойы еңсесін көтере алмай қалған әдебиетті одан сайын жерлеуге болмайды. Бір 40 мың жазылушысы бар блогер дауыс жинаудан «жарыс» өткізіп, осы жолмен «үздік роман» анықталсын дейік. Сосын ол жеңімпаз болса, ертеңгі күні оның романы жарнамаланбай ма? Басқа тілдерге аударылмай ма? Сонда оны оқыған басқалар «қазақ романының бүгінгі сиқы осы екен» демей ме? Ал өсіп келе жатқан жас ұрпақ ше? Олар да «үздік романның өлшемі осындай болады екен» дейді. Әдебиетке – қиянат деген осы болады! «Меценат» ұйымдастырушылары конкурс шарттарын қайта қарасын, жұртты бұлай әбігерге салғандары дұрыс емес, - дейді ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқар.

Бұл пікірді филология ғылымының докторы, профессор Гүлзия Пірәлиева да құптап отыр.

Меценат бүкіл қауым қуанып қарсы алған жақсы бастама. Алайда электронды дауыс арқылы жеңімпазды анықтау мүмкін емес. Бұл бүгінгі заманауи шоудың бір түрі. Ешқандай мағына, мақсат жоқ. Ең басты кемшілік – оның бәрі ұйымдастырылады. Сол дауыс берген кісілердің көбі кітапты көзбен көріп, қолымен ұстамаған, автордың кім екендігінен хабары жоқ жастар. Тек техника тілін білетін, кісі атынан жаздыратын не өзі жаза салатындар. Оған ешкім күмән келтірмейді. Бірінші байқаудың қорытындысы соны көрсетіп отыр. Менің түсінбейтінім, қаржылай көмектескісі келетін ұлтжанды меценат болатын болса ол шығарманы көптің, әсіресе кәсіби маман әдебиетшілер, сыншылар, ғалымдар, әдебиеттанушылар, кітапқұмар оқырмандардың жанды дауысын, пікірін білуі, сұрауы тиіс еді. Бұл жүйе – ұлттық әдебиеттің көркемдік шеберлігін танытатын тәсіл емес, кісі күлкісін келтіретін келеке-мазақ десе де болады. Келешекте мұндай шараға ақша шашып әуре болғанша жыл қорытындысында жоғары бағаланған кітапқа беру керек сияқты. Сонда әдебиетке деген әділ шешім болар еді, - дейді филология ғылымының докторы, профессор Гүлзия Пірәлиева.

Көптің көңілінен шығатын шығарманы дәл табу қиын. Ең бастысы роман бәйгесі әділ өтсе – «Mecenat.kz» үшін де, әдебиет үшін де мерей болмақ. Электронды дауысқа қатысқан жанның бәрі кітап оқымады, жарнама арқылы жиналды деуден аулақпыз. Оның әділдігін білу үшін – дауыс берушілерге сауалнама жүргізу керек. Кімнің дауыс бергенін «Mecenat.kz» көрсетіп тұр. Бір романға жүз дауыс берілсе кез келген 2-3% қатысушыға хабарласып, роман жайлы, автор туралы сұрақтар қойса. Сонда ол адамның оқыған-оқымағанын, дауыс берудің шын-жалғанын айырар ма еді?! Не болса да дүбірі мәреге таяп қалған тұлпарлардың алдын кеспей, «Меценат» ұйымдастырушылары шын жүйрікті анықтайды деп сенеміз!  

Ғылымнұр Кәдірбай
Бөлісу: