Бүгін Әбіш Кекілбайұлының туғанына 85 жыл

6 Желтоқсан, 10:40 398

6 желтоқсан күні қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, ұлы жазушы, мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайұлының туған күні, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол 1939 жылы 6 желтоқсанда Маңғыстау облысының Мырзайыр ауылында дүниеге келген. Өмірінің соңына дейін ұлтына қызмет етіп, халықтың рухани мұрасын байытқан, терең ойлы шығармаларымен қазақ әдебиетінің биік шыңына көтерілді.

Әбіш Кекілбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» 1962 жылы жарық көріп, әдебиет әлеміне жаңаша леп әкелді. Жазушының шығармашылығы қазақ халқының өткені мен бүгінін, келешегін суреттеп, ұлттың рухын, арман-тілегін барынша дәріптеді. Оның «Үркер» және «Елең-алаң» романдары қазақ әдебиетінің асыл мұрасына айналып, қазақ әдебиетінің жаңа кезеңіне жол ашты. Сонымен қатар, «Дала балладалары», «Шыңырау», «Ұйқыдағы арудың оянуы» сияқты туындылары оның терең ойы мен суреткерлік шеберлігін паш етеді.

Жазушының шығармалары – ұлттық сананы ояту, халықтың тарихи тағдырын түсіну жолындағы маңызды қадам. Әбіш Кекілбайұлының әдебиеттегі орны ешқашан күмән тудырмайды. Оның шығармалары мен мақалалары көпшіліктің жүрегіне жол тапты, ұлттық болмысты жаңғыртуда айрықша орын алды.

Әбіш Кекілбайұлы 2015 жылы 11 желтоқсанда Астанада дүниеден озды. Бірақ оның шығармалары, ойлары мен мұрасы бүгін де әр қазақтың жүрегінде сақталып, келешек ұрпаққа жол көрсетіп келеді.

Биыл жазушының туғанына 85 жыл толып отыр. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бұл күнге орай елімізде көптеген шаралар ұйымдастырылып, Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығы мен өмірін еске алуға арналған кештер, көрмелер өтуде. 6 желтоқсан күні «Qazaqstan» және «Abai TV» арналарында жазушыға арналған арнайы бағдарламалар эфирге шығады.

Әбіш Кекілбайұлы – тек жазушы ғана емес, халқымыздың рухани ұстазы. Оның шығармашылығы біздің мәдениетіміз бен тарихымыздың ажырамас бөлігі болып қала береді. Рухына мәңгілік тағзым!

Мадина Асылбекова
Бөлісу: