Бүгін – Міржақып Дулатұлының туған күні

25 Қараша 2022, 09:47 3514

Оның атында көшелер, мектептер, туған жерінде мұражай бар, ескерткіш орнатылған

Бүгін қазақ ақыны, жазушы, ағартушы-педагог, Алаш орда үкіметінің белді басшыларының бірі Міржақып Дулатовтың дүниеге келген күні.

Міржақып Дулатов 1885 жылы 25 қарашада Қостанай облысының Жанкелдин ауданында туған. Екі жасында шешеден, он екі жасында әкеден жетім қалған жасөспірімнің кейінгі тәрбие қамқорлығы Асқар дейтін оқыған ағасының мойнында болды. 1978 жылы Торғай қаласындағы екі кластық орыс-қазақ мектебіне түседі де, бес жыл оқып, ауыл мұғалімі деген куәлік алып шығады. Алты-жеті жыл бойы ел ішінде, ауыл мектептерінде бала оқытады.

1904 жылы Омбы қаласына аттанып, өзінің болашақ ұстазы Ахмет Байтұрсыновпен кездеседі. Оған еріп Қарқаралыға барып, ондағы ұлттық демократиялық қозғалысқа белсене араласады. Сол жердегі зиялы топтың өкілі ретінде қазақ конституциялық демократиялық партиясының Оралдағы съезіне қатысады да, соның делегаттары қатарында 1906 жылы Петерборға барады.

1907 жылы Петерборда жалғыз нөмірі ғана шыққан «Серке» газетінде «Жастарға» деген өлеңі басылды. Тұңғыш өлеңдер жинағы 1909 жылы Қазан қаласында «Оян, қазақ!» деген атпен басылып шығады. Қызылжарда сот кеңесінде тілмәштық қызмет атқарып, мұғалімдік қызметін де жалғастырады. Қазақ балаларына орыс тілінен дәріс береді. Сол кезде одан біраз уақыт Мағжан да дәріс алады.

1910 жылы Қазандағы Кәрімовтер баспасынан «Бақытсыз Жамал» романы жарық көреді. А.Байтұрсыновпен бірге қыр өлкесінің ағартушылық-демократиялық бағыттағы тұңғыш бейресми басылымы - «Қазақ» газетінің негізін қалайды. Алаш басшыларымен бірге жаңа құрылыс жағына шығып, қалған өмірін түгелдей туған халқының мәдениетін көркейту мақсатына арнауды көздеген ол аз уақыт «Ақ жол» газетінің редакциясында, одан кейін Семей облысының сот органдарында қызмет атқарған. «Балқия» атты төрт перделі пьеса жазды.

1924 жылы Орынборда екі жылдық «Қирағат кітабы» (хрестоматиялық оқулық), Қызылордада «Есеп құралының» жаңа басылымы жарық көрді. Кеңес үкіметі кезінде екі рет қуғын сүргінге ұшырап, тұтқындалған. 1935 жылы ауыр науқастан қайтыс болған. 1988 жылы ақталған. Оның атында көшелер, мектептер, туған жерінде мұражай бар, ескерткіш орнатылған.

EL.KZ
Бөлісу: