Бүгінде 9 өңірдің 30 жоғары оқу орны апаттан эвакуацияланған азаматтарға қолдау көрсетуде

11 Сәуір, 18:08 701

Бұл туралы тақырыпқа қатысты өткен брифинг барысында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінгі таңда министрлік жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, зардап шеккен халыққа көмек көрсету жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі таңда 9 өңірдің 30 жоғары оқу орны апаттан эвакуацияланған азаматтар үшін қолдау көрсетіп, көмектерін жалғастыруда. Оның ішінде 16 жоғары оқу орнының жатақханаларынан жалпы саны 3820 орын даярланып қойды. Онда 548 адам орналасты. Олардың 228-і мектеп жасындағы балалар болып табылады. Ал резервте тұрған орындардың саны бүгін - 3272. Осы орындарға мұқтаж адамдарды орналастыруға дайын екенімізді айтқым келеді,-деді вице-министр.

Спикер жатақханаларға орналасқан азаматтар негізінен су апатынан зардап шеккен аймақтар Ақтөбе облысы, БҚО және Атырау облысының тұрғындары екенін айтып өтті. Сондай-ақ студент жастар мен ЖОО қызметкерлерінің қатарынан құрылған 5 мыңнан астам волонтер көмек қолдарын созғанын алға тартты.

Олар негізінен гуманитарлық көмектерді үлестіру, тарату, түсіру, бөгеттер жасау үшін құм толтыру сияқты жұмыстарды жасауда. Мәселен, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен  Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері дамбылар жасау үшін 30 мыңға жуық құм толтырған қап әзірлеп үлгерді. ЖОО-лардың педагог-психолог қызметкерлері мен магистранттар қатарынан құрылған 100-ден астам адамнан тұратын топ зардап шеккен аймақтардағы адамдарға көмек көрсетуге дайын екенін айтты. Сондай-ақ мектеп оқушыларының сабақтарын ұйымдастыру үшін де оқу орындары қол үшін беруде. Бүгінгі таңда 150-ден астам оқытушы ерікті ретінде дайындығын білдірді,-деп нақтылады Ешенқұлов.

Вице-министр оқушыларды оңалту үшін арнайы демалыс орындарын ұйымдастыруда жоғары оқу орындары өз дайындықтарын білдіргенін қадап айтты.

«Тұран» университетінің ұйымдастыруымен Алматы облысының Талғар ауданында орналасқан «Тау Тұран» лагерінде оңалту үшін Ақтөбе облысынан келіп жеткен 100 бала орналастырылды,-деп қорытындылады ол.

EL.KZ
Бөлісу: