Бүгін Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады

8 Қыркүйек, 08:25 1886

Астана қаласында 2024 жылдың 8-13 қыркүйегі аралығында ең маңызды спорттық іс-шараның бірі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Жалпы ойынның тарихы қандай, елордадағы сайыстар қалай өтеді және спортшылар мен көрермендерді қандай қызықтар күтіп түр? Осы және басқа да сұрақтарға El.kz ақпарат агенттігі жауап береді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тарихы

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорт жарыстары. Жарыстар орталық азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытуға бағытталған.

Алғашқы ойындар 2014, 2016 және 2018 жылдары Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өтті. Ал 2022 жылы Түркияның Изник шаһарында төртінші Дүниежүзілік ойындар ұйымдастырылды.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне кіреді. Жарысқа 2014 жылы – 19 елден 10 спорт түрінен 583 спортшы, 2016 жылы – 62 елден 26 спорт түрінен 1200 спортшы, 2018 жылы – 82 елден 37 спорт түрінен 2000 спортшы, 2022 жылы 102 елден 13 спорт түрінен 3 000 спортшы қатысты.

Көшпенділер ойыны Қазақстанда

2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге берген Қазақстанның өтінімін былтыр қыркүйек айында Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы бірауыздан қолдады. Түркістанда өткен құрылтайда Мемлекет басшысы Көшпенділер ойынының маңызын ерекше атап өткен еді.

Қазақтың тағы бір ерекшелігі – көне дәуірден бері келе жатқан өмір салты. Өзге елдер бізді көшпенділердің ұрпағы ретінде біледі. Бұл да – халқымыздың басты брендінің бірі. Келесі жылы менің шақыруыммен Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл қадам ұлттық спортты дамыта түсуге зор мүмкіндік береді. Сондықтан байрақты бәсекені жоғары деңгейде өткізуіміз керек, - деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елімізде бұл дода Астана қаласында 2024 жылдың 8-13 қыркүйегі аралығында өтеді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жарыс бағдарламасына сәйкес спорттың 20 түрінен медальдар сарапқа салынады. Сонымен қатар спорттың 10 түрі арнайы таныстырылым ретінде көрсетіледі.

Ойындар қандай нысандарда өтеді?

Ойындарды өтізуге арнайы жаңадан ғимараттар салынбайды. 8 қыркүйек күні «Астана Арена» стадионында бәсекенің ашылу салтанаты өтеді. Ал Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз сарайында ұлттық күрес түрлерінен жарыстар, этноауыл аумағында – ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және саятшылық өнер жарыстары, «Думан» кешенінде – дәстүрлі интеллектуалды ойындар өтеді деп жоспарланған.

«Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша жарыстар өткізіледі. «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде ойынның аккредиттеу және жабдықтау орталықтары орналасады.

Ойынның жабылу салтанаты 13 қыркүйек күні «Қазанат» ипподромында өтеді. Қазіргі уақытта «Қазанат» ипподромында қайта жөндеу жұмысстары, «Астана Арена» стадионы мен «Алау» мұз сарайында арнайы құрылыс жұмыстары жүргізліп жатыр.

Туристтер үшін жағдай жасалған

«Қазанат» ипподромы маңында 10 гектарға созылған «Көшпенділер әлемі» этноауылы ашылады. Онда әрбір келуші қазақ халқының және өзге де қатысушы елдердің төл мәдениетімен, салт-дәстүрімен терең таныса алады.

Әр өңір өз киіз үйін тігіп, аймақтың мәдени және туристік ерекшеліктерін кеңінен таныстырады.

Ашық аспан астында Көшпелілер өркениетінің мұражайы, Қолөнершілер қаласы орналасады, «Neo nomads Fest» атты урбанистика фестивалі, ұлттық тағамдар фестивалі, спорттық сайыстар, айтыс және басқа кештер ұйымдастырылады.

Болжамға сәйкес, этноауыл кешені күніне 30 мың келушіні қабылдай алады.

Шетелдік туристер мен жарыс қатысушылары үшін спорт нысандарының жанында орналасқан елорданың үздік 23 қонақ үйі қызмет ұсынады.

Жалпы спорт жарыстары мен мәдени шараларды тамашалауға қазақстандық және шетелдік 100 мыңнан астам турист келеді деп жоспарланған.

Астана әкімдігі ресми сайтының мәліметінше, жарыс кезінде елорда тұрғындары мен қонақтары үшін сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін бірнеше орыннан жүретін арнайы автобустар іске қосылады:

1. «Астана Арена» тұрақ аймағы
2. «Бас мешіт» тұрақ аймағы
3. «ЕХРО» тұрақ аймағы

Елорда тұрғындары мен қонақтарын Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу орындарына қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында 15 қыркүйекті қоса алғанда №18, 37, 303, 323 маршруттардың қозғалыс сызбалары уақытша өзгертілді. Елорда тұрғындары мен қонақтары қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауы қажет, - делінген хабарламада.

Күнбасты салт атты – ойынның басты рәмізі

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары «Ұлы дала дүбірі» ұранымен өтеді. Ондағы логотипте күнбасты салт атты бейнеленген.

Бұл белгі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуші елдердің барлығында қолданылып келеді.

Логотиптің жалпы пішін сұлбасы көшпенділер қолдан жасаған тұрмыстық бұйымының сәндік элементтеріне ұқсайды. Логотип қою қызыл түспен боялған.

Бұл ақық тастың түсі қан мен отты, жүрек пен күнді еске салады әрі адам бойына қуат береді деген сеніммен ұшталады.

Ақық таспен ежелде қамшы, белбеу іспетті бұйымдар әрленген. Ойын атауы мыңжылдықтың басында түркі руналарында қолданылған түпнұсқа шрифтпен жазылған.

Ақпарат дүниежүзіне тарайды

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев байрақты бәсекеге қатысуға 89 елден 2 430 қатысушы ниет білдіргенін мәлімдеді. 

«Оның қатарына жаттықтырушылар да кіреді. 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Медаль саны – 581 дана. V  Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпы жүлде қоры – 250 млн теңге», - деді ол.

Ойындар кезінде барлығы 1 300 волонтер қызмет атқарады. Сондай-ақ БАҚ-қа арналған аккредитацияға жалпы 64 елден 1 185 өтінім келіп түскен. Олардың қатарында CNN, BBC, Euronews, CCTV, Rai, CBC TV, Balkan Trip TV, TRT Türk телеарналары, National Geographic, Agence-France Presse (Канада), Lonely Planet, Nikkei Asia және басқа да ірі БАҚ өкілдері бар. Миллиондаған аудиториясы бар блогерлер де әлемдік жарысты насихаттаудан тыс қалмақ емес.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары барысында медициналық штабта 150 медициналық қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар 23 ветеринар да жарыс алаңында қызмет атқарады. 

Көшпенділер ойындарына шамамен 560 спорттық ат және 45 құс қатысады. 

Ойындардың Ашылу және Жабылу рәсімдері

Ежелгі Олимпиада ойындарынан бері ашылу рәсімі Ойындардың ажырамас бөлігі болып табылады. Ірі халықаралық спорт форумдарының дәстүрлеріне сүйене отырып, Көшпенділер ойындарындағы ең мәнді және жарқын оқиғалар ойындардың ашылу және жабылу рәсімдері болып табылады. Театрландырылған көріністер арқылы қабылдаушы елдің мәдени мұрасы, мемлекет дамуының маңызды белестері, музыкалық-хореографиялық мәдениет жауһарларының қойылымы паш етіледі.

Қатысушы елдердің командалары алфавиттік тәртіп бойынша бөлек топтармен, салтанатты маршпен жүріп өтеді. Ашылу рәсімі міндетті түрде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын және Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының туын өткізу және көтеру тәртібін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын және Дүниежүзілік көшпенділер әнұранын орындауды қамтиды.    

Ойындардың ашылғанын ресми түрде жариялайтын Мемлекет басшысының сөзі Ашылу салтанатының шарықтау шегі болмақ.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу рәсімі «Қазанат» орталық ипподромында өткізілетін көкпар турнирінің финалист командаларының финалдық ойыны бітісімен іле өткізіледі. Қатысушылар шеруі Ойындар кезінде бір отбасындай болып үлгірген спортшылардың ынтымақтастығын білдіретін бір ортақ команда форматында өтеді.

Спорт бағдарламасы

Астана қаласының ең үздік спорт алаңдарында 21 жарыстық  спорт түрінен жарыстар өткізіледі. Олардың қатарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жектен жарыстар, дәстүрлі садақ ату, құс салудың ұлттық түрлері, ат үстіндегі сайыстар, халық ойындары.

Ойындарда 97 медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Толық бағдарламаны мына жерден көруге болады. 

Перизат Саденова
Бөлісу: