Жастар – қоғамның қозғаушы күші, ұлттың болашағы. Олардың мақсаты, арманы, мамандық таңдаудағы өзіндік көзқарасы заман ағымына байланысты өзгеріп отырады. Жаңа буын тек табысты болуды емес, өздерін жан-жақты дамытып, қоғамға үлес қосатын салада қызмет етуді қалайды. Бұрынғы уақытта ғарышкер болуды армандау, дәрігер, заңгерді мәртебелі маман санау сияқты тенденциялар да белгілі бір уақытқа тән болды. Бүгінгі жастардың таңдауы әртүрлі салаларға бөлініп, сан салаға бағытталған. Бұл мақаламызда уақыт өткен сайын жастардың мамандық таңдаудағы талғамы қалай өзгеретіндігі туралы зерттеп көруге тырыстық.
Кеңес Одағы кезеңінде ер балалардың арасында ғарышкер болу арманы кеңінен таралған еді. Бұл таңдау сол кездегі қоғамның идеологиялық көзқарасымен байланысты болды. Юрий Гагариннің алғаш рет ғарышқа ұшуы тек Кеңес Одағында ғана емес, бүкіл әлемде сенсацияға айналды. Сол кезде халық үшін ғарыш саласы ұлттық мақтаныштың символы болып, көптеген балаға шабыт берді. Ғарышкерлер тек батылдық пен күштің бейнесі ғана емес, ғылымның, техника мен жаңа жетістіктердің тұлғасы болды. Ғарышкер болуды армандаған ұл балалар болашақта осы салада табысқа жетуді қалады.
Қыздар арасында дәрігер болу танымалдыққа ие болды. Бұл таңдау олар үшін адамдарға көмек көрсетіп, қоғамның игілігіне қызмет ету, мәртебелі мамандық арқылы адамдарды емдеп, өмірін жақсартуға деген ұмтылысты көрсетті. Сол кезеңде медицина саласы тұрақты және беделді кәсіп саналды, ал дәрігер болу бар құрмет пен беделге ие болу деп есептелді. Ата-аналар балаларын осы мамандыққа бағыттап, олардың болашақта жауапты қызмет атқаратынына сенді.
1980-1990 жылдары ел экономикасы нарықтық қатынастарға бет бұрғандықтан, қоғамда құқықтық білімнің маңызы арта бастады. Жаңа заңдардың қабылдануы, қоғамдағы құқықтық сауаттылықтың қажеттілігі жастарды заңгер мамандығына қызықтырды. Заңгер болу қоғамдағы әділдікті қорғап, заңдарды түсіну арқылы жеке өмірде де, мансапта да биікке жетуге мүмкіндік берді. Көптеген жас заңгер болуды тек кәсіби жетістік емес, табысқа жетудің жолы ретінде қарастырды. Бұл мамандық сол уақыттағы әлеуметтік беделдің бір көрсеткіші болып саналды.
2000 жылдары нарықтық экономика мен қаржылық сауаттылықтың артуы жастар арасында экономист, қаржыгер, банк қызметкері сынды мамандықтарды танымал етті. Жастар бұл бағытты таңдап, қаржы саласында мансап құруға ұмтылды. Экономикалық білім мен банк саласында жұмыс істеу сол кездегі тұрақты, табысты өмір сүруге мүмкіндік беретін мамандық ретінде қарастырылды. Осылайша, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған таңдаулар жаңа дәуірдің басты ерекшелігіне айналды.
Қазіргі таңда цифрлық экономика мен ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы жастардың мамандыққа деген көзқарасын түбегейлі өзгертті. Бүгінгі таңда жас ұрпақ үшін бағдарламашы, IT-инженер, деректер талдаушысы сияқты мамандықтар ерекше сұранысқа ие. Жаһандық нарықта Google, Apple, Microsoft сияқты ірі компаниялар жастарға көптеген мүмкіндіктер ұсынып, оларды шабыттандырып отыр. Бұл компаниялар тек табыс көзін емес, шығармашылық және жаңашыл ойлауды дамыту мүмкіндігін де ұсынады. Жастар IT саласында тек жұмыс істеуді емес, қоғамның цифрлануына үлес қосып, жаңа технологияларды енгізу арқылы әлемдік деңгейде өз орнын табуды қалайды.
Сонымен қатар, Big Data, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік сияқты жаңа бағыттар жастар арасында ерекше қызығушылық танытты. Әлемде ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы кәсіби мамандардың тапшылығын тудырып отыр. Қазақстанда да IT мамандықтарына сұраныс артып, мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар мен гранттар ұсынылуда. Жастарға осы салаларда білім алып, жаңа технологияларды меңгеру арқылы елдегі цифрландыру үрдісін дамытуға мүмкіндік берілуде. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы техникалық, яғни геология, машина құрастыру, энергетика, ІТ, металлургия, көлік және тағы да басқа мамандықтар бойынша көбейтілген.
IT саласында білім алу жастарды ойлау дағдыларын дамытуға, креативтілікті арттыруға, проблемаларды шешу қабілеттерін жетілдіруге бағыттайды. Көптеген жастар алгоритмдермен жұмыс істейтін мамандықтарды таңдауға тырысады, себебі бұл мамандықтар бүгінгі таңда әлеуметтік, экономикалық және саяси аспектілерді басқаруға қажетті дағдыларды қамтиды. Нәтижесінде, жастар компьютерлік ғылымдар, деректерді өңдеу, бағдарламалау тілдері, киберқауіпсіздік және тағы басқа бағыттарда білім алып, өз кәсіби жолдарын таңдайды.
«365 Data Science» ақпаратына сәйкес, бүгінде 2024 жылы танымалдылығы артқан бірнеше мамандық бар. Осы ретте олардың бірқатарына тоқтала кетейік.
Жасанды интеллект маманы – болашақта ғана емес, қазіргі уақытта да ең қажетті мамандықтардың бірі болып отыр. 2027 жылға қарай жасанды интеллект және машинамен оқыту саласындағы мамандарға сұраныс 40%-ға артады. Бүгінгі күні жасанды интеллект әртүрлі салалар мен мамандықтарға қарқынды еніп келеді. AI-ды меңгеру сізге кез келген салада жұмыс істеуге және жылына 100,000 АҚШ долларынан астам табыс табуға мүмкіндік береді.
Алдағы жылдары үлкен деректерді (big data) талдау мамандарына деген сұраныс артады деп күтілуде. Бұл – түрлі үлкен деректер жиынын статистикалық талдау және математикалық модельдер құру арқылы зерттейтін мамандық. Бизнес-аналитиктер ерекше сұранысқа ие болады, өйткені олар бизнес шешімдердің тиімділігін арттыру үшін болжамдар жасайды.
Медбике мамандығы әлемнің көптеген елдерінде жыл сайын сұранысқа ие үш мамандықтың бірі болып табылады. Бірнеше елде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін әмбебап медициналық мамандықты игергеннен кейін сіз кез келген қалаған елде өмір сүріп, жұмыс істей аласыз. Шетелде медбикелердің жалақысы жылына 50,000 АҚШ долларынан, ал дәрігерлердің жалақысы 80,000 АҚШ долларынан басталады.
Бүгінде барлық кәсіпорындар тұрақты даму қағидаттарына сәйкес жұмыс істеудің және қоршаған ортаға минималды әсер етудің маңыздылығын түсінеді. Экологиялық тазалықты енгізу қабілеті алдағы жылдары сұранысқа ие болады. Тұрақты даму бойынша мамандарға жылына 60,000 АҚШ долларынан жоғары жалақы төленеді.
Қазіргі уақытта «бұлтты» есептеулер нарықтағы ең танымал дағдылардың бірі болып табылады. Бағдарламашылар мен веб-әзірлеушілер алдағы жылдары өзектілігі мен қажеттілігін жоғалтпайды. Олар қашықтан жұмыс істеп, жылына 40,000 АҚШ долларынан бастап табыс таба алады.
Цифрлық маркетинг – цифрландырудың жарқын мысалы. Бұл саладағы мамандар заманауи цифрлық технологиялар мен платформаларды қолданып, тұтынушыларды тартып, өнімдер мен қызметтерді сатады.
Біз цифрлы қауіп-қатері бар дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Компьютерлік қауіпсіздік мамандарының міндеті – компьютерлерді, желілерді және маңызды мәліметтерді қауіптерден қорғау. Бұл саладағы тәжірибелі мамандардың жылдық табысы 100,000 АҚШ долларына дейін жетеді.
Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова 2024 жылғы 14 қазанда өткен Мәжілісте Қазақстанда сұранысқа ие болатын жаңа мамандықтардың тізімін жариялаған еді.
Светлана Жақыпованың сөзінше, болжамның қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді түрлері бар.
Қысқа мерзімді болжам жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен бос жұмыс орындарын жариялайтын кәсіпкерлердің өтінімдері негізінде қалыптасады, оның негізінде ұзақ мерзімді болжам қазақстандық нарықта пайда болатын болашақ салалар туралы ақпаратты қамтиды. Біз елімізде сұранысқа ие болатын жаңа мамандықтардың толық тізімін ұсынуға дайынбыз, – деді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, тізімге жасанды интеллект мамандары, атом электр станциясының жұмысшылары, блокчейн технологиясы бойынша мамандар, IT дизайнерлері, бағдарламашылар және цифрлық егіз әзірлеушілер сияқты мамандықтар кіреді.
Қазіргі таңда әлеуметтік медиа мен интернет платформалары жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, олардың шығармашылық қабілеттерін ашуға жағдай жасады. Бұл индустрияда блогерлік, контентмейкер, графикалық дизайнер, анимация жасаушы, медиа продюсер сияқты мамандықтар ерекше сұранысқа ие. Әлеуметтік желілердің танымал болуы жастарға өзіндік бренд қалыптастыруға, өз ойларын көпшілікке жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Instagram, YouTube, TikTok сынды платформалар жас мамандарға өз өнерін таныстырып, миллиондаған аудиторияға жетуге жағдай жасап, табысқа жету құралына айналуда. Креативті индустриялар арқылы жастар өздерінің ерекше көзқарасын көрсетіп, шығармашылық еркіндікке қол жеткізуде.
Бұл сала әсіресе Қазақстанда да үлкен сұранысқа ие болуда. Жастар фотосурет, графикалық дизайн, видео жасау сынды өнерлерін көрсетіп, танымал блогерлер мен медиа мамандарға айналуда. Креативті индустриялар арқылы жұмыс істеу тек шығармашылық қабілетті емес, нарықта бәсекеге қабілеттілікті, маркетингтік дағдыларды да талап етеді. Бұл салада жұмыс істеген жастар жоғары технологиялық құралдармен, бағдарламалармен және әдістермен жұмыс істей отырып, креативті ойлауды дамытуда.
Бұдан бөлек, контент өндірісі жастар үшін тек табыс көзі емес, сонымен қатар әлеуметтік мәселелерге назар аудару, өз идеяларын қоғаммен бөлісу, ақпарат тарату арқылы жауапкершілікті арттыру мүмкіндігін береді. Олар өздерінің пікірлері мен ойларын, тәжірибелері мен сезімдерін жеткізіп, қоғамды дамытуға, сонымен қатар, әлеуметтік өзгерістерге ықпал етуде.
Жаһандық экологиялық мәселелерге назар аудару қазіргі жастардың басты ерекшеліктерінің бірі болып отыр. Климаттың өзгеруі, экологиялық дағдарыс, судың, ауаның ластануы сияқты мәселелер жастарды алаңдатып, оларды экология мен тұрақты даму саласына бет бұрғызуда. Қазақстанның да экологиялық мәселелері бар болғандықтан, жастар экологияға байланысты жобаларға қатысып, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруда.
Экологиялық білім алып, тұрақты даму саласында мамандану – тек кәсіби жетістік емес, қоғамға пайдалы болуды білдіреді. Бұл салада жұмыс істейтін жастар қоқыс өңдеу, жаңартылатын энергия көздерін қолдану, суды үнемдеу, орманды қорғау сияқты маңызды жобалармен айналысады. Олар тек жеке өмірге емес, бүкіл әлемге пайдасын тигізуге ұмтылады. Тұрақты даму бойынша білім алу арқылы жастар болашақ ұрпаққа таза, дені сау табиғат қалдыруды мақсат етеді.
Экологияны сақтау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологиялық сана қалыптастыру жастар арасында кеңінен насихатталуда. Олар экологиялық ұйымдарға қосылып, әлеуметтік жобаларға қатысып, экологиялық білім беру бағдарламаларын ұйымдастырып, қоғамды экология мәселелеріне тартуда. Бұл жастардың өз жауапкершілігін сезінуімен қатар, қоғамдағы экологиялық мәдениетті дамытуға үлес қосуға бағытталған.
Қазақстанның жастар арасында кәсіпкерлік саласына қызығушылық артып, олар өз бизнестерін ашуға белсенділік танытуда. Жастар стартаптар, инновациялық жобалар, жаңа өнімдер мен қызметтерді нарыққа енгізу арқылы кәсіпкерлік әлеміне қадам басуда. Кәсіпкерлік жастардың шығармашылық және инновациялық қабілеттерін дамытуға, өз идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Кәсіпкерліктің дамуы жастарға өз бизнесін ашу, экономикалық дағдыларын жетілдіру, қаржылық сауаттылығын арттыру, жауапкершілік сезімін қалыптастыру арқылы табысқа жетудің тиімді жолын ұсынады. Жастар әлеуметтік мәселелердің шешімін іздеп, экологиялық жобалар, әлеуметтік кәсіпкерлік, стартаптар арқылы қоғамға пайдасын тигізуге ұмтылады.
Сонымен қатар, мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламалар мен гранттар, инкубациялық орталықтар жастардың кәсіпкерлік әлеуетін арттыруда. Көптеген жас кәсіпкерлер түрлі тренингтер, семинарлар мен курстарға қатысып, білімі мен тәжірибесін жетілдіруде.
Бүгінгі жастар өздерінің таңдауымен, арманымен еліміздің болашағына үлкен әсерін тигізде алады. IT, креативті индустрия, кәсіпкерлік сынды түрлі салалар бүгінгі жастардың кәсіби бағдарларының көрсеткіші болып отыр. Әрбір жас маманның өз саласында белсенді болып, дағдыларын дамытуы арқылы мемлекеттің болашағына ықпал ету мүмкіндігі бар. Жаңа буынның таңдауы мен құндылығы Қазақстан қоғамын тек экономикалық емес, әлеуметтік, экологиялық тұрғыдан да алға жетелейді.
Осылайша, жастарымыз қоғамның жаңа бет-бейнесі болып, экономиканың жаңа бағытын қалыптастырып, әлемнің дамуында ерекше мүмкіндіктерге жол ашада. Жастар – бұл еліміздің болашағы. Оларды қолдап, кәсіби деңгейде өсуіне мүмкіндік беру – қоғамның міндеті.