Бүгінгі күннің еңбек адамы кімдер?

22 Қыркүйек 2023, 13:16 2465

Еңбек дегеніңіз – қозғалыс. Ойлап қарасаңыз мына өмірде еңбексіз адам болмайды. Егер адам ешқашан еңбектенбесе онда сөзсіз аштан өлер еді. Сондықтан жер бетіндегі тіршілік етіп жүрген адамның барлығын еңбек адамы деп айтса болатындай. Бірақ біздің түсінікте белгілі бір дәрежеге, мансапқа, байлыққа қолы жеткен адамдарды ғана еңбек адамы деп қарайтын секілдіміз. Шын мәнісінде табысы аз болса да сонымен күн көріп жүрген қаншама жандар бар. Олардың да істеп жүргені еңбек. Тек бір адамдарда ми еңбегі, ой еңбегі басым болса, енді біреулері керісінше физикалық тұрғыдан көп қимылдап, күннің ыстығы мен суығына қарамай еңбек етіп жүреді.

Жамбыл облысының Шу ауданына қарасты Бірлік ауылдық округінің халқы ауылдасы Қанат Мұхановты нағыз еңбек адамы деп санайды. Бүгінде жасы қырықты алқымдаған Қанат алғашында  теміржол саласына қызмет істеуді армандаған екен. Алайда уақыт өте келе нағыз табыстың көзі кәсіптік білімде екенін ұғынып, дәнекерлеуші мамандығын игерген. Кейін бұл саланың қыр-сырын жетік меңгерген ол елден тапсырыс қабылдай бастаған. 15 жылдан бері осы кәсіптің нанын жеп келеді.

© Жеке мұрағаттан

Металды электр арқылы дәнекерлеудің еш қиындығы жоқ. Ең бастысы, адамның осы жұмысқа ынтасы болуы қажет. Одан кейін темірді кескенде, дәнекерлегенде еңбек қауіпсіздігіне мән беру – ең бірінші қажет етілетін талап. Дәлдік пен шыдамдылық, не істеп жатқаныңды жүрекпен ұғынатындай сезімталдық керек. Осы кәсібім арқылы айына 400-500 мың теге табамын. Ауылдан бөлек көрші аудандар мен Алматы қаласынан да тапсырыс қабылдаймын. Көбіне тапсырыс Алматы қаласынан түседі. Көлігіме керек-жарағымды артып, қай жерден жұмыс шықса, сол жерге бағасына келісіп кете беремін. Ауылдастарымның да жылу құбырын, қақпасын, сантехникалық жұмыстарын орайы келсе жасап беремін, – дейді Қанат Аязбайұлы.

Еңбектен қашпайтын жандардың қатарына құрылысшыларды да жатқызуға болады. Бұл саладағы мамандар жылдың қай мезгілінде, қандай ауа райы болса да демалмай жұмыс істеп жатады. Солардың арасында Бейсекеев Серік те бар. Еңбекке жастайынан араласқан Серік бүгінде тұрғын үйлердің ішкі әрлеу жұмысымен айналысады.

© Жеке мұрағаттан

Бала кезімнен еңбекке жақын болдым. Ата-анам да отбасында «еңбектің наны тәтті» деген қазақы тәрбиемен өсірді. Ауылдық жерде тұрғандықтан қара жұмыстан қашқан емеспіз. Соның арқасында қазір нанымызды ешкімге жаутаңдамай тауып жүрміз. Мамандығым да құрылысшы. Жалпылама құрылыс деп айтылғанмен оның ішінде де сан түрлі мамандар бар ғой. Бірі үйдің іргетасын құйса, бірі кірпішін қалайды. Енді біреулер шатырын жапса, жылу, су құбырларын жүргізетін мамандар бөлек дегендей. Мен ішкі әрлеу жұмыстарымен айналысамын. Қасымда қолдарынан өнер келетін бірнеше жігіт бар. Үй иесі қандай тапсырыс берсе де ойларынан шығатындай деңгейде істейміз. Бұл жолғы тапсырыс көп қабатты үйлерден түсті. Көп ұзамай тұрғындарға берілетіндіктен қазір қызу жұмыс жүріп жатыр, - дейді астаналық Серік Бейсекеев.

Бір қарағанда жер бетіндегі әрбір адам өзі үшін ғана еңбек етіп жүргендей көрінеді. Алайда сол бір адамның еңбегі тұтас қоғамға үлкен мүмкіндік сыйлайтын кездер болады. Сондай мамандардың бірі қоғамдық көлік жүргізушілері.  Күн сайын мыңдаған тағдырмен бетпебет келетін автобус жүргізушілерінің де еңбегі адал.

© Жеке мұрағаттан

Алматы секілді алып мегаполюсте қоғамдық көлік жүргізу оңай жұмыс емес. Себебі автобустың ішіндегі жүзге жуық жолаушының тағдырына бір ғана жүргізуші жауапты. Әр жолаушының тағдыры, мінезі, көңіл күйі әртүрлі болады. Діттеген жеріне жеткізгенің үшін адамдардың барлығы бірдей алғыс айта бермейді. Бірі ұрысады, бірі ренжиді дегендей. Кейде үлкен кісілер аялдаматан түсіп бара жатқанда алғысын айтып, батасын беріп бара жатады. Сондай сәттерде қоғамға пайдаңның тигенін түсініп, іштей марқайып қаламыз. Қазір техника дамыған, қоғамдық көліктер де бұрынғыдай емес. Халықтың игілі мен жайлылығы үшін қала билігі де жағдай жасап келеді, - дейді қоғамдық көлік жүргізуші  Ықылас Дәулетбаев.

Сондай-ақ дәрігер, мұғалім, фермер, кәсіпкер секілді белгілі бір маман иелерін де еңбек адамы деп айтуға болады. Егер біздің қоғамда еңбек адамдарының еңбегі нәтижесіне қарай әділетті бағаланатын болса, қоғамда үлкен серпіліс болар еді. Мемлекеттік қызметкерлерге де солай жасау керек. Ұрлықсыз-қарлықсыз, пара мен жемқорлықсыз Қазақстан мемлекеті үшін адал еңбек еткен мемлекет қызметкерлеріне еліміздің шұрайлы жерлерінен арнайы мүкаммал, яғни үй-жайымен, қора-қопсысымен тұратын қоныс беру керек. Өз ісіне адалдық танытқан мемлекеттік қызметкерлердің ұрпақтарына мемлекет тарапынан оқуға түсуде, басқа да салаларда әлеуметтік жеңілдіктер жасалуы тиіс. Сонда адамдарда ертеңгі күнге деген сенімділік болады. Жемқорлықтың жолы кесіледі. Қазақстан өзге де өркениетті мемлекеттер тәрізді дамудың дұрыс жолына түсер еді.

Олжас Сәндібек
Бөлісу: