Бүгін еліміз бойынша орман шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өтуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүгінде Қазақстанда табиғат қорғау мекемелерінде 17 мыңнан астам жұмысшы еңбек етіп жатыр. Оның ішінде, орман отырғызу мен оны қорғау саласындағы мемлекеттік орман күзетінің жұмысы ерекше маңызға ие.
Атаулы күн қарсаңында экология және табиғи ресурстар министрі сала қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Мемлекет басшысының елімізді көгалдандыру бойынша тапсырмаларын орындауда орман саласының мамандары үлкен үлес қосуда. Өз өмірлері қауіп-қатерге төнсе де берекелі қызметтерінің тұғырын құлатпау үшін аянбай тер төгіп жүр.
Құрметті әріптестер, Сіздерге қызметтеріңізге деген адалдық үшін шынайы алғысымды білдіремін, сондай-ақ болашақта да орман шаруашылығын дамытуға барлық күш-жігерлеріңізді жұмсайды деген сенімдемін. Отбасыларыңызға амандық, таусылмайтын дәулет, арылмайтын бақыт, жұмыстарыңызға табыс тілеймін, деп жазылған Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаевтың құттықтауында.