30 Маусым 2014, 11:53
Мұндай буддизмнiң элементтерiн өлеңде еркiн қолдану тәсiлдерi бүгiнгi қазақ поэзиясында да ұшырасады. Осы арада солардың екеуiн оқырман назарына толығымен ұсына кетсек еш артықтық бола қоймас деп ойлаймыз. Олардың бiрi талантты ақынымыз Есенғали Раушановтың қаламына тиесiлi «Еркiн дүние-ай» деп аталатын өлең:
– Еркiн дүние-ай, ен далам, ерен далам,
Мына ғалам шынымен бөлек ғалам.
Бiр ғұмыр аз мен үшiн, екеуiн бер,
Жоқ, екеу де аз.
Мәңгi өмiр керек маған.
«Дүние – жалған» дейдi жұрт.
О не деген,
Жердi өз басым мәңгiге егеленем.
Сессияға келетiн депутаттай,
Қайта-қайта өмiрге келе берем.
Бұрын да өмiр сүргем мен.
Бұлақ болғам.
Бiр көргеннен керемет ұнап қалған
Сол қыз қайтып соқпады. Ерегесiп
Қаңғып өлдiм, кеттiм де
жыраққа әрман.
Бұрын да өмiр сүргемiн, төбе болғам,
Асқар шыңдар тұратын менен әрман.
Мен ешқашан тау бола алмасымды
Түсiнген соң ұзамай өле қалғам.
Аң патшасы болғанмын,
сауық ерi,
Бақты менi орманның қауым елi.
(Бауырым, сен «бастығым»
мисыз дейсiң,
Дұрыс. Бұрын себебi ол
тауық едi).
Қартайдым деп, жастықтан
жырақпын деп,
Ой, қайтесiң бiреудi сыбап күндеп...
Кетiп бара жатсың ба, оқасы жоқ,
Ертең қайтып келесiң. Бiрақ кiм боп?
Осы өлеңдi Сиддхартха Гаутаманың iзбасарларының бiрi оқи қалса, Будда дананың өз өлеңi ғой деп құлап түсерiне имандай сене беруiңiзге болады.
Ал мынау Алмас Темiрбай деген жас перiнiң «Аруақ» деп аталатын өлеңi:
Он ғасыр бұрын дүниеге мынау
келгенмiн,
Оңтайын тауып, ойран сап
жауды жеңгенмiн.
Бас уәзiр жатқан он алты
қанат ордаға
Басымды имей, баса көктеп те
енгенмiн.
Үш қырлы оқты заулатып
бұхар садақтан,
Қылыштың жүзiн қып-қызыл
қанға жалатқам.
Дөнен қымыздың қуаты желiк бiтiрiп,
Дұшпанның бетiн құбыла жаққа
қаратқам.
Айғырдың тоқпақ жалындай
– түктi жүрегiм,
Атанның шоқпар санындай
– мықты бiлегiм.
Қырық жыл қырғын келсе де сынбас,
сөгiлмес
Қазақтың қырық қабырғасының
бiрi едiм.
Қарыны жуан хандардың iшiн
жарғанмын,
Үстiнде тұрып есiк пен төрдей
тарланның.
Қаңғыған оқтай қарғысы тиiп бiреудiң,
Ит-құсқа жем боп,
ит өлген жерде қалғанмын.
Бәрiне куә – мына тау, өзен,
мына аңғар,
Сенбейтiндерiң сұраңдар,
содан сұраңдар.
... Кәнизак едi ол кезде анау сары қыз,
Көзiне оның көрiнбейiншi... Күнәм бар.
Осы өлеңдердi оқи отырып, өткен мен бүгiндi, бүгiн мен ертеңдi, қас-қағым мен мәңгiлiктi, алып пен ұсақты, көк пен жердi, теңiз бен тамшыны, қысқасы дүниеде бардың бәр-бәрiн өзара байланыстыра отырып, зерделегiсi келетiн буддизмнiң құдiретiн танығандай боласың.
Бiздiңше, әлемдегi барлық дiн атаулының үндейтiнi тек жақсылық болып табылады. Олай болса, әдебиетшiлерiмiзлiң анау теңiзiнен басқа түгi жоқ ұсақ аралдарда отырып-ақ мықты атанған Жапон елi мен мына iргедегi адам басы миллиардтан асса да бiрлiгiн шайқалтпай ұйып отырған Қытай мемлекетiнiң қалыптасуына зор үлес қосқан осы буддизмге де бiр сәт болсын зер салып қойғандары дұрыс-ау деймiз.
Ал жырға байланысты жоғарыда айтқан болжамымызды қабылдау, қабылдамау, ол ендi тағы да айтамыз, әр оқырманның өз жан қалауы мен пайым-түсiнiгiндегi шаруа.
Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»