Бүгінгі қабылданған заң - мемлекетті демократизациялауға бағытталған үлкен қадам-сарапшы

15 Сәуір, 18:00 638

Тұрмыстық зорлық-зомбылық, ана мен бала қауіпсіздігі мәселелері -  бүгінде күн тәртібінде. Елімізде осыған қатысты заң қабылданды. Соған байланысты El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеу орталығының қызметкері Әмина Қуанышбаевамен тілдесті.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қатаң жазаға тарту мәселесі қашанда қоғам назарында. Қай кезде де статистикалық мәліметтер, отбасы ісі жөніндегі сарапшылардың пікірі, петиция, митингтермен дәлелденіп, дәйектеліп отырды. Алайда мәселенің Бишімбаев кейсінен кейін халық арасында дүрбелең тудырғаны сөзсіз. Ақпараттық порталдарда күнделікті түрде тұрмыстық зорлыққа қатысты жаңалықтар жиі жазыла бастағаны тағы бар,-деді Әмина Қуанышбаева.

Мемлекеттік деңгейде бұл мәселе талай мәрте көтерілгенін айтқан сарапшы,  2019 жылы президент тапсырмасымен әйелдер мен балалардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейту талап етілгенін алға тартты. Айта кету керек, 2021 жылы мемлекет басшысының бастамасымен ҚР ІІМ-ге әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелердегі қызметкерлердің санын арттыру, кәмілет жасқа толмағандар мен әйелдерге бағытталған жыныстық сипаттағы қылмыстарды тергейтін тергеуші-әйелдер мамандығын енгізу мәселесі қолға алынған болатын.

Бүгінгі қабылданған заң - құрмет көрсету, адамдардың құқықтары мен еркіндігін қорғауға әрі мемлекетті демократизациялауға бағытталған үлкен қадам. Елімізде 15 сәуір Ғашықтар күні деп бекітілді. Осы күні Президенттің тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға қол қоюы да тегіннен тегін емес. Бүгінгі қабылданған заң нәтижесінде еліміздегі отбасылық қарым-қатынас өзара сыйластық, өзара қабылдау, түсіністік әрі махаббатқа құралады деп сенемін,-дейді зерттеу орталығының қызметкері.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: