Бүгін еліміз бойынша аудан және қала әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр

5 Қараша 2023, 09:29 859

Бүгін еліміз бойынша алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімін сайлау өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Kazinform-ге сілтеме жасап. 

Аудан, облыстық маңызы бар қала әкімін сайлауды тиісті аумақтық сайлау комиссиясы мәслихаттың шешімімен белгіленген аудан, облыстық маңызы бар қала әкімін сайлауды өткізетін күнге дейін кемінде 50 күн бұрын тағайындады. 17 облыстың мәслихаттары пилоттық режимде сайлау өткізу үшін 42 аудан мен облыстық маңызы бар 3 қаланың тізбесін бекітті.

Сайлау 5 қарашаға белгіленді. Кандидаттарды тіркеу сайлау комиссиясы бүкіл қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталды және сайлау күніне 25 күн қалғанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталды.

Ал кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталып, сайлау күніне 25 күн қалғанда және сайлау күніне дейінгі күннің жергілікті уақыты бойынша сағат 00.00-де тоқтатылды.

Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көп дауысын жинаған кандидат сайланған әкім болып саналады.

Аумақтық сайлау комиссиялары аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдігіне 164 кандидатты тіркеді. Олардың 69-ын саяси партиялар, ал 95-і өзін-өзі ұсынды.

Тіркелген үміткерлердің орташа жасы — 46,4 жас. Ең жасамыс үміткер Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында — 61 жаста, ең жасы Түркістан облысының Мақтаарал ауданында — 29 жаста.

Үміткерлердің көпшілігі — ер адамдар. Сонымен бірге 10 әйел тіркелген.

Тіркелген кандидаттардың 20,73 пайызы — экономист, 19,51 пайызы — заңгер, 16,46 пайызы — оқытушы, 12,2 пайызы — инженер, 11,59 пайызы — ауыл шаруашылығы маманы және 19,51 пайызы — басқа мамандық өкілдері.

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімінің сайлауындағы орташа бәсеке 3-тен асады.

Ең жоғары бәсеке Жетісу облысының Кербұлақ ауданында — бір орынға 6 кандидат.

Ең төмені Ақмола облысының Шортанды ауданында — бір орынға 2 кандидат.

Асқар Таудай
Бөлісу: