Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Бұл өлең жолдары – қазақ халқының көкірегін оятуға үн қосқан ұлы тұлға Міржақып Дулатұлының шығармашылығынан. Бүгін ұлттық сана-сезімді қалыптастыру жолында аянбай еңбек еткен қайраткеріміздің туған күні. Ол - 1885 жылы дүниеге келіп, ғұмырын елінің азаттығы мен болашағына арнаған қаламгер.
Қамшының сабындай қысқа ғана өмірінде, талай асуларды асып, белестерді бағындырып үлгерген Алаш арысы.
Міржақып Дулатұлы ХХ ғасырдың басындағы күрделі кезеңде ұлт санасын оятқан азаматтардың бірі болды. Сол дәуір қазақ халқы үшін үлкен тарихи сынақтар мен әлеуметтік өзгерістер кезеңі еді. Осы ауыртпалықтарда Алаш қозғалысының көшбасшыларының бірі болған Дулатұлы өз халқына бағыт-бағдар беруді өмірлік мақсаты көрді.
Патша үкіметіне қарсы шыққан қазақ зиялылары ел мүддесін қорғап, халқының санасын оятуға ұмтылды. Басым көпшілігі білімсіз, «қараңғылықта» қалған жұртты еркіндікке шақырып, жаңа өмірге жетелеу оңай болмады. Осылайша, қазақ зиялылары ұйқыдағы елді ояту үшін жарыса үндеу тастай бастады. Мәселен, Ахмет Байтұрсынов «Маса» еңбегін жазса, Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ!» деп ұрандатты. Бұл туындылар отарлық езгінің ауыртпалығын түсіндіріп, елдің рухын жаңғыртуға үлес қосты. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» деген Сұлтанмахмұт Торайғыров та бар. Әлихан Бөкейхановтың өзі патшалық Ресейдің қазақтарды шоқындыру саясатын әшкерелеп, орыс басылымдарында батыл мақалалар жариялады.
Бұл қайраткерлердің еңбектері ұлт азаттығы жолындағы теңдессіз күрестің жарқын мысалы болды десек болады.
Міржақып Дулатұлы – ұлттың ұлы мұраттарына бар ғұмырын арнаған ақын. Ол халық арасында жазушы, журналист, ағартушы және қоғам қайраткері ретінде танымал. Оның шығармашылығы мен өмір жолы ұлттық сананың жаңғыруына, қазақ халқының өзін-өзі тануына және отарлық езгіге қарсы тұруына септігін тигізді.
Өмірбаяны
Міржақып қазіргі Қостанай облысы, Жангелдин ауданындағы Сарықопа ауылында дүниеге келді. Жастайынан білімге құштар болған ол ауыл молдасынан сауат ашып, Торғайдағы орыс-қазақ мектебінде оқыды.
1904 жылы Ахмет Байтұрсыновпен кездесуі оның өміріндегі шешуші сәттердің бірі болды. Бұл кездесу Міржақыпты ұлт мәселелеріне тереңірек түсініп-білуге итермеледі. Ахметтің ықпалымен ол қазақ халқының құқықтары мен бостандығы үшін күреске белсене араласа бастады. Қарқаралы петициясы авторларының бірі болды.
Шығармашылығы
Міржақып Дулатұлы – қазақ әдебиетінде алғаш роман жазған қаламгер. Оның 1910 жылы Уфада жарық көрген «Оян, қазақ!» өлеңдер жинағы ұлт санасын дүр сілкіндіріп, отарлық езгінің ауыртпалығын түсінуге шақырды. Бұл еңбегі үшін патша үкіметі Дулатұлын қуғындап, кітаптың таратылуына тыйым салды. Бірақ шығарманың мазмұны халық арасында жасырын түрде таралып, ұлт-азаттық күреске жаңа серпін берді.
1911 жылы оның «Бақытсыз Жамал» романы жарық көрді. Бұл - қазақ әдебиетіндегі алғашқы роман. Туындыда әйел теңсіздігі, дәстүрлі қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздік мәселелері көрініс тауып, қазақ халқының өмір салты мен тұрмысына жаңа көзқарас ұсынылды.
Сондай-ақ, Міржақып публицист ретінде «Қазақ» газетінде қызмет етіп, сол арқылы ағартушылық ойларын насихаттады. Ол ұлттық тілдің, мәдениеттің және білімнің маңыздылығын ерекше атап өтті.
1913 жылдан бастап Дулатұлы Орынборда тұрақты тұрып, Ахмет Байтұрсыновпен бірге «Қазақ» қоғамдық-саяси газетін шығарды. Газет 1918 жылдың қазанына дейін жарық көрді. 1916 жылы Байтұрсынов және Бөкейхановпен бірге қазақтарды қара жұмысқа алу туралы патша жарлығына қарсы шықты.
1913 жылы Семей қаласында қазақ тарихындағы алғашқы ашаршылыққа көмек қоры – «Жанарды» ұйымдастырды. Сол жылдары Алаш қозғалысын ұйымдастыруға белсенді қатысты, партияның бағдарламасын жазды.
Саяси күрес жолы
Міржақып Дулатұлы әдебиетте ғана емес, саяси аренада да белсенділігімен көзге түсті. Ол Алаш қозғалысының белді мүшесі болып, Алашорда үкіметінің негізін қалаушылардың бірі ретінде танылды. Бұл қозғалыстың мақсаты қазақ халқының тәуелсіз мемлекеттігін орнату еді.
1917 жылғы Ақпан революциясынан соң қазақ зиялылары бірігіп, ұлттық автономия құруға күш салды. Сол кезеңде Міржақып қазақ халқының мүддесін қорғау үшін саяси және идеологиялық күресті жалғастырды.
1922–1926 жылдары Орынбордағы Қазақ халық ағарту институтында оқытушылықпен айналысты. Петропавл мен Семейдегі сот ұйымдарында, Қызылордадағы баспасөз органдарында жұмыс істеді.
Қуғын-сүргін және қайғылы тағдыр
1920-жылдары Кеңес үкіметі қазақ зиялыларына қысым көрсете бастады. Осы кезеңдерде интелегенция өкілдері қуғын-сүргінге ұшырап, қудалана бастады. «Ұлтшыл» деп айыпталып, жазықсыз жаза тартқан Міржақып Дулатұлы бірнеше рет тұтқындалды. 1928 жылы толықтай тұтқындалып, 1935 жылдың 5 қазанында ауырып, Соловки лагерінде қаза тапты.
1988 жылы ол толық ақталып, еңбектері қайта жарық көрді. 1992 жылы сүйегі Торғай даласына қайта жерленді.
Мұрасы
Міржақып Дулатұлының есімі - қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Оның еңбектері мен шығармашылығында көтерген идеялары қазақ халқының тәуелсіздік алуына негіз болды. Тәуелсіздік жылдарында шығармалары қайта басылып, мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытыла бастады.
Міржақып шығармалары арқылы біз қазақ халқының азаттыққа деген ұмтылысын, ұлттық рухының биіктігін және мәңгілікке деген сенімін көре аламыз. Ол қашанда «қазақ рухының шамшырағы» болып қала береді.
Ол – ұлт болашағы үшін аянбай еңбек еткен нағыз қайраткер. Оның өмірі мен еңбектері - қазіргі қазақ жастары үшін үлгі-өнеге. Ұлтқа деген адалдық пен батылдықтың символы.